Түркістан облысында үш күнде 4 мыңға жуық жүргізуші жол ережесін бұзған
Түркістан облысында үш күнде 4 мыңға жуық жүргізуші жол ережесін бұзған
ашық дереккөзі
Түркістан облысында жол-қауіпсіздігі ережелерін 4 мыңға жуық жүргізуші бұзған. Жол ережесін бұзу жәйттері үш күндік «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталған, деп хабарлайды NewsRoom+ тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап
Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру, жол-көлік оқиғаларын және апаттарды азайтуға бағытталған рейдтер ұйымдастырылуда. Осы мақсатта өткізілген шарада 75 қоғамдық көлік жүргізушісінің ереже бұзғанын анықтаған.
Тәртіп сақшылары көлік құралын мас халде басқару бойынша 32 жайтты тіркеген. Ал, жылдамдықты арттырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке 217 жүргізушіні тартылған. Қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығу бойынша 25 , маневр жасау ережелерін бұзушылардың 156 жәйті және бағдаршамның тыйым салынған дабылынан өту бойынша 55 дерек анықталған.
Сондай-ақ, көлік құралдарын басқару кезінде ұялы телефондарды пайдаланғаны үшін 369 жүргізуші жазаланған және 754 қауіпсіздік белдіктерін пайдаланбағандар айқындалған. Оған қоса, 87 жүргізуші жаяу жүргіншінің жүрісіне басымдық бермегені үшін және 605 жаяу жүргінші жол жүру ережесін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған.
Сонымен қатар, көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған 253 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. «Рейдтік іс-шара барысында патрульдік полиция қызметкерлері автокөлікті заңсыз жабдықтаудың 25 жайтын және техбайқаудан өтпеген 113 деректі, көлік құралын рейс алдындағы тексеру мен медициналық тексеруден өтпеген 6 жайтын, 14 заңсыз жолаушы тасымалдау дерегін анықтады.
Одан бөлек, Түркістан облысы ПД жергілікті полиция қызметі полицейлері «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және қатысушылар арасында жолда жүру қауіпсіздігі бойынша сауаттылығын арттыру бойынша түсіндірме әңгіме жүргізіп, ЖҚЕ жазылған ескертпе қағаздары таратылды» делінген хабарламада.