Сұхбат

Табиғи балық қорын шығынға ұшырататын себеп көп

Бүгінгі сұхбат иесі Мейрамбекті Facebook әлеуметтік желісі арқылы көптен танимын. Оны бәрі «балықбегі» деп атайды. Су байлығының жайын беске біледі. Ол туралы білімі төгіліп тұр, майын тамызып айтады. Өзі – Сыр өңірінің тумасы. Бүгінде Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан «Halyk Balyk» компаниясы директорының орынбасары және бас технологі қызметін атқарып жүр. Ихтиолог, балық өсіру саласының сарапшысы Мейрамбек Пазылбековпен Қызылордаға сапары кезінде кездесіп, әңгімелесудің сәті түсті,-деп хабарлайды newsroom.kz порталы Сыр бойы газетіне сілтеме жасап.

– Еліміздегі су айдындарында қанша балық түрі, қоры бар екені ғылыми түрде зерттелген бе?

– Қазақстанның ихтиофауна құрамында балықтың 150-ден астам түрі бар. Соның 52-ге жуық түрі кәсіптік маңызы бар санатқа ие, 18 түрі Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Арал, Сырдария су алабына тән Сырдария тасбекіресі мүлдем жойылып кеткен. Арал бекіресі соңғы рет 55 жыл бұрын кездескен. Егістікті игеру барысында түрлі бөгеттер, су қоймалары, гидроқұрылыстар салынып, Сырдария мен Әмудария арнасы реттелгесін, олардың өрістеуіне кедергі келтірген. Өткен ғасырдың 30-жылдары ғалымдар бекірені уылдырық шашу аймағына дейін көтеріле алмағасын, Арал-Сырдария су алабына ұқсас Балқаш-Іле су алабына жерсіндірген. Жаңа мекенде ол көбейіп, жылына 600 тоннаға дейін ауланатын кәсіптік қорға жеткен. 1970 жылдары Іле өзенінде «Қапшағай» су қоймасын салып, өзен арнасын реттегесін бұл балық миграциясына кедергі келтіріп, саны азайып кеткен. Қазір ол «Қызыл кітап» тізімінде. Бірақ Балқаш-Іле алабында өте сирек болса да кездесіп тұрады. 2022 жылы «Halyk Balyk» компаниясы ресми түрде табиғи ортадан көбейту мақсатында осы балық түрінің аналық үйірін қалыптастыруға, аулауға рұқсат алды. Үкімет сол жылы 500 келі Арал бекіресін ұстау туралы қаулы шығарды. Бүгінде біздің компанияда оның аналық-ремонттық дарағы бар.

– Сөзіңізді бөлейін, Арал мен Жайықтың бекіресі бір ме?

– Жоқ. Бұл – Арал-Сырдария бассейнінің эндемигі, яғни байырғы түрі. Кейде «пілмай» деп те атайды. Мұның басқа популяциясы бар. Каспий пілмайы, Азов пілмайы сияқты. Бірақ бір-бірінен ерекшеленеді.

Енді әуелгі сұраққа ойыссақ. Балық қорының азаю, көбею динамикасына қаншалықты талдау жүргізіліп тұрады?

– Еліміздің су айдындарындағы балық қорын анықтауды, оны аулау туралы ұсыныстарды Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы Балық шаруашылығы комитетінің тапсырысы бойынша жыл сайын талдап тұрады. Соның нәтижесінде су қоймаларынан қанша көлемде балық аулауға болатыны анықталады. Өйткені ихтиофаунадағы популяция құрылымын жойып алмау керек. Жыл сайын балық қоры биомассасының 20-25 пайызын аулауға рұқсат берілген. Қазақстанның су айдындарындағы кәсіптік қор көлемі – шамамен 55 мың тонна. Сонымен қатар шамамен 30 мың тонна тауарлы балық экспортталады. Негізгі түрі – көксерке. Импорттаушы – негізінен Еуропа елдері. Ал шетелдерден Қазақстанға шамамен 45 мың тоннадай балық импортталады. Оның басым бөлігі – албырт тұқымдас және теңіз балықтары. Ғылыми-өндірістік орталықтың көпжылдық базасына сәйкес балық қоры динамикасы жылда ауытқып отырады. Оған әсер ететін бірнеше фактор бар. Біріншісі – тұрақсыз гидрологиялық режим. Екіншісі – балықтардың көбею кезінде су деңгейі түсіп кеткен жағдайда уылдырықтардың жағада қалып қоюы, қырылып қалуы. Су деңгейінің ауытқуы азық қорына тікелей әсер етеді.

