Жаңалықтар

«Кәсіпкерлік – қайырымдылық жасауға берілген мүмкіндік…»

Данияр Сүлейменов,
жеке кәсіпкер

– Қазіргі таңда сіз Түркістан облысы Сарыағаш қаласындағы «Ай-ғасыр» шипажайының қожайынысыз. Кәсібінің нәсібін көріп отырған жеке кәсіпкерсіз. Олай болса, «Жалын» журналының оқырмандарына өзіңіз туралы айтып берсеңіз.

– Менің толық аты-жөнім Сүлейменов Данияр Фархатұлы. Өзім егіздің сыңарымын. Алматы қаласында 1973 жылғы 16-шы сәуірде тудым. Қарапайым отбасында өстім. Орта мектепті ойдағыдай аяқтап, экономика факультетіне оқуға түстім. Мамандығым экономист. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң біраз жыл банкте мамандығым бойынша қызмет істедім. Ел қатарлы жалақы алып, сонымен күнелттім. Бірақ жеке кәсібін ашқан азаматтарды көргенде, қатты қызығатынмын. Ол кезде ірі кәсіпкер болу ойымда да жоқ. Менікі тек арман еді. Бірақ арман адамды алысқа апарады екен. «Бір күні сол арманым орындалып, мен де кәсіпкер боламын» деген ой үш ұйықтасам түсіме де кірмейтін.
Бірақ түптің-түбінде осындай кәсіпкер кісілермен жиі араласа бастадым. Олардың өмірлік тәжірибесінен үлгі алып, жеке кәсіпті қалай бастағаны туралы ойларын санама құйып жүрдім ұзақ уақыт. Олар маған жеке кәсіптің алғашқы баспалдағын қалай салу керегін үйретті. Жақын араласып, ақылдарына құлақ астым. Ақыры бірер жылдан кейін белді бекем буып, қызметтен өз еркіммен шығып, өз бетіммен іздене бастадым. Әлемдік деңгейге көтерілген жеке кәсіпкерлердің жазған көптеген кітаптарын оқып, білімімді жан-жақты жетілдірдім.

 

– Кәсіпкер болу арманыңызды қалай жүзеге асырдыңыз?

– Мен кәсіпкер болуды студент кезімнен армандайтынмын. Себебі Қазақстан үшін тәуелсіздіктің ал-ғашқы жылдары экономикалық қиын кезеңдермен тұспа-тұс келді емес пе? Халық қара нанын тауып жей алмай, базарды жағалап кетті. Сол жылдары саудадан нәпақасын тауып, байып кеткен кісілерді көзім көрді. Соларға қарап қатты қызығатынмын. Мен студент кезімде егер адамның жеке кәсібі болса, яғни ешкімге бағынышты болмаса, оның өмірлік жолы да ашық болады деп ойлайтынмын. Осы ойды негізге ала отырып, алға қарай жылжи бердім.
Бірақ қаржылық қиындықтарға байланысты, әрі тәжірибемнің жет-кіліксіздігіне байланысты бірден кәсібімді дөңгелетіп алып кете алмадым. Оның үстіне бойымда қорқыныш та болды. Оны несіне жасырайын.
Сонымен мамандық бойынша қызмет істеп, жалақымен күнелтуге тура келді. Бірақ сол студент кезімдегі жеке кәсіпкер болу туралы ойым маған маза бермеді. Оның үстіне араласатын ортам да жеке кәсіпкерлерден құралды. Олардың айтатын әңгімесі бөлек, менің өмірім олардыкінен мүлде бөлек болды. Бірақ сол жеке кәсіпкер таныстарымнан үлгі алғым келіп, олардың арасында болатын өзара әңгімелеріне құлақ түріп жүрдім.
Жеке кәсіп ашуға байланысты мені қоршаған қорқыныш-тың алғашқы кезде таныс кәсіп-керлерімнің бойында болғанын естігенде, жеке кәсібімді ашуға деген құлшынысым тіпті арта түсті. Сонымен мақсатымды айқындап алдым да, алға қарай қадам бастым. Сол кездерде мамандығым экономист болса да, медицина ғылымына қатты қызығатынмын.
Өйткені айналамдағыларға қамқор болып, барынша қызмет еткім келді. Кейде дәрігердің оқуын арнайы оқымағаныма қатты өкінетінмін. Бірақ түптің түбінде бәрі өзімнің қолымда екенін түсініп, өз бетімше медицина саласын зерттей бастадым.Соның ішінде мені әсіресе шипажай саласы қызықтырды.

 

– Сіздің мінезіңізде көпшіліктің бойынан табыла бермейтін табандылық қасиеті бар екен. Себебі кез-келген адам алға қойған мақсатына маңдай терімен, адал еңбегімен жете бермейді. Сонымен, Данияр Фархатұлы, қазір жеке кәсіптің қай саласында еңбек етіп жүрсіз?

– Қазір жастайымнан аңсаған асқақ арманыма қол жеткізіп, Сарыағаш қаласының кіреберісінде орналасқан «Ай-ғасыр» шипажайының қожайынымын. Арман адамды кезінде мүмкін еместей көрінетін белестерге жеткізетінінің тірі куә-герімін. Себебі жас кезімде жеке кәсібімді ашсам-ау деген құлшыныс түптің-түбінде жаныма тыныштық бермей алға жетеледі. Жолымда көп кедергілер кездесті. Солардың ешқайсысына мойымай тек өзімді рухани дамытудың ғана арқасында талай қиыншылықтардан өте шықтым.

