weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Серіктестер
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Абенов: “Вице-министр жолаушы емес, авиакомпания жағын ұстап отыр”

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов көлік вице-министрі Талғат Ластаевты әуе компанияларының мүддесін қорғайды деп сынға алды. Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды.

Абенов: “Вице-министр жолаушы емес, авиакомпания жағын ұстап отыр”

«Вице-министр Ластаев әуе жолаушыларының құқығын қорғауды күшейтуге қарсы шығып отыр. Таңғалмаймын. Азаматтық авиация комитетін басқарған кезде де ол үнемі әуе тасымалдаушыларын жақтап келген», – деді депутат.

Талғат Ластаев 2017–2023 жылдары Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты Азаматтық авиация комитетін басқарып, кейін Көлік министрлігіне ауысқан.

Депутаттың ашуына, ең алдымен, Ластаевтың Үкіметтегі сөзі тиген сияқты. Ол әуе билеттерінің «қайтарылмайтын» санатын алып тастау билет бағасының қымбаттауына әкелуі мүмкін деп мәлімдеген.

«Әр түрлі себеппен рейске келмей қалатын жолаушылар бар. Егер бос орын ұшақта қалып қойса және оның құны толық қайтарылса, бұл шығындар басқа жолаушылардың тарифіне қосылады», – деп түсіндірді Ластаев. Ол бұл мәселені депутаттармен бірлесіп талқылау қажет екенін де айтты.

Ал Әбенов әлеуметтік желідегі жазбасында тұтынушылардың жаңа құқықтарын қарастыратын заң жобасында пайдаланылмаған билет үшін «ваучер» ұсынуға тыйым салынатынын хабарлады. Instagram-дағы тікелей эфирінде ол маңызды нормалардың заң жобасына енгізілгенін жеткізді.

«Бұрын авиацияны тексеруге тіпті шағым түскеннің өзінде рұқсат бермейтін. Біз бақылауды қайта енгізіп, оны Азаматтық авиация комитетіне тапсырдық. Лоббистердің ықпалымен тексерістер тоқтатылған еді – енді бұл шектеу алынған. Темір жолды тексереді, ал авиацияны неге тексермеске? Енді тексерулер жүргізіледі. Сондай-ақ толықтай қайтарылмайтын билеттер жойылды: бұрын әуе компаниясы билет құнының 30%-ына дейін ұстап қалса, енді – 10%-дан аспайды. Бұл заңда нақты бекітілді», – деді депутат.

Сонымен бірге ол әуе компанияларына қатысты талаптар әлі де қатаятынын атап өтті.

«Штрафтарды өсіреміз. Жолаушыларға сапасыз қызмет көрсетсе немесе рейс мерзімін бұзса, компаниялар шынымен жауап беретін болады. Бағалар өте қымбат, әсіресе лоукостерлерде. Мысалы, Қызылордаға тек лоукостер ұшады, бірақ билет 40 мың теңге тұрады. Еуропада лоукостерлердің бағасы біздің ақшаға шаққанда 10–12 мың теңге. Ал бізде – 40 мың. Бұл – таза алдау. Заң қабылданған соң талаптарды күшейтеміз», – деді Әбенов.

Депутаттың сөзінен FlyArystan туралы айтып отырғаны аңғарылады, өйткені Қазақстандағы жалғыз лоукостер – осы компания. Ал өзгерістер елімізге ұшатын шетелдік лоукостерлерге әсер ете ме – әзірге белгісіз.

Бұған дейін қайтарылмайтын билеттердің жойылуы бағаны қымбаттатуы мүмкін екенін жазғанбыз.

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→