23 жастағы әскери қызметкерді 15 жылға соттады

Ол АҚШ-тың құпия құжаттарының ауқымды түрде таралып кетуіне қатысы бар деген күдікпен ұсталды.

Пентагон ғимаратының жанындағы Джек Тейшейраның суреті. Фото: Stefani Reynolds / AFP via Getty Images

АҚШ-тың әскери-әуе күштерінің Ұлттық гвардиясының қызметкері Джек Тейшейра Пентагонның құпия мәліметтерін жария еткені үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Newsroom.kz The Washington Post басылымына сілтеме жасап.

Басылымның жазуынша, Тейшейра наурыз айында алты федералдық айып бойынша кінәсін мойындады, олардың ішінде АҚШ үкіметі құпия деп жариялаған ұлттық қорғаныс туралы ақпаратты әдейі сақтау және тарату айыптары бар. Тейшейра келесі айда 23 жасқа толады. Ол 11 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған, бірақ прокурорлар 17 жылға жуық жаза сұрады.

«Мен достарыма, отбасым мен шетелдегі адамдарға зиян тигізгенім үшін өте өкінемін. Өзімнің қаншалықты өкініп тұрғанымды толықтай сипаттай алмаймын. Өзімнің барлық жауапкершілігімді түсінемін және оның салдарына дайынмын», – деді Тейшейра соңғы сөзінде.

Ақырында оған 15 жыл түрмеде отыру үкімі шығарылды. Сонымен қатар, түрмеден шыққан соң оған құпия ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік беретін лауазымдарды атқаруға тыйым салынады.

Еске салайық, Тейшейра 2023 жылдың сәуір айында соңғы онжылдықтағы АҚШ-тың құпия құжаттарының ауқымды түрде таралып кетуіне қатысы бар деген күдікпен ұсталды. Бұл құжаттардың кейбірі Украинадағы соғысқа қатысты болды.

Ұсталған кезде 21 жаста болған Тейшейра танымал Discord платформасында жабық шағын топты басқарды және 2022 жылдың соңында құпия файлдарды жариялай бастаған. Кейін олар интернетте тарап кеткен.

Тейшейраға тыңшы деген айып тағылса, ол өмір бойына түрмеге қамалуы мүмкін еді. BBC-дің орыс қызметі құпия құжаттарда не жазылғаны туралы егжей-тегжейлі баяндады.

Жүктелуде...