– Елімізде, оның ішінде біздің облыстағы өзен–көлдерде, Арал теңізінде ерекше балық түрлері кездесе ме?

– Арал-Сырдария бассейнінде ерекше болған, бірақ жойылып кеткен балық түрлері бар. Олар – Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген Арал албырты, Сырдария тасбекіресі, Арал бекіресі, яғни пілмай. Қызылорда облысы шөлді-шөлейтті болғанына қарамастан, Сырдария өзені осы аумақтан ағып өтеді. Негізгі дақыл – күріш болғандықтан, Сырдариядан көптеген арна су алады. Кеңес одағы кезінде балық үркіту құрылғылары қолданылған еді. Олар ескіріп, істен шыққасын канал арқылы көктемгі маусымда егістіктерге балық кіреді. Ол он мыңдаған гектар күріш алқабына – бірнеше аудан аумағына кіріп, жаздың соңына қарай егіс алқабындағы су деңгейі түскесін шабақтар мен балықтар сол жерде қалып, шіріп, ит-құсқа жем болады. Әлеуметтік желіде мұндай мысал өте көп. Табиғи балық қорын шығынға ұшырататын себептердің бірі – осы.

Ендеше неге ондай құрылғыларды алып орнатпайды?

– Біріншіден, Қазақстанда жасалмайды. Екіншіден, оны орнату және күтіп ұстау – қосымша шығын. Үшіншіден, мұндай құрылғылардың тілін білетін маман жоқ. Күріш шаруашылықтары негізінен жеке болғандықтан, шығындалғысы келмейтіні түсінікті.

Енді Сыр өңіріндегі балық шаруашылығының жайын қозғасақ. Сырдария өзенінің бір көтеріліп, бір түсуі, Арал теңізінің экологиялық жағдайы бұған қалай әсер етіп отыр?

– Сырдарияның деңгейі көктемгі маусымда көтеріліп, көптеген аймақты су шайып кеткенін көрдік. Бірақ жаздың ортасында суы тобықтан келетіндей болып түсіп кетеді. Бұл – гидрологиялық режимнің тұрақсыздығы. Өйткені Сырдария – трансшекаралық өзен. Су жөнінен біз Қырғызстан мен Өзбекстанға тікелей тәуелдіміз. Олардың Сырдарияның суына қатысты өз мақсат-мүддесі бар. Балықтар өзен бойын өрістейтін және теңізде қалатын болып екіге бөлінеді. Өзенмен көтерілгендерінің уылдырығы өзен суымен ағып келіп, теңізге жеткенше жүзе алатын қалыпқа келеді. Ал дарияның суы тобыққа жеткенде балықтардың төменге түсуі қиындайды. Өзен өте үлкен және лай екені белгілі. Жағаны шайып, құм-топырақ шөгінділері теңізге құяр аймаққа жиналып, судың ағысына кері әсер етеді. Бұл екінші жағынан теңіздегі балықтың өзенге қарай өрістеуіне кедергісін тигізеді.

