Жаңалықтар

Түркістан облысында “Жастар есірткі мен нашақорлыққа қарсы” спартакиадасы өз мәресіне жетті

Бұл туралы newsroom.kz порталы Полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.

Түркістан облысының 5 жыл толуына орай әкімдіктің қолдауымен есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесіп, ұйымдастырған спартакиада өз мәресіне жетті. “Жастар есірткіге, синтетикалық есірткілерге және нашақорлыққа қарсы” ұранымен ұйымдастырылған жарыс кәмелетке толмаған жастар және облыс тұрғындары арасында өткізілген болатын. Үш күнге жалғасқан бұл шарада облыс жастары спорттың волейбол, футбол, еркін күрес, қазақша күрес, дзюдо, суға жүзу, таэквандо, жүгіру және тағы басқа түрлерінен бақ сынады.

Тартысты ойыннан соң жалпы командалық есеппен Түркістан қаласы 1-орын, Шардара жастары 2- орын, Жетісай құрама командасы 3-орынға ие болды. Сайысқа қатысушыларға алғысын білдірген Түркістан облысы ПД ЕҚҚІҚБ басшысының міндетін атқарушы Аман Бурханов пен дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ж.Муслимова оларды алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Ескерте кетейік, есірткі өнімдерін тұтыну денсаулығымызбен қатар болашағымыздың да бұлыңғыр болуына әсер етеді.Бұл – қазіргі қоғамның ең өзекті проблемаларының бірі болып отыр. Бүгінгі таңда, есірткіні ғаламтордан немесе түнгі клубтардан оңайшылықпен сатып алуға болады. Әдетте, алғашқы кезде сатушы есіркіні тегін ұсынады, ал тәуелділік пайда болған соң, көп ақша талап ете бастайды. Сондықтан, нашақорлар жаңа дозаға қол жеткізу үшін ұрлық немесе тонау сияқты қылмыстық әрекеттерге баруға мәжбүр болады.
 

Нашақорлық жастардың есірткіге деген қызығушылығынан басталады. Іші пысқан немесе жаңа эмоция сезінгісі келген жасөспірім, бір рет дәмін татып көрген соң, бұл әсерді тағы да сезінгісі келеді. Осылайша, тәуелділік туындайды. Жақын адамдардың тарапынан махаббат пен жылулықтың болмауы және ата-ана мен бала арасындағы түсінбеушілік, осы дертке әкелуі мүмкін. Жас балалар есірткінің көмегімен, жанұядағы проблемалардан және жағымсыз эмоциялардан арылғысы келеді. Депрессия, бақытсыздық, мазасыздық және өз күшіне сенбеушілік секілді белгілер өз-өзін төмен бағалайтын және басқаларды өзінен жоғары санайтын адамдарға тән. Олар ештенеге қызығушылық танытпай, тұйық өмір сүреді. Ішкі ауруын басатын жолдарды іздеу барысында алкоголь, есірткі сияқты «көмекшілер» сахнаға шығады.
 

Жүйке жүйесі, жүрек және бауыр қатты зардап шегеді. Ұзақ уақыт пайдалану ішкі ағзалардың жұмысын бұзады. Есірткіні қабылдауды тоқтатқаннан кейін депрессия, қатты шаршау және ұйқышылдық басталады. Ағзаны қалпына келтіру үшін уландырғыш затты қайтадан қолдану керек болады. Нашақордың өмірі түбегейлі өзгереді. Ол өтірікші, дөрекі, қатал және өзімшіл адамға айналады. Бірте-бірте оның ойлау қабілеті төмендейді. Достарының сенімін жоғалтып, жақындарынан айырылады бастайды. Жанында тек өзі сияқты нашақорлар ғана қалады. Кезекті «дозаға» ақша табу үшін кез-келген әрекетке баруға дайын, тіпті адам өлтіруі де мүмкін. Зерттеулерге сәйкес, нашақорлардың жартысынан көбі – қылмыскерлер.

Елімізде есірткі саудасы қызып тұр. Бұл қылмыс көбінрде шетел азаматтарының қатысуымен жүргізіледі. Осыған орай, жақында Ұлттық банк елімізде 1,5 мыңға жуық банк картасын шетелдіктер есірткі саудасы үшін қолданатынын анықтап, шектеу шараларын енгізді.

Тоғыз айдың ішінде Қазақстан Респубикасы аумағында 2700 есірткі сайты бұғатталған. Электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалана отырып есірткі заттарын өткізудің 343 фактісі енгізілді.

Нашақор адамдардың туыстары, науқасты дәрі-дәрмектердің көмегімен емдеуге тырысады. Алайда, бұндай дәрілердің құрамында есірткі компоненттері болуы мүмкін. Бұл жағдайда ем сәтті аяқталмайды, өйткені, бір есірткі екіншімен ауыстырылады. Сондықтан, оларды үй жағдайында емдемей, арнайы емдеу мекемесіне апарған жөн. Наркологтар бұл ауруды емудеудің жаңа тиімді әдістерін іздеуде. Нашақорлықпен күресу – қиын және ұзақ процесс, оны жеңу үшін науқас және оның отбасы барлық күш-жігерін салуы керек.