"Өзін бағаламайтындарға қайранмын": А.Ысқақ өмірге шағымданатын жандарға таңы бар екенін айтты

«Қанаттылар» инклюзивті театртының директоры Арнұр Ысқақ күйзеліске түсетін жандарды түсінбейтінін айтты

скриншот: "Сұрауы бар"

«Қанаттылар» инклюзивті театртының директоры, Арнұр Ысқақ он екі мүшесі сау бола тұра, өмірге шағымданатын, жаман жолға түсетін, күйзеліске ұшырайтын жандарға таңы бар екенін жеткізді. Айтуынша адамдар қалағаныңды ұстап, өзің жүріп, өзің тұруың – шынайы бақыт екенін түсінбейді,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы "Сұрауы бар" ютуб арнасына сілтеме жасап.

13 жыл бұрын бір қызды құтқарамын деп, мүгедек болып қалған Арнұр Ысқақ алғашында өзін қоярға жер таппаған. Тіпті өмірмен қош айтысқысы да келген. Бірақ жігерін жанып, өмірін жалғастырып, отбасын құрып, қазір театрды басқарып отыр. Бүгінде ол ашқан «Қанаттылар» инклюзивті театрында көптеген ерекше жан қызмет етеді. Арнұр –  қоғамдық істердің белсендісі әрі мотиватор. Күйбең тірліктегі ауыртпалықтарға, өмірдің қиын сәттеріне шыдас бермей сынып кетіп жатқандарды аяйтынын, қапаланатынын жасырмады. 

«Ішіп жүрген адамдарға берші қол-аяғыңды деймін, қор қылмашы деймін. Не деймін сенің проблемаң, араққа сылқия тойып алып, не күніңді өткізіп жатқаныңды. Мен таңертең оянғанда жай ғана керіліп, бақайымды шықырлатып, созыла алсам соның өзі рахат емес пе? СЕн ояндың, аяқ-қолың қозғалып тұр, соған риза бол! Қалғаны ол проблема емес, Сен төсектен тұрып, өз аяғыңмен жуынуға бардың, ваннадан шығып, келіп отырдың. Болды ғой, басқа не керегі бар? Ал мен тәуелді адаммын. Біреу келіп, киіндіріп, көмектесіп, отырғызады, бағыныштысың. Қарды басу, жай ғана жүру керемет емес пе»,- дейді ол. 

Арнұрдың ойынша күнделікті тірлік адамның шынайы бақытын бағалауына кедергі келтіреді. Мысалы несие, өзге де мәселелер көбіне көңіл аудартпайды. Сондықтан, әрқашан бір мезет тоқтап, айналаға бір қарап, өзің жүріп, өзің тұра алғаныңа шүкіршілік ету керек деген ойда. 

«Қазір неше түрлі адамдар инстаграмда, желіде адамдарды үйретіп бақыттың кілті, бақытты болудың себебі деп көп нәрсені айтып жатады ғой, бақыт деген ол – деніңнің саулығы, болды! Мысалы көзі көрмейтін адамдар бар. Олардың арманы – бір күні оянып, жап-жарық әлемді көріп кету. Мылқау жандар бар, бір күні сөйлеп кетіп, ішіндегі эмоцияларын айқайлап жеткізгісі келеді. Көз, ауыз, аяқ-қол – ең бірінші байлық»,- дейді Арнұр Ысқақ.

Жүктелуде...