Науаи мен Абай
Науаи мен Абай
ашық дереккөзі
Адамзат ақыл-ой қазынасының інжу-маржаны болып саналатын түркі даналарының мәңгілік мұралары алыс ғасырлар қойнауынан желі тартқан тоғанақты керуеннің қоңырау үнін біздің заманымызға еміс-еміс жеткізуімен ұрпақ жадысын оятып жаңғырта түсетіндей. Тоныкөк, Йолығтегін жыраудан кейін сан ғасырдан соң қайсар рухты жауынгер жұрттың жорық жырларын сол замандағы озық араб-парсы өлеңінің лирикалық иірімімен жарыстырып, мазмұн мен түрін байытып, нәзік бедер сіңіріп, түркінің жаңа дәуірдегі классикалық поэзиясы етіп жаңаша жасақтап, тарихта бұрын-соңды болмаған көркемдік белеске шығарған дарабоз ақын – Әлішер Науаи.
Түркі тілін тұғырына қондырған тұлға
Әлемге әйгілі шайыр, өзбек халқының сүйікті перзенті, ғұлама ойшыл Әлішер Науаи түркі тілінің орасан бай мүмкіндігін әдебиеттің түрлі жанрларында толық жарқыратып ашуымен руханиятта нақышты қолтаңбасымен ерекшеленеді. Оның шығармашылығы арқылы түркі тілінің абыройы аспандап, әлемдік өнер мен білім бұлағына айналған іргелі тілдермен иық тірестіріп, жаңа тынысы ашылып, классикалық әдебиеттің таңғажайып жауһар бай мұрасын тудыруға мүмкіндік табады.
Әлішер Науаи сөз өнерінің біртуар шебері ғана емес, дана билеуші, саяси қайраткер, ғұлама ғалым, ұлы ойшыл, қылқалам шебері, дарынды музыкант болды. Әмір Сұлтан Хұсейін Байқараның сарайында мөр сақтаушы (мухрдар) лауазымына бекітілген ол уәзір лауазымында жүргенде Гират өлкесін абаттандырып, ғажайып ғимараттар, мешіт-медреселер, кітапханалар, аурухана, бау-бақшалар салдырып, құснихат өнерімен шайырлардың жауһар жырларын жазып таратуға, ілім-білімді серпінді дамытуға ерекше мән беріп, өзін білікті мемлекет қайраткері ретінде танытады. Байқараға қарсы шыққан бүлікшілерді дипломатиялық жолдармен бағындырып, қарсыласқан кейбір жауларды қарумен ойсырата жеңіп отырады. Бұл қырынан қарағанда, ол Білге қағанға кеңесшілік еткен дана Тоныкөк пен Қорқыт атаға ұқсас сырлы тұлға. Оның Қорқыт ата туралы тебірене баға беруі сондықтан болар. Данышпанның "Хамсаны", әсіресе сол циклге енетін "Ескендір қорғаны" поэмасын Әмір Темір әулетіне үлгі ету үшін жазып, әділетті билеушінің бейнесін сомдап, кейінгі буынға ғибрат аларлық нұсқаулық ретінде жырлағаны анық.
Әлішер Науаидың ұстаз пірі һәм досы ұлы шайыр Жәми оның "Хамса" жазып жатқанынан хабардар болып, шабытына дем беріп, былай деп бағалап батасын береді:
Өзіңмен еселесіп, теңдесер кім,
Биікке түркі тілін сен көтердің.
Аузыңа қаратасың парсы, арабты,
Аралар атақ-даңқың шартарапты.