– Жекеменшік «Ай-ғасыр» шипажайыңыздың өзге шипажайлардан қандай өзгешелігі бар? Сіздің шипажайыңыз қандай қызмет түрлерімен ерекшеленеді?

– Жекеменшік шипажайды ашу, оны басқару жоғары білім мен біліктілікті ғана қажет етпейді. Себебі қол астыңдағы ұжымды басқара білу де өнердің өнері. Емделушілердің көңілінен шыға білу, өзге бәсекелестеріңнен оқ бойы озық болу үшін көп ізденудің маңызы зор. Сондай-ақ, шетелдің озық тәжірибесін игеруге, үйренуге тура келеді.
«Ай-ғасыр» шипажайы жылдың барлық мезгілінде ем алуға келушілерге жоғары деңгейде сапалы қызмет көрсетіп жүр. Барлығы 27 түрлі процедурамен емдеуге бейімделген шипажай қазір халықтың көңілінен барынша шығып отыр. Атап айтсақ, минералды сумен емдеу жағы қолға алынған, көптеген массаж түрлері жасалады, соңғы үлгідегі шетелдік технологиялармен әртүнрлі емдік іс-шараларжүргізіледі. Шипажай қаланың кіреберісінде, келушілерге қолайлы орында орналасқан. Сондықтан жергілікті халық арасында танымал. Емделу бағасы да басқа көрші орналасқан шипажайлармен салыстырғанда тиімдірек, әрі көрсеткен емдік қызметі де ойдағыдай болған соң қарт кісілер келуге құштар.
Жалпы «Ай-ғасыр» шипажайы 3 қабатты үлкен ғимаратты алып жатыр. Бөлмелері кең, былайша айтқанда инженерлік нормаға сай құрылыс жоспарымен салынған ғимараттың ішінде орналасқан. Бізде емделуге келушілерге арнал-ған арнайы қыдыратын жасыл желектермен көмкерілген алаң, сауна, бассейн, әртүрлі процедуралар қабылдайтын кабинеттер бар. «Ай-ғасыр» шипажайында 5 күннен 20 күнге дейінгі аралықта емделуге болады. Минералдық су тасымалды емес, жер астынан тікелей шығатындықтан, денсаулыққа шипасы мол. Және де біздің шипажайда парафинмен, балшықпен емдеу үлкен сұранысқа ие. Әрбір емделушіге тамақтанудың мәзірі диетолог дәрігердің кеңесімен жеке-жеке тағайындалады. Емделушілер күніне 4 уақыт тамақтанады. Бізде емдік шөптерден дайындалған шайлардың түр-түрі бар.
Бір сөзбен айтқанда, әрбір емделушінің жағдайын жасап көңілінен шығу біздің басты мақсатымыз. Шипажайда емделіп, күш жинап серпіліп алған емделушілер қауымы шипажай қызметкерлеріне алғысын жаудырып жатады. «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» демекші, бата алғанда, төбеміз көкке жеткендей бір қуанып, мәртебеміз өсіп қалады. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, қызметімізді ары қа-
рай дамытуға құлшынып, бір тулап қалатынымыз шындық.

– Жекекәсіпкер болған соң, қайырымдылық іс-шараларына қатысып тұратын шығарсыз. Қайырымдылық іс-шараларына деген көзқарасыңыз қандай?

– Қолдан келгенше жан-жағымызға жан шуағымызды шашып, елді қуантуға тырысып жүреміз. Сұрай келгендерге шын мұқтаж болса, көмек қолын созудан бас тартпаймыз. Себебі неғұрлым, жомарт болсаң, өмірдегі жолың соғұрлым ашық, сәттілік серік болатыны туралы ата-анам құлағыма құйып өсірген ұрпақпын. Сол насихатты өмірлік жолымда берік ұстанамын. Түркістан облысында салынып жатқан мешіттердің құрылысына қаржылай көмек бердім. Мешіт – Алланың жердегі үйі болғандықтан, ондай ұсыныстар түсіп жатса барынша көмек көрсетемін. Біріншіден Алла, екіншіден халықтың разылығы үшін ондай кезде аянып қалмауға тырысамын.
Сосын қазақ қоғамы жетімін жылатпаған, жесірін тастамаған ел ғой. Сондықтан жалғызбасты аналарға қаржылай қолдау көр-сетіп, балаларын мектепке дайындап киіндіру, азық-түлікпен қамтамасыз ету сияқты істеріне қолдау көрсетемін. Жалпы жасаған жақсылықты айтуға болмайды. 

      – «Жалын» журналының оқырмандарына айтар қандай тілегіңіз бар?

– «Жалын» журналының оқыр-мандарына біздің «Ай-ғасыр» шипажайына келіп демалыңыздар демекпін. «Денсаулық – бірінші байлық» демекші, адам өз ден-саулығына арнайы көңіл бөлуі қажет. Себебі «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, алдын ала емделсең ғана, ертең қиналмай өмір сүресің. Тыным таппай жұмыс істей бергеннен де ағза бірте-бірте шаршайды, кейде өзіңе-өзің қаржы бөліп, білікті мамандарға денсаулығыңды қаратсаң, бір серпіліп қаласың. Сондай-ақ, журналдың оқыр-мандарына ана тіліміздің мәртебесі жоғары, тұғыры биік болсын деген тілек білдіремін.

      – Сұхбатыңызға рахмет. Ісіңізге игілік тілейміз.