«Қазақтың тілін, домбырасын үйренгім келеді»: Отан алдындағы борышын өтеген алғашқы афроқазақ кім
"Қазақтың тілін, домбырасын үйренгім келеді": Отан алдындағы борышын өтеген алғашқы афроқазақ кім
ашық дереккөзі
Майкл Мкпо – Қазақстан Республикасында отан алдындағы борышын өтеген алғашқы афроқазақ. Былтыр әскерге аттанған ол, таяуда отбасына оралды. Сарбаздар сапында қызмет еткен қара баланың жауынгерлік өмірі қалай өтті? Ата-анасынан жырақта өткен бір жылда мемлекеттік тілді меңгеруіне кім себепкер болды? Өнерге жаны жақын жігіттің отандық шоу-бизнеске келетіні рас па? Аралас некеге қатысты не дейді? Бұл туралы NewsRoom+ тілшісі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Алматыда туып-өскен қара бала біздің елдегі әскери борышын өтеген алғашқы афро-қазақ. Таяуда отбасына оралды.
Майклдың нағашы жұртында қазақтың қаны бар. Анасы орыс. Әскери борышын өтеуіне әжесінің әңгімесі әсер еткен болу керек.
"Әжем менің әскерге барғанымды қалады. Біздің отбасымызда әскери адам аз. Сондықтан мені жібергісі келді. Мен уәде бердім де, сол сөзімде тұрдым. Әскерде менің алматылық екеніме ешкім сенбеді. Құжаттарымды көрсеттім". - дейді өзі.
Майкл әскердегі алғашқы 6 айын Жетігенде, соңғы 6 айын Шығыс Қазақстанда өтеген. Осы уақыт аралығында Майклдың мемлекеттік тілге деген қызығушылығы оянды.
"Бәрі қазақша сөйледі. Мен де үйрене бастадым. Толық жаттап алған жоқпын. Бірақ ептеп түсіне бастадым. Әлі де қазақша жаттап алсам деген ниет бар", деді ол.
Әскери борышын өтеп келген Майкл шаңырақ құруға ниетті. Сүйіктісінің ұлтына қарамаймын дейді.
"Егер мейірімді, жандүниесі таза, жақсы қыз жолықса, оның ұлтына, дініне қарамаймын", - деді қара бала.
АҚШ-та нәсіларалық алалау өзекті мәселе болып тұр. Ал, Майкл біздің елде осындай келеңсіздікті басынан өтерген бе?
"Мен дәл ондайды басымнан өткерген жоқпын. Бірақ мені алғаш көрген адам міндетті түрде таңғала қарайды. Негр деп те атайды. Жаныма келіп сұрайды. Мен ондайға үйреніп кеткенмін. Ешнәрсеқдемеймін", - деді Майкл.
Майкл қолы боста музыка тыңдайды. Шығармашылыққа жақын.
"Мен видеодизейнермін. Болашақта мүмкін блогер болармын. Түсірілімге қатысқым келеді. Музыкаға жақынмын. Рэп айтамын. Гитарада ойнаймын. Қазақтың домбырасын да үйреніп алғым келеді", - деді ол.
Сондықтан қара бала алдағы уақытта шоу-бизнес өкілі атанып жатса таңғалмаңыз.