Сол заманда әлемдік әдебиетте жетекші орында болған араб-парсы тілінің ықпалынан түркі тілін құтқарып, оны ғылым мен білімнің, өнер мен мәдениеттің құралы ету жолындағы күрес ұзақ ғасырларға жалғасады. Ежелгі түркі әдебиетінің көрнекті өкілдерінің біразы соңына араб-парсы тілінде мұра қалдырса, келесі топтағылар қостілді қаламгерлер болған. Ал данышпан Әлішер Науаи ана тілін шексіз сүйген, оны бөтен тілдердің әсерінен қызғыштай қорғаған, тіл тазалығы жолында аянбай майдан ашқан табанды күрескер, теңдессіз ұлы тұлға болғандықтан оның рухына бүгінгі барша түркі халықтары қарыздар деп білеміз.
Ғұлама өзінің "Мухәкәмәтул-луғәтәи" ("Екі тіл туралы пікір") деген әйгілі шығармасында: "Мен түркі сөздері жайында ойлануға қол жеткізгенімде, менің көз алдыма он сегіз мың ғаламнан артық дүние көрінді... Өнерсіз түркінің әлсіз жігіттері оңайлыққа бола, парсы тілінде өлең жазуға бой алдырыпты. Ал ақиқатында, егер адам жақсылап ой таразысына салып қараса, түркі тілінде соншалықты мүмкіндік, сөз әлемінде көркемдік табылады, сондықтан да мұнымен ой жеткізу, шешен сөйлеу, өлең жасау, ұйқас құрастырудың оңай әрі тиімді болары анық. Ендеше түркі тілінің мүмкіншілігі осыншалықты дәлелдермен белгілі болды. Енді осы халық ішінен пайда болған құрметті жандары өз ойларын өз тілдері бола тұра өзге тілде айтпаса болар еді және іске асырмаса игі еді. Және басқа тілмен айтуға қабілеттері болса да, өз тілдерімен көбірек айтып, басқа тілмен азырақ айтса еді. Егер әсірелеп айтса, екі тілмен бірдей айтса болар еді" (Аударма Т.Қыдырдікі) деп жазған асыл аманаты қазір де күн тәртібінен түскен жоқ.
Негізінен Құлағудан Шахрухқа дейінгі билеушілер заманында әлемге әйгілі болып гүлденген парсы поэзиясының қуатты ықпалынан түркі тілді поэзия біртіндеп арылудың оң жолына түсе бастайды. Саккаки, Хайдар, Хорезми, Атаи, Мукими, Якини, Эмири, Гедаи сынды ақындар шығып, ана тілінде жырлар жазғанымен оларды парсы классиктерімен теңестіруге әлі ертерек еді. Әлішер Науаидың пікірінше, түркі тілін ұстарту бағытында Лутфи мен сұлтан Захираддин Мұхаммед Бабурдың үлесі елеулі зор болған.
Дарабоз данышпан Әлішер Науаи ана тілінің жауһарларын өзінің шығармаларында жарқыратып қолданып, түрк тілін ғылым мен білімнің, классикалық әдебиет пен өнердің тіліне айналдыруға берік іргетас қалап, тарихи-рухани соны бетбұрыс жасаған аймаңдай тұлға болады. Бұл алғы шарттың қоғамдық-саяси негізін сол дәуірде билікке келген Сұлтан Хұсейін Байқара түбегейлі қалыптастырып, "түрк ақындар өз ана тілінде өлең жазуға" шайырларға шабыт сыйлап, жігерлендіріп талап етеді. Осы жайында Әлішер Науаи "Мен түрк халқының сөз өнерінің шеберлері парсы тілінің сөз тіркестері мен қалыптасқан тілдік қолданысының орынсыз шабулынан құтылып, өз ана тілінің қазынасы мен сөз өрнектерін еркін қолдануға ұлы хақысы бар екенін дәлелдедім", – деп жазады. Ол өзі бастаған рухани күрестің түбегейлі жеңіске жететінін көрегендікпен сезініп "Ескендірдің қорғаны" атты әйгілі хамсасында "Төгілді жыр тасқыны тартып арна, мұхиттай түркі сөзі таусылар ма" деп шаттана жыр толғайды.
