Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
17 маусым, 2020 / NewsRoom / Жаңалықтар

Комиссия келе жатыр, мектепті жылы деп айтыңдар

Комиссия келе жатыр, мектепті жылы деп айтыңдар

Комиссия келе жатыр, мектепті жылы деп айтыңдар
ашық дереккөзі
Күрделі жөндеу жұмыстарына қарсымыз! Қызылорда облысында тұтастай бір ауыл тұрғындары жергілікті биліктен жаңа мектеп салып беруін талап етіп отыр. Шиелі ауданындағы Ақмая ауылынының мектебі сонау 1983 жылы халық игілігіне берілген екен. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген білім ордасының бүгінде қабырғалары ажырап, іргетасы сөгіле бастаған. Кейбір тұрғындар тіптен бұл көне мектепке балаларын жіберуге қорқады екен. Жөндеу жұмысын жасап жатқан мердігер компанияның құрылысшылары болса мектептің кейбір жерлерін бұзуға қорқып отыр екен. Бұл туралы  NewsRoom+ тілшісі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды. Бұл - Қызылорда облысы Шиелі ауданына қарасты Ақмая ауылындағы №49 мектептегі күрделі жөндеу жұмыстары. Өздеріңіз байқап тұрғандай қабырғадағы барлық сылақ түсірілген. Алайда құрылысшылар мына қабырғаны түртуге жүрексініп отыр. Себебі, сылақ түссе ар жағынан күннің көзі көрінеді екен". Осы мектепте 41 жыл оқушыларға тәлім-тәрбие берген Бақыткүл Оразымбетова білім ордасының жағдайын жақсы біледі. Ұстаздың айтуынша, бұл жердің қабырғасы қаланғаннан-ақ сапасыз болған. Көп ұзамай мектептің жертөлесінен су шығып, іргетасы жарылып кетіпті. БАҚЫТГҮЛ ОРАЗЫМБЕТОВА, АҚМАЯ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: "Төбеде асхананың жоғарғы жағында бізде акт залы бар. Сол жерде балаларды жинап, іс-шара өткізейік десек ол жерге көп адамды жинауға қорқамыз. Өйткені балалар қозғалған сайын асхананың төбесінен құм саулап, топырақ тұсіп тұрады". Тұрғындар бұл көне мектептегі кабинеттердің ешқашан жылымайтынын да жасырмады. Ал, ауданнан тексеру келгенде оқушылар сырт киімдерін шешіп отыруға мәжбүрлейді екен. ИНДИРА ӘБДУМАУЛЕНОВА, АҚМАЯ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: "Неге олар 6 сағат бойы мұздай жерде отыруы керек? Үйге ауырып келеді. Неге сабақтан қалды дейді. Қалай қалмайды, ауырса. Емдеп, уколдарын салып жібересін. Екі аптадан кейін қайта ауырады. Ойбай, комиссия келе жатыр деп кофтамен отырғызып қояды. Жылы деп айтыңдар дейді. Барлығы шешіп, курткаларын мына жаққа әкеп қояды. Комиссия кеткенше дейін сол мұздайда отырады". Ақмаялықтардың мектепте жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарына көңілдері толмай отыр. Жоба-сметалық құжаттамада белгісіз себептермен жертөле жоқ. Суға толы ғимараттың астын кептіріп, іргетасын бекітпесе не жөндеу болады деген тұрғындар қырық жылға жуық тарихы бар бұл мектептің болашағы жоқ дейді. "Мынадай мектепте, мектептің асты осындай болып тұрады. Жылда осындай су. Балалар қалай оқиды?". Ауыл әкімі болса күрделі жөндеу жұмыстарына мектептің жертөлесі кірмей қалғанын растады. Бірақ, себебін түсіндіре алмады. ЖАРҚЫНБЕК АРЫСЛАНОВ, АҚМАЯ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ: "Ал оны, оған....заявка берілмеген ғой оған. Жертөлеге заказ берілмеген шығар. Содан кейін кірмеген шығар". Бір қызығы әкім мырза осы уақытқа дейін жөндеу жұмыстарының сметалық құжаттамасын қолына ұстап та көрмепті. ЖАРҚЫНБЕК АРЫСЛАНОВ, АҚМАЯ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ: "Осы ақша бөлініп, күрделі жөндеу басталғалы бері мен осы мектеп директорына, осындағы қызметкерлерінен сметаны сұратып, өзім де шамалы оқып, біліп халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізейін деп. Қазір бірнеше рет сұрадым, әлі берген жоқ сметаның құжаттарын". Мәселенің мән-жайын білмек болып жөндеу жұмыстарына тапсырыс берген Шиелі аудандық білім бөліміне бардық. ЫНТЫМАҚ МӘДИЕВ, ШИЕЛІ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: "Мен де бұл себепті сұрақты именно мектеп директорына қойған болатынмын. Директор қазір еңбек демалысында. Ол осы подвалда су бар екенін, осыны жөндеу кезінде неге сметаға қоспадың дегенде ол айтты, біз сыздырған кезде ұмытып кеттік деді ма, нақты өзі айта алмады. Негізі осыны қосу керек еді". Осылайша басшылардың бірі сметалық құжатты көрмедім десе, екіншісі күрделі жөндеуге не себепті жертөле кірмегендігін дөп басып айта алмады. Сол себепті 2600 халқы, оның ішінде 600-ге жуық оқушылары бар Ақмая ауылының тұрғындары жаңа оқу жылында мұндай сапасыз, көне мектепке балаларын бергілері жоқ .