Прагматизм: басым әрекет – үстем мемлекет
Прагматизм: басым әрекет – үстем мемлекет
ашық дереккөзі
Сонымен қатар 2020 жылдың басында бар әлемді шарпыған COVID-19 індетінің таралуы тек жекелеген мемлекеттерге ғана емес, жалпы әлемдік экономика мен нарыққа жасалған үлкен соққы болды.
Прагматизм термині қазіргі заманауи АҚШ-та кеңінен қолданылады және ықпалға ие.
Алғаш рет аталған терминді ХІХ ғасырдың 70 жылдарында айналымға америкалық философ Чарлз Пирс енгізген. Білім шындықты меңгерудің құралы, шындықты өзгертуге болады, нақты тәжірибе бәрінен маңызды, ереже мен ұстаным екінші орында, сенім мен түсініктің рас-жалғандығы оның әкелген нақты игілігіне байланысты, ақиқат идеяның табысты түрі, нәтижеге ие ететін, мақсатқа жеткізетін сана қозғалысы сынды негізгі философиялық ұстанымдардан тұратын прагматизм ұғымы қазіргі жаһандану дәуірінде АҚШ-тан өзге де мемлекеттер аумағында қолданысқа ене бастады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің 2017 жылы жариялаған "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласында қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше маңызды бағытын атап өтті. Соның бірі осы прагматизм еді. Елбасының сөзінше, "Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді". Осы орайда прагматизм мәдениетке тараптас ұғым екенін тілге тиек еткен жөн. Расында, қазіргі қоғам кең тыныс ашып, еркіндік пен мәдениетке, саф өнер мен ғылым-білімге жол ашып келеді. Қазіргі адамның көзқарасы мен ұстанымы, құндылығы жетілген.
Адамзат ғарышты бағындырып, Айдың арғы бетіне қонып, зеңгір көкке қарай ұмтылып, 5G жасап жатқан дәуірде бұл заңды дүние, солай болуы керек. Сондықтан Елбасының сөзімен айтқанда ұстамдылық, қанағатшылдық, қарапайымдылық пен үнемділік прагматиктердің бойында болатын басты атаулы қасиеттер. Қазіргі заман пафосты, артық сәнқойлық пен дүрдараздықты, ерек сән-салтанатты қажет етпейді. Себебі прагматизм теориясының өзінде айтылғандай білім шындықты меңгерудің құралы, ал ақиқатта көзі жеткен сайын адам мына өмірдің артық қызығы мен той-думанынан алшақтай беретін сыңайлы. Осы орайда хакім Абайдың "Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда" деген сөзі ойға оралады.
Нұрсұлтан Әбішұлы дәл осы прагматизге түсінік бергенде "Нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану – мінез-құлықтың прагматизмі деген осы.Бұл – заманауи әлемдегі бірден-бір табысты үлгі. Ұлт немесе жеке адам нақты бір межеге бет түзеп, соған мақсатты түрде ұмтылмаса, ертең іске аспақ түгілі, елді құрдымға бастайтын популистік идеологиялар пайда болады", - деген ойын ортаға салады. Адам баласының мінез-құлқындағы қас жауы саналатын жалқаулық, көрсеқызарлық, іштарлық деген қасиеттер тұтас бір ұлттың ертеңін көлегейлемеуі тиіс. Себебі еңбекке деген құштарлық болмаса, адамның өмірі абсурдқа толады, нақты мақсат болмаса, ол өзін-өзі жоғалтады, ал өзін-өзі жоғалтқан адам Елбасы айтқандай популистік идеологиялардың көрігін қыздырып, ұлт тағдырын ойламақ түгілі, өзіне өзі ие бола алмайтын деңгейге жетеді. Бұл әрине қауіпті. Кез келген адамның ішкі эгосының бары анық.
Оны бәріміз сезіп, түйсінеміз. Бірақ өз ұлтыңның дамуы мен өркениетке үлес қосуына келгенде бұл эголарды тізгіндей алу да өнер. Себебі ұлт мәселесінде тек өз мүддесі мен қара басының қамы үшін ғана еңбектенетіндерден қауіптісі жоқ. Әр нәрсеге өзіңді толық арна деген қағида жоқ, әлбетте. Себебі ол олай болмайды. Өмірдің адам жасап берген моральдарға еш уақытта бағынбағанын бізге тарлан тарих бұған дейін дәлелдеп берді. "Халқымыз ғасырлар бойы туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап, оның байлығын үнемді, әрі орынды жұмсайтын теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанып келді.Тек өткен ғасырдың ортасында, небәрі бірнеше жыл ішінде миллиондаған гектар даламыз аяусыз жыртылды. Бағзы замандардан бері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келген ұлттық прагматизм санаулы жылда адам танымастай өзгеріп, ас та төк ысырапшылдыққа ұласты. Соның кесірінен, Жер-Ана жаратылғаннан бері шөбінің басы тұлпарлардың тұяғымен ғана тапталған даланың барлық құнары құрдымға кетті. Түгін тартсаң майы шығатын мыңдаған гектар миялы жерлеріміз экологиялық апат аймақтарына, Арал теңізі аңқасы кепкен қу медиен шөлге айналды", - дейді Елбасы сол тарихтан сыр шерткенде. Расында, қазақ халқының "Бір тал кессең, он тал ек" деген даналығынан-ақ табиғатқа, Жер Анаға деген құрметі басым болғаны айқын көрінеді. Қазақ ежелден-ақ кең байтақ жерді мекен қылып, малын өрісте бағып, отар-отар жылқысының кең даланың төсіне тұяғы тиіп, қора-қора қойын жайлаудың көк майса даласына емін-еркін бағып үйренген халық өз азығын табиғаттан алып жатқанын саналы түрде ұғынып, оған құрмет көрсетті. Төрт түлік малдың өзіне атау қойып, малға қатысты ырым-тыйымы, обалы мен сауабын ажырата алған халықтың бойынан осынау ізгі қасиеттері бір демде өшіп кетеді деуге сену қиын. Десе де соңғы жылдары елімізде экологиялық апат аймақтары көбейе бастады, соңғы жаңалықтарды ашып қалсаң қазақтың жеті қазынаның біріне теңеген итті аяусыз ұрып-соққандар, жан-жануарға әлімжеттік көрсетіп, қала көшелерін қоқым-қоқысқа толтыратындар көбейіп кетті. Бұл анау айтқандай бас ауыртатын мәселе емес деп түйсінетіндер де бар. Бірақ тамшыдан көл жиналатынын ескерген абзал.