Түркі тілін төрге оздырған шоқтығы биік шайырдың мұрасы тамырлас жұрттан шыққан ойшылдар мен қаламгерлердің баршасына айрықша ықпал етті. Түрк тілін тұғырына қондыруға талап қылып, "тілде бірлік" деп ұран көтерген Исмаил Гаспыралы шайырдың шығармаларын Қырым татарлары тіліне тәржімалап, жариялады. Науаидің "Мухәкәмәтул-луғәтәин" ("Екі тіл туралы пікір") атты еңбегін 1882 жылы Бахшасарайда бастырып шығарды. Ол 1895 жылы жариялаған "Түркістан ғұламасы" атты еңбегінде де Науаиға айрықша тоқталды. "Тәржіман" газетінің 1908 жылы жарық көрген 5 санында "Біздің көне әдеби тіліміздің бір ұшы Әлішер Науаидің көркем тілі болса, бүкіл диалектілеріміздің жиынтығынан құралған қазіргі тіліміз де екінші ұшы болып саналды" деп, ортақ түркі тілінің бастауын Науаиға апарып тіреді.
Шығыстың жарық жұлдызы атанған Шоқан Уәлиханов Науаи еңбектеріне алғаш баға бергендердің қатарында. Ол 1857 жылы Қашғария жайлы жазған очеркінде "Қара түнекті халықтың жалғыз сәулесі Әлішер Науаидің шығармалары болды" деп жазды. Сол сияқты қазақ даласына білім нәрін сепкен көрнекті ағартушы Ыбырайдың да Науаи жырларымен сусындап өскенін байқаймыз:
Сәуірде көтерілер рахмет туы,
Көрінер көк жүзінде қаз бен қуы.
Көктен жаңбыр, таулардан
сулар жүріп,
Жайылар жер жүзіне қардың суы...
Сәуірде сорғалайды нөсер көктен,
Дүние жасанады жас өрнекпен.
Жетеді түйдек бұлттар топ-тобымен,
Дамылсыз дабыл қағып көк төрінен...
Алғашқы шумақтың авторы Ыбырай Алтынсарин болса, келесі жолдардың иесі Әлішер Науаи. Тамшыдай ұқсас таңсық көріністер, сезім қылын шертетін жауһар өрнектер. Ғасырлар мен кеңістіктер бөліп тұрғанымен ұлы Науаидың дәстүрі кейінгі буынға үзіліп қалмай жалғасқанының бұл да бір белгісі тәрізді. Шығыс әдебиетінің білгірі академик М.Әуезовтің "ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің Абай, Шәңгерей, Шәді, Шортанбай, Ақан сияқты ірі ақындарын еске алсақ – бәрінен де Әлішер ғазалдарының, дастандарының айқын сарындарын сезіп отырамыз", деп шиыратыны сондықтан. Бұл орайда, әлбетте Науаиды пір тұтып, ұлымен үндесіп, оны жаңа ғасырдың үнімен жаңаша сөйлеткен Абай екені баршаға белгілі.
Науаи мен Абай үндестігі
Алыстан мұнартып көрінген заңғар таулардың асқар беліне көтеріліп көз жүгірткен жан алып таулардың сілемі бір-бірімен иық тірестіре тізбектеліп, біртұтас тау жоталарының жүйесін құрағанын байқай алады. Шығыс жұлдыздарының өнернамалық тағылым да сол алып таулардың құж-құж тарау салалары секілді іліктес дүние. Бұл тұрғыдан келгенде Науаи мен Абай әлемі өмір сүрген дәуірі мен дәурені алшақ болғанымен мазмұны мәндес, арқауы ажырамас, еншілес егіз ұғымдарға айналып кеткен деуге толық негіз бар. XIX ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген ұлы ақын Абайға әсіресе ғұлама Науаи шығармашылығының ықпалы мол болғанын зерттеушілер көрсетеді. Ол туралы кемеңгер Мұхтар Әуезов "Оған тілдері түсінікті болған соң Низами, Науаи көп әсер етті... Өзіне ең жақын ұстаз етіп классик Науаи шығармаларынан үлгі іздейді", деп топшылауы көп сырды аңғартқандай. Бұл жөнінде кезінде профессор Ғ.Сағдидің зерттеулерінде нақты салыстырулар арқылы тереңірек жазылды.
