Түркістан облысында тас ғасырының тұрғындары бар. Жарыққа жарымайды, өркениет, мәдениет дегенді айтпай-ақ қояйын, ауруханасы жоқ ауыл ол. Төңкеріс деп аталады. Оқушылары каникулға елден үш ай ерте шыққан. Өйткені онлайн оқыған жоқ олар, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Төңкеріс Жарты төбе ауылдық округіне қарайды. Үш мыңдай тұрғын бар. Тұрғындар ең алдымен көшелердегі электр желісін жаңарту қажет, дейді. Себебі өткен ғасырдың 60-шы жылдары тартылған желілер әбден тозған. Бағаналар қисайып, құлаудың әзер алдында тұр.
ӘБДІҒАППАР ОРАЗАЛИЕВ, ТӨҢКЕРІС АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
«Жаңбыр жауса, қар жауса, жел тұрса өшеді. Электрик келеді де шыға алмаймыз дейді. Амалдап біреу, ағаш тіреп қойған, столбылар нашар жағдайда тұр».
Электр бағаналарын әркім шамасы келгенше өз бетінше орнатып, желілерді тартып алған. Алайда, ол жел тұрса болғаны, сөніп қала береді, дейді. Тоқ қайта-қайта үзеле бергендіктен, үйдегі тұрмыстық техникалар жиі істен шығатын көрінеді. Жұрт несиеге алған мұздатқыш пен теледидарларын жыл өтпей жатып, жаңартуға мәжбүр.
ӘБДІҒАНИ АНАРБАЕВ, ЖАРТЫ ТӨБЕ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: «Мына столбыларға 86 млн теңге бөлінді деп былтыр айтылған. Ойбай, күзде басталады құдай қаласа деген. Ол күзде өтті. Міне биыл да 6 7 ай кетті. Білмеймін, қашан не қалатынын. Ақыр біреу жарым токқа түсіп, өлім күтіп отырмыз ба?».
Жұрт ауылда мәдени ошақтың болғанын қалап отыр. Түрлі үйірмелер жұмыс істесе, жастар өнерге бет бұрар ма еді дейді. Қала берді, басы ауырып, балтыры сыздаған жандарды емдейтін орталықтың да ашылғанын армандайды. Осы мәселелердің бәрін қағаз бетіне түсіріп, облыс әкіміне дейін хат та жолдапты. Бірақ, жауабы көңіл көншітпеген.
ӘБДІҒАНИ АНАРБАЕВ, ЖАРТЫ ТӨБЕ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: «Хатта былай дейді, Түркістанның бөлінуіне президенттің тапсырмасы бойынша барлық қаржы сол жаққа жұмсалады, ал, мәдениет үйі, емхана, көшелердегі асфальт бәрі тоқтатылады дейді. Ол қай сасқаны? Халықты алдай беруге болмайды ғой. Ауылдың әкімі бар».
Ауылдағы ағайынның аманатын ауыл әкімі жақсы біліп отыр. Бірақ, барлық мәселе қаржыға келіп тірелетінін ескерсек, кезең-кезеңімен іске асады, дейді.
АБАЙ БАШИРОВ, ЖАРТЫ ТӨБЕ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ: Столбылар мен трансформаторлардың ауыстыру мәселесі бойынша АПЗ жасалып, ПСД өткізіліп, 86 млн теңгеге проект жасалынған. Бұл жерде тағы үш городской типтік трансформаторлар да ауыстырылады.
Төңкерісте интернеттің де жайы мәз емес. Кешегі қашықтықтан оқыту кезінде оқушылар қатты қиналыпты. Сабаққа онлайн қатыса алмай, қыр жағалап кеткендері өз алдына, кейбірі туған туыстың үйлеріне барып оқыған. Қорыта айтқанда, бұл проблема кеше басталған жоқ. Ұзақ жылдардан бері шешілмей келеді. Сондықтан, ауыл тұрғындары енді тілшілерден көмек сұраудан басқа амалымыз қалмады дейді.
https://www.youtube.com/watch?v=AQlkA81qeXc