Қазақстанда тұрғын-үй саясаты нарықтық экономика заңдарына сай жүргізіле бастады. Бұрынғыдай тегін үй жоқ. Үкімет те бұдан былай баспана кезегіне тұрған халықты "төлем қабілеті бар" және "төлем қабілеті жоқ" деп екі санатпен ғана қарастыратынын қайта-қайта айтып келеді. Бұның барлығы сатылы жүйемен жүзеге асады. Ал әкімдіктегі баспана кезегі "Отбасы банкіне" берілсе, адамдар "қалтасына қарай пәтер алу жүйесін" толығымен түсінетін сияқты.
Тұрғын-үй саясаты қалай өзгерді?
Бұрын мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік сала мамандары мен жас отбасыларға арналған тұрғын үй бағдарламалары жиі қолға алынатын. Сол кезде республика бойынша біраз адам баспаналы болды, пәтерді нарықтық бағадан екі-үш есе арзанға алуға мүмкіндік жасалды. Дегенмен, осы іспетті бағдарламалардың кемшілігі де анық байқалды. Біріншіден, құрылыстың сапасы сын көтермеді. Екіншіден, мемлекеттік бағдарламамен таратылған пәтерді жалға беру жағдайлары көбейді. Демек, арзан пәтерді қалталы азаматтар да алды. Ал мүгедектер, жетімдер және тағы басқа әлеуметтік жағдайы төмен адамдар әкімдікке сүйретіліп, баспана кезегіне тұрды. Үкіметтен тегін пәтер алуды армандады. Себебі өз ақшасы тамағынан артылмайды. Германияның тәжірибесі негізінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ашылған соң халық баспанаға ақша жинауды үйрене бастады. Үкімет те тұрғын үй саясатын өзгертуге кірісті. Бүгінде мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік сала мамандары мен жас отбасыларға арналған мемлекеттік бағдарламалар келмеске кетті. Тұрғын үй жинақтарына басымдық жасалып отыр. "Үй алғың келсе, ақша жина!" қағидаты кеңінен насихатталады. Ал ақша жинауға жағдайы жоқ адамдар үшін жалдамалы баспана беру шаралары қолға алынды. Осылайша, "төлем қабілеті бар" және "төлем қабілеті жоқ" деген санаттар пайда болды. Бұдан былай баспанаға мұқтаж адамдарды тек солай ғана екіге бөліп қарастырады.Сатылы жүйенің ерекшелігі қандай?
Сонымен, "төлем қабілеті бар" және "төлем қабілеті жоқ" адамдарға баспана қалай беріледі? Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі сатылы жүйені әзірлеп қойды. Оған сәйкес, әрбір адамға табысына қарай баспана ұсынылады. Былайша айтқанда, әркім қалтасына қарай пәтер алады. Сатылы жүйенің бағыттары:- отбасының әр мүшесіне санағанда ай сайынғы табыс 1 күнкөріс шегінен немесе 31,2 мың теңгеден аспаса, онда жалдамалы пәтер беріледі;
- отбасының әрбір мүшесіне шаққанда кіріс 2 күнкөріс шегі немесе 62,4 мың теңгені құраса, "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша жылдық 2 процентпен ипотека алуға болады;
- отбасының әрбір мүшесіне санағанда ай сайынғы табыс 3 күнкөріс шегінен - 96 мың 700 теңгеден аспаса, жаңа "5-10-20" бағдарламасына қатысуға болады.