Шығыс жұлдыздарымен дәстүрдегі сабақтастық, сарындастық, ұқсас көркем бейнелеу машығы, ішкі иірімдер, орайлас ой-толқындар қоры Абай шығармаларының алтын өзегі екендігін зерттеушілер пайымдаған. Әсіресе Әлішер Науаидың адам портретін шебер кескіндеуі, сұлу қыздың ажарын айшықты мүсіндеуі, кісінің ішкі иіріміндегі нәзік құбылыстарды аңғарымпаздықпен аша білуі, адам көңіл-күйіндегі өзгерістерді табиғат көріністерімен өре суреттеуі ақын Абайға бала кезінен сіңісті болғаны анық. Науаи – нәзік лирик, адам жанының шытырман жықпылы мен табиғат ана сұлулығының шебер жыршысы. Айталық, жылдың төрт мезгілін ерекше бояумен, айрықша әуезбен Науаидай жырлай алған ақын сирек. Абайдың да жыл мезгілдерін жандандырып, әрбір мезгілдің бояу-нілін сезіммен өрнектеп, құлпыртып жырлауы қазақ поэзиясында қайталанбайтын жауһар құбылысқа саналады.
Табиғаттың көктемде бусанып оянуын ақындар адам жанының жасаруымен, тіршіліктің қайта түлеуімен шендестіріп ыстық сезіммен жырлайтыны белгілі. Көктемгі гүлге қонған шық, аспан өрнегі кемпірқосақ, сылдыраған балбұлақ, қауыз жарған жауқазын, жыл құстарының сазды әуені жүректі тебірентіп, шабытқа түрткі болатыны аян.
Таңғы шық мөлдіресе меруерттей,
Қызғалдақ қаптап шығар
жанып өрттей.
Құстар да келіп-қайтқан жаз қонағы,
Бірге ұшып, бірге қонып
мәз болады.
Мұндайда шалқымайтын жан
бола ма,
Халық та сайран салар кең далада.
Көрнекті ақын Н.Айтұлы аударып, Халықаралық Түркі академиясы тарапынан жарияланған Әлішер Науаидың "Хамса" жинағындағы осы шумақтар оқырманға Абайдың "Жазғытұры қалмайды қыстың сызы" өлеңін еске түсірері хақ. Ұлы Абайдың "Жазғытұры", "Желсіз түнде жарық ай", "Күз", "Қыс" секілді табиғат лирикалары даладағы жыл маусымының пейзаж өрнектерін нәзік нақыспен суреттеуімен аса бағалы. "Ақ киімді, денелі, ақсақалды, соқыр мылқау, танымас, тірі жанды", деп Абай жырлаған "кәрі құданың" суретін Науаи былайша салады:
Сең жүріп,
судың беті құрсанды мұз,
Түспейді таспен оны ұрсаң бір із...
Түстікке қыс патшасы ашты жорық,
Шүйілді боран – әскер тас түнеріп.
Көзіңді аштырмайды қылау батып,
Сояудай кірпігіңе қырау қатып.
Ұлылар үндестігі туралы сөз қозғап, Науаи мен Абай мұрасындағы сабақтастықты салыстыра қарағанда біз Ескендір тақырыбына тоқтамай өте алмаймыз. Бұл ретте түркі ақындарынан Низами, Науаи, кейіннен Абай "Ескендірнаме" тақырыбына қалам қуатын сынағаны мәлім. Әлбетте, бұл тақырыпта үш ақынның да ерекшелігі, өзіндік көзқарасы, көркем шешімі болған. Әзербайжанның көрнекті ақыны Низами Генжауи тарихтан сыр шертіп Ескендірді Иранның патша әулетінің аристократиялық тарихынан ажыратып, "Иунан (грек) жері Файлақусқа мекен болып, Македония нағыз отаны болған" екенін айғақтап, мұсылмандар арасында аңыз-лақапқа айналған өмірбаянын бұлтартпас деректерге сүйеніп шындыққа жақындатқан болса, Әлішер Науаи түрік тілінде жазған шығармасында:
"Низами айтып кеткен
түп-тамырын,
Жәми де солай дейді жұртқа бүгін.
