Amanat партиясының мүшесі жеті жасар балаға зорлық-зомбылық жасады деген күдікке ілінді

Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды

Фото: Stan.kz

Amanat партиясы Ақсу аудандық филиалының басшысы Жақыпов Серікқан зорлық-зомбылық жасады деген күдікке ілінді,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы Ақсу аудандық полиция бөліміне сілтеме жасап. 

Мәлімет бойынша, сараптама 7 жасар балаға күш қолдану фактісін растады. Баланың анасы Ақсу аудандық ішкі істер бөліміне арыз жазған.

Ақсу аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, кәмелетке толмаған тұлғаға қатысты зорлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

“Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қажет сот-медициналық сараптамалар тағайындалып, тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу шеңберіндегі басқа деректер Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сай жарияланбайды”, – делінген хабарламада. 

Сараптама жеті жасар балаға зорлық жасалғанын растады.

AMANAT партиясының аймақтық бөлімшесі Жақыповтың партиядан кеткенін мәлімдеді. Партия өкілдерінің айтуынша, Жақыпов 2024 жылдың 1 тамызында өз еркімен жұмыстан шығу туралы өтініш берген. Ол 2024 жылдың 31 наурызында Ақсу аудандық мәслихатының депутаты болып сайланған. Жақыпов Ақсу ауданының Жансүгіров ауылында тұрады.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда.

Еске сала кетсек, биыл 2 сәуірде Жақыпов Серікқан Амангелдіұлы №5 сайлау округі бойынша Ақсу аудандық мәслихат депутаты болып сайланды. Бұл туралы Ақсу ауданы әкімдігі хабарлаған  болатын.

Жүктелуде...