Үйінен өрт шыққан тұрғын көмекке келген көрші полицейге алғыс айтты

Созақ ауданында өрт шықты

фото: polisia.kz

Бұл туралы newsroom.kz порталы Түркістан облысының полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.

Үйінде оқыс оқиға болып, өрт шыққан тұрғын, сол сәтте көмек қолын созған көршісіне алғысын айтып, арнайы хат қалдырды. Мұндағы ержүрек, қорғаушы тұрғынның көршісі Созақ аудандық полиция бөлімінің қызметкері полиция капитаны Ермахан Бимаханов еді.

Нақтырақ айтсақ, оқиға кешкі сағат 19:00 шамасында болған. Тұрғын үйіндегі электр сымдарының қысқа тұйықталуынан өрт шыққан әйел, жанұшыра бірнеше көршісінен көмек сұрайды. Осы кезде 2-3 үй ары тұратын көршісі полиция қызметкері Ермахан Бимаханов өз ауласындағы шаруасын қоя салып, еш ойланбастан бірден көмекке барған. Содан бірден өртті үдетуі мүмкін газ балонын сыртқа шығарып, өрт сөндірушілер жеткенше, су шашып, өрттің алдын алған.

Осынау қиын шақта жәрдем берген полицейге, әйел отбасының атынан ризашылығын жеткізді. Айта кетсек, Түркістан облысының полицейлері құқық бұзушылықтарға қарсы тұрып, азаматтардың құқығын қорғап қана қоймай, әрдайым көмекке мұқтаж жандарға қолдау жасап, қоғамның қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтап келеді.

Айта кетейік, қазіргі таңда өрт қаупі жиілеп кетті. Осы орайда newsroom.kz порталы өрт жағдайынан сақтану жолдарын ұсынады.

  • Аузыңыз бен мұрныңызды кез-келген, мүмкіндігінше ылғалды матамен жабыңыз
  • Оттан қашыңыз
  • Жеделсатыны пайдаланбаңыз
  • Артық оттегінің кіруіне жол бермеу үшін терезелерді ұрмаңыз
  • Тез жанатын сұйықтықтарды (бензин, керосин) жəне қосылып тұрған электр аспаптарын сумен сөндірмеңіз

Үй жайда, биік ғимаратта, адамдар көп жиналатын жерде

  • Егер өрт ошағы кішкентай болса, өзіңіз өртті барлық қол жетімді құралдармен өшіруге тырысыңыз: өрт сөндіргіштермен, кез-келген тығыз матамен, құммен, гүл құмыраларының топырағымен, сумен жəне т. б.
  • Электр сымының оқшауламасы жанған кезде электр желісін арнайы орыннан өшіріңіз
  • Өрт жағдайы туралы көршілерге немесе басқа кабинеттердегі қызметкерлерге дереу хабарлаңыз жəне эвакуацияны бастаңыз
  • Электр жабдықтарын өшіріңіз
  • Мүмкін болса, есікті жауып, бөлмеден шығыңыз
  • Оттан қашыңыз, ештеңені іздемеңіз жəне жинамаңыз
  • Балалар мен қарт адамдарға көшеге шығуға көмектесіңіз
  • Кіреберісте немесе дəлізде түтін шыққан кезде, шығатын есікке еңбектеп барыңыз
  • Қауіпсіз жерге шығыңыз
  • Егер үй-жайдан баспалдақ арқылы шығу мүмкіндігі болмаса, түтін кіріп кетпес үшін кіретін есікті ішінен ылғалды матамен тығыздаңыз, содан кейін балконға шығып, өрт сөндіру қызметінің келуін күтіңіз
  • Жел кесірінен от қаттырақ жанып кетпеуі үшін есік жəне терезелерді жабыңыз.

 

Жүктелуде...