Бұған дейін коронавирус жұқтырғандардың сырқаты жеңіл жүргендер стационарға жатқызылатын, енді олар тек медицина қызметкерлерінің бақылауында үй жағдайында болады.
Бұл туралы дәрігер инфекционист Тамара Утағанова онлайн брифинг барысында айтты.
Дәрігер коронавирус жұқтырғандарды емдеуге қатысты хаттамаға өзгерістер енгізіліп жатқанын айтты.
Коронавирус инфекциясы тарағалы бері үшінші ай болып қалды. Бүгінгі таңда клиникалық диагностикалық және емдеу хаттамасының 9 редакциясы өтіп жатыр. Бұл тәжірибе жинақтаудың арқасында жасалып отыр. Хаттамаға көптеген өзгеріс енгізілді. Бастапқыда халықаралық классификация бойынша ауруларды қалай тіркейтініміз анықталды. Қарқынды терапия және реанимация бөлімшесінде науқастарды қалай қабылдау керектігі жүргізілді, - дейді ол.
Сөз арасында ол қазір көпшілікті симптомы жоқ және ауруы жеңіл жүріп жатқан науқастарға қатысты ем-шаралар алаңдататынын айтты.
Елімізде коронавирус инфекциясы алғаш тіркелген кезде науқастардың барлығы ауруханаға жатқызылатын. Дәрігерлер оларды ауруханада бақылап, аурудың белгісі болмаса да, дәрі-дәрмекпен емдейтін. Қазір тәжірибе көрсеткендей, егер аурудың ешқандай белгісі болмаса немесе аурудың жеңіл ағымы болса, ем-шаралар жүргізудің қажеті жоқ. Науқастың бойында өзге де қосалқы аурулары болған жағдайда ғана ем жүргізіледі. Оның ішінде қант диабеті немесе басқа да ағза ауруы болған кезде, - дейді дәрігер.
Оның айтуынша, стационарлық ем қабылданбайтын болғандықтан, ауру белгісі жоқ науқастар үйде оқшауланады және санитариялық мекеме қызметкерлерінің бақылауында болады.
Бақылау жұмыстары қашықтан жүргізіледі. Күніне екі рет қоңырау шалып және 3 күнде бір рет видео қоңырау шалып жағдайын біліп отырады. Егер науқастың бойында қандай да бір белгілер пайда болып жатса, оларға стационарға жолдама беріледі, - дейді Тамара Утағанова
Baq.kz