Марафон 2026 жылдың қыркүйегінен 2027 жылдың сәуіріне дейін қазақ және орыс тіліндегі екі лигада өтеді. Жоба жеті бағытты қамтиды: 6–10 сынып оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, педагогтер, отбасылық командалар, мемлекеттік қызметшілер және барлық азаматтар қатыса алатын «Зияткер» бағыты.
Қатысушыларға 330 шығармадан тұратын арнайы қор ұсынылған. Оның 165-і қазақ тілінде, 165-і орыс тілінде. Тізімге отандық авторлардың туындылары, әлем классикасы, заманауи шығармалар, «100 кітап» тізіміне енген еңбектер, әлемдік бестселлерлер және Нобель сыйлығының лауреаттары шығармалары енгізілген.
Негізгі оқу кезеңі 2027 жылдың наурызына дейін жалғасады. Осы уақытта қатысушылар оқыған кітаптары бойынша жеке кабинетіне қысқаша пікір жариялайды. Ал наурыз–сәуір айларында қорытынды тестілеу мен зияткерлік квиздер өткізіледі.
Марафон қорытындысы бойынша өңірлік кезеңнің жеңімпаздарына ақшалай сыйлық беріледі. Бірінші орынға — 600 мың, екінші орынға — 450 мың, үшінші орынға — 300 мың теңге қарастырылған. Финалистер дипломдармен және электронды сертификаттармен марапатталады.
Қатысуға өтінім мен жоба ережелері reading-nation.kz сайтында жарияланған. Марафонның ресми платформасында қатысушылардың оқу барысын бақылау және ұпай жинау жүйесі де қарастырылған: бір кітап үшін 250 ұпай, бейнепікір үшін қосымша 50 ұпай беріледі.