weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Баннер
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Оралда науқастың өлімінен кейін аурухана 4 млн теңге өтемақы төлеуге міндеттелді

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мәліметінше, Орал қаласының соты медициналық көмектің уақытылы көрсетілмеуіне байланысты көз жұмған науқастың ұлының талабын ішінара қанағаттандырып, ауруханадан 4 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы өндірді.

Оралда науқастың өлімінен кейін аурухана 4 млн теңге өтемақы төлеуге міндеттелді
Фото: жасанды интеллект

Іс материалдарына сәйкес, 58 жастағы Орал тұрғыны аурухананың жансақтау бөлімінде қайтыс болған. Марқұмның ұлы әкесінің өліміне медицина қызметкерлерінің әрекеті мен әрекетсіздігі себеп болды деп есептеп, сотқа жүгінген.

Сот барысында науқастың бірнеше рет медициналық көмек сұрағаны анықталды. Алайда дәрігерлер оның мас күйде болғанын алға тартып, қажетті тексерулерді жүргізмеген. Сонымен қатар, ағзадағы алкоголь мөлшерін анықтайтын зерттеу де жасалмаған.

Тек Денсаулық сақтау басқармасының call-орталығына жүгінгеннен кейін ғана науқас ауруханаға жатқызылып, оған ишемиялық инсульт диагнозы қойылған. Дегенмен, көрсетілген емге қарамастан, ер адам келесі күні көз жұмған.

Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаменті жүргізген тексеру барысында медициналық көмек көрсету кезінде бірқатар заңбұзушылықтар анықталған.

Сот медициналық көмектің кешіктіріліп көрсетілуі науқастың өмірін сақтап қалу мүмкіндігін азайтқан деген қорытындыға келді. Сондай-ақ әкесінен айырылған талап қоюшының ауыр моральдық күйзеліске ұшырағаны ескерілді.

Нәтижесінде сот талап арызды ішінара қанағаттандырып, ауруханадан талап қоюшының пайдасына 4 млн теңге моральдық өтемақы өндіру туралы шешім шығарды. Сот шешімі заңды күшіне енді.

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→