Файлақұс Ескендірді ұлым деді,
Мысқалдай өгейлігі білінбеді" деп оның тегі туралы түрлі дабыралы лақаптарға нүкте қойғандай болады. Абай да осы дәстүрге иек артады.
Бұл орайда айрықша айта кетерлік жайт, ұлы шайырлардың жырларына арқау болған Ескендір мен Құранда айтылатын Ескендір Зұлқарнайын – екі басқа адам. Тәпсіртанушы ғұламалар мен ислам тарихшылары Зұлқарнайнды "Қос мүйізді" деген мағынаға келетін, шығыс пен батысқа үкім жүргізген, Қызырға шәкірт болған, Ибраһим пайғамбар дәуірінде өмір сүрген тақуа тұлға деп санайды. Ал македониялық Ескендірдің Қызырға емес, Аристотельге шәкірт болған жаулаушы екені һәм пайғамбар сипатты тақуа тұлға болмағаны баршаға белгілі. Сондықтан Низами, Науаи жырлаған "Ескендір" – Құран кейіпкері емес, бар болғаны халық аңсаған әділетті патша бейнесі. Кезінде әл-Фараби "Қайырымды қала тұрғындары" трактатында елді дана хакім, философ билесе әділет орнайды деген тұжырымдаманы ұсынған болса, Әлішер Науаи жырлаған Ескендір де ғалымдарды қасынан бір елі тастамайтын, өзі де даналықтың биігіне жеткен патша. Ақын былай дейді: "Оң жақта Платон мен тұр Сократ, сол жақта Арасту мен Гиппократ".
Ұлы ақындардың мұрасын жалғаған Абайдың көркемдік мұраты – шығыс ақындары жырлағандай әділетті патша бейнесін жарқыратып сомдап жұртқа үлгі ету емес, керісінше, іші тар, мақтан сүйгіш, көрсеқызар, араны ашылған қанішер билеушінің боямасыз кейіп-кеспірін көрсетіп, жұртты атаққұмарлық, қызғаншақтық, даңғойлық нәпсіден жиіркендіру арқылы оқырманға ой салу. Ақын көзқарасының тобықтай түйіні былай: "Мықтымын деп мақтанба, ақыл білсең, Мықты болсаң, өзіңнің нәпсіңді жең!" Әйткенмен тойымсыз, тежеусіз, жеміт патшаның жанына ерген ақылшысы алдыңғы ұстаздары жырлағандай хакім Аристотель болуы Абай поэмасының көркемдік шешімі түбірімен өзгеріске ұшырағанымен, ақын дәстүр аясынан тым ұзап кетпегенін тағы да танытады: "Жолдасы Аристотель ақылы мол, лақтырған сүйекті алады сол... Сол күнде Аристотель жеке дара, ақыл сөзін тыңдамай бар ма шара?" Ақын өзінің аяулы әкесі Құнанбай қажыны "Ескендір, Темір, Шыңғыстай, мұсылманда атақты", деп жырлауы да шығыстық дәстүрге Абайдың беріктігін көрсеткендей.
Әу баста шағатай әдебиетінің әсерімен қолына қалам ұстаған Абай уақыт өте келе өзі медет сұраған шоқтығы биік шығыс шайырларының шоғырына барып қосылды. Сол арқылы Науаи тұғырына қондырған түркі тілі де түрлене түсті. Ұлылар үндестігі де осында болса керек.
Автор: Дархан ҚЫДЫРӘЛІ
Дереккөз: Egemen.kz порталынан