Қайғылы оқиға 23 тамызға қараған түні Алматыдағы Әди Шәріпов көшесінде орналасқан Lamiya тұрғын үй кешенінде болған. Өрт кезінде электр кабельдері мен электр қалқандары жанған.
Оқиға орнына келген төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жалынды шамамен бір сағат бойы сөндіріп, тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарды. Барлығы 148 адам, оның ішінде тоғыз бала эвакуацияланды.
Өрттен зардап шеккен төрт адам медициналық көмекке жүгініп, ауруханаға жеткізілген. Сонымен қатар құтқарушылар оқиға орнынан ес-түссіз жатқан әйелді тапқан. Дәрігерлер оны аман алып қалу үшін реанимациялық шаралар жүргізгенімен, әйелдің өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт дабылы өрт сөндірушілер шақырылғанға дейін шамамен бір жарым сағат бұрын іске қосылуы мүмкін. Алайда «101» нөміріне хабарлама тек сағат 22:49-да түскен.
Қазіргі уақытта өрт толық сөндірілген. Мамандар оқиғаның нақты себептерін анықтап, тиісті тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.