Реклама
weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

⁠Қазақстанда театр билеттері қымбаттады: қай өңірде баға көбірек өсті?

Қазақстанда театр билеттерінің бағасы бір жылда айтарлықтай өсті. 2026 жылғы қаңтар–тамыз қорытындысы бойынша театр қызметтерінің құны 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 41,5%-ға қымбаттаған. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйеніп, хабарлайды Newsroom.kz.

⁠Қазақстанда театр билеттері қымбаттады: қай өңірде баға көбірек өсті?
Фото: Ашық деректер көзі

Өткен жылдың сәйкес кезеңінде театр қызметтерінің бағасы жылдық есеппен 7,2%-ға өскен. Осылайша, биылғы қымбаттау қарқыны өткен жылмен салыстырғанда бірнеше есе жоғары болды.

Бағаның өсуі бірден болған жоқ. Ұлттық статистика бюросының айлық деректеріне сәйкес, театр қызметтері 2025 жылғы қазанда 10,1%-ға, қарашада 6,9%-ға, желтоқсанда 8,1%-ға қымбаттаған. Ал 2026 жылғы мамырда баға тағы 5,8%-ға өскен.

Алматыда театр қызметтері көбірек қымбаттаған

Өңірлік көрсеткіштерге сәйкес, қымбаттау елдің 20 өңірінің 16-сында тіркелген. Ең жоғары өсім Алматы қаласында байқалып, театр қызметтерінің бағасы 74,1%-ға артқан.

Астанада театрға бару құны бір жылда 25,7%-ға өскен. Ақтөбе облысында баға 37,5%-ға, Павлодар облысында 30%-ға, Абай облысында 29,2%-ға қымбаттаған.

Сонымен қатар Қазақстандағы театр билеттерінің орташа бағасы көршілес кейбір елдермен салыстырғанда төмен болып отыр. Ашық деректер мен театрлардың ресми сайттарындағы ақпарат бойынша, 2026 жылғы қыркүйекте Қазақстанда спектакльге билет құны орта есеппен 3 мың теңге шамасында.

Қазақстанда театрлар саны көбейіп келеді

Бағаның өсуімен қатар елдегі театрлар желісі де кеңейіп келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында Қазақстанда 85 театр жұмыс істеген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 11 театрға көп. 

Театрлар санының артуына Алматыдағы жаңа мәдени мекемелердің ашылуы әсер еткен. Сонымен бірге жеке театр студияларының саны да көбейіп келеді.

2025 жылғы дерек бойынша, елдегі театрлардың басым бөлігі мемлекеттік мекемелерге тиесілі. Жеке театрлардың саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда артқан.

Өткен маусымда 2,8 млн-нан астам көрермен театрға барған

Қазақстандық театрлар 2025–2026 жылдардағы маусымды белсенді өткізді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, маусым барысында ел театрларында 16 мың қойылым көрсетіліп, 410 жаңа спектакльдің премьерасы өтті. Қойылымдарды 2 832 835 көрермен тамашалаған. 

Сонымен қатар театр ұжымдары 539 гастроль ұйымдастырып, 191 фестивальге қатысты. Оның ішінде гастрольдік сапарлар Қазақстан өңірлерін ғана емес, шетелдік сахналарды да қамтыды.

Жаңа маусымда да театрлар репертуарын жаңартып, халықаралық жобалар мен гастрольдерді жалғастырып жатыр. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың бірінші жартысында қазақстандық театрлар 407 гастрольдік сапар өткізген, оның 13-і шетелде ұйымдастырылған. 

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→