Тағы да шошқа туралы
Тағы да шошқа туралы
ашық дереккөзі
Былтыр жазда отбасыммен Түркияның Анталиясында демалдым. "All inclusive" болғандықтан, бес жұлдызды, көп қабатты, теңіз жағалауында орналасқан қонақ үйге келушілердің 80 пайыздан астамын Ресейдің азаматтары құрады.
Шектеусіз тамақ, таңғы 10нан таңғы 6 ға дейін судай аққан арақ-шарап орекеңдерді бірінші қызықтыратын "май шелпек".
Қонақ үйдің жағдайы да орекендердің сұранысына бейімделген: тамақ мәзірі, алкогольдің түр-түрі, шайға арналған үлкен кружкалар (кішкене стакандарын мүлдем алып тастаған), бассейн алаңдары мен жағажайда орысша музыка...
Түріктер иіліп қызмет жасап, барлық жағдайын жасауға тырысып жатыр. Араққа тойып алған біраз еркектер "Россия" деген жазуы бар футболка мен кепка киіп алған. "Россия мықты держава. Мыналар бізден корыққан соң осылай жалпақтайды" деп даурығады кейбіреуі.
Сол "батыр" күйеулерін алдына салып айдайтын әйелдердің кейбіреуі отельдің администраторларына айқайлап, өз тәртіптерін орнатып жүр.
"Осындай сервис болушы ма еді" деп сынап жүргендер аз емес. Солардың бірінен "Неге Ресейде дем алмайсыңдар? Теңіз де бар, демалыс орындары да бар" деп жұмсартып сұрап та көрдім. Олардың жағдайы нашар екендігін айтады.
Патриотизм туралы, елді дамыту туралы жиі айтамыз. Енді ойлап көріңізші. Мына жағдайда кім патриот, кім еліне пайда әкеліп жатыр?
"Россия ұлы держава" деп ұрандап жүрген орекең бе, әлде бір қонақ үйдің территориясында уақытша "орыс анклавын" жасап қойып, олардың барлық еркеліктеріне көніп, Ресейдің ақшасын сорып жатқан түріктер ме?
Біз сондайға дайынбыз ба? Көз алдыма Ақтаудың жағасында салынған тура осындай қонақ үйді ойша елестетіп көрдім. Жан-жақтан туристер келіп жатыр делік. Орекеңдер қаптап бірінші жеткен. Барлық жағдай жасалған. Арақ-шарабы да, тамағы төгіліп жатыр. Ақша да көптеп түсіп жатыр. Бір күндері отель қожайындарының бірінің "патриотизмі" оянып кетіп, "бұл - қазақ жері, сондықтан тек қазақша музыка қосыңдар" деп жар салады. Сыртта отырған діндар біреу "отельдің жұмысы харам, ол алкоголь сатып, аздырып жатыр" деп пәтуа шығарады. Тағы басқа кінәрат тапқыштар шығады. Сөйтіп түбінде жаңағы Отель банкрот болады.
Түріктер де ұлтжанды. Олар да мұсылман. Бірақ рационалды ойлайды. Тіпті күнделікті діни жораларын атқарып жатқан мешіттерін де туристік нысандар ретінде пайдаланып, ақша табады.
Әртүрлі нәсіл, ұлт және діннің өкілдері болып табылатын турист еркектер мен әйелдер тиісті ережені сақтай отырып, мешіттердің ішін аралап, суретке түсіріп, таныса алады. Осы кезде мешіттің екінші бұрышында мұсылмандар намаз оқып та жатады. Осы арқылы қаржылық пайда да көреді. Ең бастысы, Ислам дінінің ашық, толерантты, прогрессивті екендігін көрсетіп, мұсылмандық өмір салтын жақсы қырынан таныстырады. Ал біздің мешіттер сондай қадамға дайын ба? Әдемі сәулетті мешіттер бізде де жоқ емес.
Бізде шошқа такырыбы хит болып кетті. Барлығы жазды жамырап. Діндарлар да пәтуаларын шығарып үлгерді. Алайда жоғарыда айтқан рационалды позиция жетпей тұр.
Біріншіден, біз діни мемлекет емеспіз. Зайырлы елміз. Билік те зайырлы. Ал шешімді билік қабылдайды. Діни ұйымдар саясатқа, мемлекет ісіне араласуға құқылы емес.
Мүфтият шошқа еті харам екендігі жөнінде ғана шешім қабылдай алады. Ең бастысы бұл шешім мұсылман қауымдастығы үшін ғана күші бар және шешімнің заңдық күші жоқ, ақыл-кеңес түрінде беріледі.
Екіншіден, қоғам өкілдері, кәсіпкерлер қандай шаруамен айналысатынын өздері шешеді. Ең бастысы заң талаптарына сай болса болды.
Үшіншіден, шошқа асырау деген оның етін жаппай халыққа жегізгелі отыр деген сөз емес. Оны көрші орыс пен қытайға сатсақ та экономикалық тиімді болар еді. Рационалды ойлау керек. "Харамды сатуға да болмайды" деп діни түсінікпен жүрсек, бұл тізімге шошқа етінен басқа мыңдаған тауарлар мен қызметтер кіріп кетеді. Мұндай жағдайда даму жөнінде ойлаудың да қажеті жоқ.
Екіұшты ойлап, шешім шығарудан арылу керек бізге. Ақпараттық қоғамда өмір сүріп жатсақ та, сыни ойлау жетпей тұр әлі де.
Әлеуметтанушы Талғат Жақияновтың фейсбук парақшасынан алынды
Фото: Caravan.kz порталынан