Соңғы ақпаратқа сүйенсек, Арал теңізінің «Бутаковка» шығанағындағы тұздылық мөлшері 26 промиллеге жетті. Бұл – теңіз бен мұхит суының тұздылығына жақындап қалды деген сөз. Арал теңізін мекендейтін балықтар үшін 15 промилленің өзі – үлкен қауіп. Тұздылық мөлшері 17 промиллеге жеткен кезде теңізде өмір сүретін балықтар тіршілік етуін тоқтатады. Дарияға құятын тұстағы тұздылық мөлшері – 6 промилле. Енді Арал теңізіне бөгет салу жоспары мақұлданса, теңіз ауданын үштен бірге көбейтуге, теңіз жағалауын Арал қаласына жақындатуға мүмкіндік бар. Ол үшін теңіз табанын қазу, тазалау жұмысын жүргізу керек. Сол кезде оның акваториясы үлкейіп, су тұрақтайды. Тұздылығы төмендейді.

– Кешегі су тасқынынан балық шаруашылығына қауіп төнген жоқ па?

– Осы көктем Қазақстан үшін ауыр жағдайда өтті. Еліміздің он облысында соған байланысты төтенше жағдай жарияланды. Шағын көлдер, өзен бойындағы тоғандар мен аква шаруашылықтарының біразы өсіріп отырған балығынан айырылып қалды.

Мұхиттар мен өзендерде балықтың қырылуына не себеп?

– Әлемдегі ең үлкен проблема – экология. Су астынан мұнай өндіру, кәріз суының мұхиттар мен өзен-көлдерге көптеп құйылуы, тұрмыстық қатты қалдықтардың төгілуі ластануға әкеп соғып жатыр. Дамыған елдердің ішінде түгел дерлік теңіз жағасында орналасқан Норвегия өз территориясындағы қоқысты тауысып, көрші елдердің тұрмыстық қалдығын өңдеуді жолға қойған. Ал Қазақстандағы жағдай көңіл қынжылтады. Жазғы демалыста кез келген су қоймасының жағалауында қоқыстан аяқ алып жүре алмайсыз. Бұл халықтың экомәдениетінің төмендігін көрсетеді.

Жайықтың экологиялық ахуалы алтынға тең бекірені жойып жібермей ме?

– Каспий теңізінің шекарасы бес мемлекеттің акваториясын қамтиды. Соның ішінде ең тұщы су Қазақстан мен Ресей секторында. Бес елдің келісім-шарты бойынша жылда шоқыр, қорытпа секілді бекіре тұқымдас балықтардың миллиондаған шабағы тамыз айында теңізге жіберіледі. Жайықтың ең басты проблемасы – Каспийге құяр бөлігі құм шөгіндісімен қайырлап қалуы, өзен арқылы ағып келген ағаш-бұталардың жасанды аралдар түзуі. Бұл ағып келген өзен суына бөгет болады. Кеңес одағы кезінде өзен арнасын тереңдетуге мән берілген.

Ресейдің Астрахань облысы шамамен 30 млн-дай шабақ жібереді. Бізге бекітілгені – 7 млн. Өйткені қуатымыз одан аспайды. Балықшылардың айтуынша, бекіре кәсіптік аулауда жиі кездеседі. Демек, оның қоры белгілі мөлшерде қалыптасқан деген сөз.

Ара-тұра кейбір өзендерден жыртқыш балық ауланғаны туралы ақпарат оқып қаламыз. Олар қайдан келеді?

