“Жасыл ел” студенттік құрылыс және еңбек жасақтары жобасы - бұл жыл сайын жүзеге асырылып келе жатқан жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған үздік жобалардың бірі.
Биыл Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 16-шы еңбек маусымы бастау алды.
2017, 2018, 2019 жылдардағы квотаға сәйкес 975 адам жұмыспен қамтылған. Аталған жобаның жастар арасындағы сұранысы мен қызығушылықтары ескеріліп, алдағы 3 жылға квота 1200 адамға дейін ұлғайды.
Жобаға 14-29 жас аралығындағы жастар 3 санат бойынша жұмыс жасайды:
- Көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларынан шыққан 14-17 жас аралығындағы балалар;
- 17-22 жас аралығындағы жоо мен колледждер студенттері;
- 18-29 жас аралығындағы жұмыссыз азаматтар.
Жұмыс кестесі:
14-17 жас аралығындағы жастар кәмелеттік жасқа толмағандықтан, ҚР Еңбек кодексіне сәйкес, денсаулықтарына зиян тигізбейтін, ауыр емес, күніне 4 сағаттан артық емес жұмысқа жұмылдырылады. Балалар елорда саябақтарында, өз мектептерінің ауласын көгалдандыруға, мектепке қарасты аймақтарды тазалау жұмыстарын атқарады.
17-22 жас аралығындағы жастар “Астана ЗеленСтрой” компаниясымен бірлесіп, қала саябақтарының көгалдануына үлес қосуда.
Кәмелеттен асқан жастар еңбек кестесіне сәйкес күніне 8 сағат жұмыс жасайды. Олар құрылыс нысандарына да жұмылдырылған. Онда мамандардың көмекшілері, әртүрлі жұмысшы ретінде қызмет етеді.
Жастар өздері жұмыс істейтін орыннан жалақы алса, «Жасыл ел» жобасы қосымша 35 мың теңге көлемінде сыйақы тағайындайды. Бұған қоса, отандық компания шығарған арнайы экипировка (бейсболка, ақ футболка, спорт киімі) беріледі.
Әрбір жаспен келісімшарт жасалып, онда көрсетілгендей қауіпсіздік талаптары міндетті түрде сақталады.
Жоба сұранысқа ие болғандықтан жұмыс 10 маусым күні басталды. Енді 10 шілдеге дейін 1000-ға жуық жас жұмыс істейді.
Карантинге байланысты жұмыс талаптары біраз өзгерді. Санитарлық нормалар мен қауіпсіздік сақтау мақсатында жастардың бір жерде шоғырланып жұмыс жасауына жол берілмейді, жастардың ара қашықтықты сақтай отырып жұмыс істеуі, барлық жастардың бетперде мен қолғап киюі қадағалануда.