Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, бортсерік жолаушының ауыр қол жүгін жоғарыдағы сөреге орналастыруға көмектескен. Сол кезде сөмкенің ішінде не бар екенін сұраған. Жолаушы оған «бомба» деп жауап берген. Оның бұл сөзінен кейін экипаж авиациялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес әрекет еткен. Жолаушылар ұшақтан шығарылып, қайта тексеруден өткізілген. Кейін ешқандай жарылғыш зат табылмаған соң жолаушылар қайтадан бортқа кіргізілген. Нәтижесінде рейс жоспарланған уақыттан шамамен екі сағат кеш ұшқан.
Неліктен бір сөздің өзі тексеруге себеп болады?
Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік саласындағы талаптарына сәйкес, әуе кемесінің қауіпсіздігіне қатысты кез келген ықтимал қатер елеулі түрде қаралады. Авиациялық әкімшілік өкілдері заңнамада бортта айтуға тыйым салынған нақты сөздердің жеке тізімі жоқ екенін түсіндірген. Алайда жолаушының сөзі қауіп ретінде қабылданса, экипаж бен тиісті қызметтер белгіленген қауіпсіздік процедураларын іске қосуға міндетті.
Мұндай жағдайда жолаушылар мен қол жүгі қайта тексерілуі, құқық қорғау органдары шақырылуы және рейстің ұшу уақыты өзгеруі мүмкін. Қазақстанның қолданыстағы ережелерінде қауіпті заттар немесе жарылғыш құрылғылар анықталған жағдайда арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарын тарту қарастырылған. (Adilet)
«Әзіл» үшін де жауапкершілік бар
Бас көлік прокуратурасы бұған дейін жолаушыларға ұшақта терроризмге қатысты жалған ақпарат таратудың салдары туралы ескерткен.
ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабында терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін жауапкершілік қарастырылған. Жаза ретінде айыппұл, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Мұндай жағдайлар Қазақстанда бұған дейін де болған. Мәселен, Қарағанды әуежайында жолаушы сөмкесінде «бомба» барын айтып, кейін мұны рейстің кешіккеніне байланысты әзіл ретінде жасағанын мойындаған. Оған қатысты ҚК-нің 273-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған.
Биыл әуежайлардағы алдын алу шаралары да күшейтілген. Халықаралық әуежайлардың отырғызу талондарына терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін қылмыстық жауапкершілік туралы ескертулер енгізіле бастады. Бұл тәжірибе Астана, Алматы, Түркістан және Қарағанды әуежайларында қолға алынған.
Сондықтан әуе кемесінде қауіпсіздікке қатысты сөздерді қалжың ретінде айту да күтпеген салдарға әкелуі мүмкін. Бір ауыз сөздің өзі рейстің кешігуіне, жолаушыларды қайта тексеруге және құқық қорғау органдарының араласуына себеп болуы ықтимал.