– Арал-Сырдария бассейніне өткен ғасырдың 60-жылдары каналдар қазылғасын алқаптарды қалың қамыс басып, жүздеген, мыңдаған шақырым өзен арнасын тазалау қиынға соқты. Ғалымдар сондықтан оның табиғи жолмен күресу әдісін іздеді. Қиыр Шығыстағы Амур өзенінен ақ амур мен дөңмаңдай балығын әкеліп, Сырдария өзеніне жерсіндірген. Олар осы жерде тұрақты популяциясын қалыптастырды. Ақ амур қамыс, қоға сияқты қатты су өсімдігімен қоректенеді. Халық арасындағы атауы – «сусиыр». Өзен арнасын қамыстан тазалап, оң әсерін берді. Кез келген жерсіндіру кезінде кездейсоқ балықтар еріп келуі мүмкін. Соның бірі – халық «жыланбалық» атап кеткен жыланбас балық. Жыртқыш балық әрі қолайсыз жағдайға төзімді. Балқаш-Іле су алабына еніп, Алматы облысында да жеткілікті қоры қалыптасып отыр. 90-жылдары Сыр бойынан әуесқой балықшылар апарып, өз көлдерінде ұстаған. Бөгет жарылып кетіп, «Қапшағай» су қоймасына түсіп, Іле өзені арқылы Балқашқа таралған. Жыртқыш балықтардың пайдалысы да болады. Мысалы, көксерке. Етінің құндылығы, холестеринінің аздығына байланысты бүгінде валютаға арналған түр. Майлылығы төмен, тікені аз. Сүбесі Еуропада өте жоғары бағаланады. Ихтиофауна құрамының негізінен 40 пайызға жуығы жыртқыш балықтар болуы тиіс. Жер бетіндегі аңдардың арасында қасқыр санитар болып есептеледі ғой. Қасқырды жаппай қырып тастасақ, жануарлар арасында небір ауру пайда болады. Балықтар әлемінде де солай. Табиғатта тепе-теңдік сақталуы тиіс.

Жерсіндірген су байлығы өмір бойы тұрақтап қала ма?

– Тәуелсіздік алғалы бері бірде-бір балықты бір су қоймасынан екіншісіне жерсіндіру жұмысы жүргізілмеген. Өткен ғасырдың 60-жылдары көксеркені Балқашқа, сазанды Аралға апарып жерсіндірген. Арал сазаны бүкіл сазанның атасы болып есептеледі. Теңіз тартылып, тұздылығы жоғарылаған кезде жергілікті ихтиофаунадан ешқандай балық тіршілік ете алмай қырылып қалған. Сол кезде бұл жерге камбаланы әкеліп жібереді. Камбала – тұзды суда өсетін балық. Ол кәсіптік мақсатта аулана бастайды. Дамбаны тұрғызып, кіші теңіздің суы тұщылана бастаған кезде камбала өзінен-өзі жойылып кеткен. Сөйтіп, көксерке мен сазан қайта оралған екен.

Балық аулау құралдарының қаупі туралы не айта аласыз? Немен аулаған дұрыс?

– Елімізде полиамидті-монотінді аулау құралына тыйым салынған. Халық оны «Қытай ауы» деп жүр. Әлемнің көптеген елі оны мәдениетті түрде қолданады. Бізде тыйым салынғасын шекарадан заңсыз өткізіліп, тығып сатады. Балықшылардың оны пайдаланатынын инспекторлар біледі. Өйткені аудың басқа түрі жоқ. Қытай ауының пайдалы жағы – шірімейді, қолдануға оңай, жіптері шатаспайды, жеңіл, бойына су жиналмайды, суда тұрған кезде көрінбейді. Керісінше жағы – өте тез тозады, жөндеуге келмейді, бағасы арзан болғасын балықшылар құрған жерінде қалдырып кете береді. Жинап жағаға әкелейін десе, инспекторлардан қорқады. Судың астында жүз жыл жатса да шірімейді. Оған түскен шабақ, шаян шіріп, қоқысқа айналады. Су борсып, жанына ештеңе жолай алмайтын күйге түседі. Осы күні Қытай ауын қолдануға рұқсат беру туралы ұсыныс айтылып жүр. Ғалымдар оны QR кодпен бақылауға болатынын алға тартып отыр. Мұның екінші жағында «біз бұған қаншалықты дайынбыз, оған экомәдениетіміз жете ме?» деген сұрақтар тұр.

Полиамидті-монотінді аудан бөлек шанышқы пайдаланғаны, балықты электр тоғымен ұрып аулағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Тоқтың қауіптілігі сол, белгілі бір радиустағы балықтар су бетіне қалқып шығады. Тірі қалғаны ұрпақ әкелмейтін жағдайға түседі.

Енді немен аулаған дұрыс?

– Жылым, кермеше, құрма ау, қармақ сияқты заңмен рұқсат етілген аулау құралдары бар.

Әңгімеңізге рахмет!