Жәбірленушінің айтуынша, күйеуі бұған дейін де оған қол көтерген. Алайда әйел оны бірнеше рет кешірген. Бұл жолы жүкті болғандықтан, өз өмірі мен құрсағындағы сәбиінің қауіпсіздігіне алаңдап, үйден кетуге мәжбүр болған.
Әйелдің сөзінше, күйеуі оны жұдырықпен басынан бірнеше рет ұрған. Оқиға кезінде олардың балалары да үйде болған.
Ерлі-зайыпты үш баланы тәрбиелеп отыр. «Екі балам да ұйықтамаған екен. Қорыққаннан ұйықтап жатқан болып жатыпты. Сол кезде оның мені аямайтынын түсіндім», – деді әйел.
Жәбірленуші полицияға арыз берген. Оның айтуынша, күйеуін бастапқыда полиция қызметкерлері босатып жіберген. Кейін әйелдің талабынан соң ер адам қайта ұсталған.
Құқық қорғау органдары оқиғаға қатысты әзірге толық түсініктеме берген жоқ. Қазіргі уақытта жағдайдың мән-жайы анықталып жатыр.
Дәрігерлердің айтуынша, әйел ауруханаға түскен кезде басы мен жақ тұсында бірнеше жарақат, аяғында көгеру болған. Ол ішінің ауырғанына да шағымданған.
Қазір жүкті әйел Индер аудандық ауруханасының хирургия бөлімінде ем алып жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалап отыр және тыныштық сақтауды ұсынған.
Оқиға бойынша тиісті тексеру жүргізіліп жатыр.