Сонымен қатар 2020 жылдың басында бар әлемді шарпыған COVID-19 індетінің таралуы тек жекелеген мемлекеттерге ғана емес, жалпы әлемдік экономика мен нарыққа жасалған үлкен соққы болды. Одан бұрын миллиондаған адам қауіпті індеттен көз жұмды. Бұл індеттің беті әлі де қайтқан жоқ. Қазақстанда күн сайын жұқтырып, тіркеліп жатқандар саны артып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев және Үкімет басшылығымен әлі де ел азаматтарын сақтандыру шаралары жүргізіліп жатыр. Күн сайын ақпарат көздері, министрліктер мен құзырлы органдар, ақ халатты жандар дабыл қағуда. Бұл тұрғыда да прагматизмнің мәні зор. Қазір "бұл өтірік, індет жоқ, қасақана жасалып жатыр" деген жоғарыда аталған популистік жалған желеулердің салдарынан күніне жүздеген адам вирус жұқтырып, емханаға төсегіне таңылды. Мәселе – әр адамның жеке жауапкершілігінде. Егер бір азамат медициналық маска тағып, екіншісі тақпаса, онда сақтанған адамға да, өзіне де зиян тиеді. Бұл індет тек ауру белгілерін ғана емес, адамның өміріне қауіп төндіретін болғандықтан, елдегі әрбір азамат қоғам алдында орасан зор жауапкершілік арқалайтынын ескеруі міндет. Бар-жоғы сақтану, қоғамдық ортаға көп шықпау, шыға қалсаңыз медициналық маска тағу, антисептик жағу, қолды жиі жуу. Бұл анау айтқандай күрделі іс емес, әр адам күнделікті өмірде жасайтын санитария нормалары. Бірақ осындай жағдайда, ел азаматтарының өмірі шешілетін мәселеде неге біз қасаң көзқарас танытамыз?
Осы орайда Елбасының ұлттық прагматизмнің санаулы жылдарда осылай адам танымастай өзгергеніне қатысты айтқан ойының жаны бар. Себебі ұлттың кез келген нәрседе өзіне тән болмысы мен көзқарасы бар. Заманына қарай адамы демекші, олардың уақыттың көшіне ілесетіні, ұмытылатыны және мәңгілік сақталатын өміршең құндылықтары болады. Осылардың басын ашып, ара-тұра өткенге қарап, ой түзегеннің артығы жоқ.
Сөз соңын Н.Назарбаевтың "Енді айқын, түсінікті және болашаққа жіті көз тіккен бағдарлар керек. Адамның да, тұтас ұлттың да нақты мақсатқа жетуін көздейтін осындай бағдарлар ғана дамудың көгіне темірқазық бола алады. Ең бастысы, олар елдің мүмкіндіктері мен шама-шарқын мұқият ескеруге тиіс.Яғни, реализм мен прагматизм ғана таяу онжылдықтардың ұраны болуға жарайды", - деген сөзімен қорытындылғамыз келеді. Елдің шама-шарқына қарай лайықталған прагматизм, реализм алдағы дамудың темірқазығының біріне айналуы керек. Отыз елдің қатарына кіреміз деп дабыл қағамыз, бірақ қаншама мәселе шешусіз жатыр деген сөздер де айтылып жүр. Мақсат – ірі, әрекет – таяз. Бірақ, ұлы мақсат қойылса, оған жетуде белгілі бір жандар ғана емес, тұтас қоғам болып еңбек ету қажет. Ол жоғарыда аталған әр адамның жекелеген жауапкершілігінен басталады. Себебі, қоғамды бір ғана емес жалпы адамдар тобы құрайды, олар әр түрлі. Бірақ ұлттық мүдде жалғыз ғана, ол – даму. Адам дамыса ғана, қоғам мен мемлекет үстем бола бермек.
Дереккөз: Zakon.kz порталынан