Еске салайық, 3 тамызда Алматының Алмалы аудандық соты Александра Алёхованы ҚР Қылмыстық кодексінің 147-бабының 5-бөлігі бойынша кінәлі деп таныған. Аталған бап масс-медиада жеке құпияны құрайтын дербес деректерді заңсыз таратуға қатысты.
Сот журналисті үш жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарып, жазаны орындауды бес жылға — 2031 жылға дейін кейінге қалдырған. Сонымен қатар оған үш жыл мерзімге журналистік қызметпен айналысуға тыйым салынған.
Үкімге екі тарап та апелляциялық шағым түсірген. Алматы прокуратурасы жазаны жеңілдетуді сұрап отыр. Қадағалау органы журналистің бұрын сотталмағанын, алғаш рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын, кәмелетке толмаған баласының бар екенін және оның тұрғылықты жері бойынша оң сипатталғанын ескерген.
Ал қорғау тарапы Алёхованың кінәсіз екенін алға тартып отыр. Адвокаттардың айтуынша, журналист жариялаған мәліметтер материалдар жарық көрген кезде ашық дереккөздерде, соның ішінде сот құжаттарында болған.
Қылмыстық іс журналистің 2022–2024 жылдары Алматыдағы «Кенжехан» базарындағы жалға алушылар мен әкімшілік арасындағы жанжалға қатысты жарияланымдарынан кейін қозғалған.
Апелляциялық соттың шешімі тараптардың шағымдары бойынша қабылданады.