Қаржаубайға “қайраткер” неге бұйырмады?

Қаржаубай Сартқожаұлына «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы неге бұйырмады?

Фото: әлеуметтік желіден

Жуырда Қаржаубай Сартқожаұлын өзі қызмет атқарып жүрген Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің басшылығы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ұсынған екен. Бірақ танымал түрколог ғалымға бұл бұйырмапты. Осыған орай, белгілі журналист Бекен Қайратұлының жазбасын newsroom.kz порталы толық жариялауды жөн көрдік.

"Қаржаубай Сартқожаұлы – атты ғалым ағамыз бар. Бұл кісі қатардағы көп ғалымның бірі емес, түркітану саласы бойынша әлем таныған оқымысты. Кезінде атақты академик Әлкей Марғұлан Қаржакеңнің маңдайынан сипап тұрып: «Балам, сен бақытты қазақсың, Моңғол даласындағы көк түрік ескерткіштерін қолымен ұстап, арқаңды сүйеп жата-жастана зерттеген ғаламдағы жалғыз қазақсың» десе Түркияның Ыстанбұл универстетінің профессоры аса ірі лингвист-ғалым Ахмет Бижан Ержиласун: «Профессор Қаржаубай көк түрік дәуірінде өмірге келіп мың төрт жүз жыл бойы мұздатқышта көк түріктің рухани кодын сақтап, Қазақстан тәуелсіздігін алған соң Тәңір оны тірілтіп біздің ортамызға жіберіп отыр. Оның сыртында бұл ғалым сол Орхон ұстындарының ортасында ойнап өскен, сол қасиетті мұралардың тірі сақшысы болған әулеттің ұрпағы» деген екен («Тағдыр келбеті» газеті. Ұланбатыр қаласы. №89. 1995 жыл, желтоқсан). 
Одан кейін Қаржаубай Сартқожаұлы хақында үлкен қаламгер, сөз зергері Ғабең (Ғабит Мүсірепов) «Қазақ әдебиеті» газетінің 1984 жылғы, № 51 санына: «Қаржаубай Сартқожаұлы бастатқан ғалымдарымыз көне заманның көп сырларын сенімді түрде ашып келді. Бір қызығы бәрі де тарихшылар емес, филолог ғалымдар» десе, кеңестік дәуірдің аса ірі шығыстанушы-түрколог ғалымы Сергей Кляшторный: «Қаржаубай еркін ойлайтын, логикасы тастай сүйегіне түркі сөзі сіңген ғалым. Ол біз ұстанған ұстанымға сыймайтын ғалым. Ұлттық этнолингвистикалық, түркілік салт-дәстүр менталитетін қанына сіңірген ғалым. Оның ғылымға деген құштарлығы ерекше сүйсінтеді» депті («Айқын» газеті, 2007 ж. №19).

Расын айтсақ,  Қаржаубай Сартқожаұлының атқарған еңбегі ұшан-теңіз. Оған дәлел ғалымның қаламынан туған ғылыми монографиялары:
1. «Объедененный каганат тюрков». Астана, 2002 ж.
2. «Орхон мұралары» 1-кітап. Астана, 2003 ж.
3. «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» (М.Жолбасбековпен бірге). 2005 ж.
4. «Полный Атлас Орхонских памятников» (соавторства М.Жолдасбековым). 2007 ж.
5. «Байырғы түрік жазбаларының генезисі». Астана, 2007 ж.
6. «Орхон ескерткіштерінің толық Атласы». І, ІІ, ІІІ том. Алматы, 2019 ж.
7. «Орхон мұралары» 2-кітап. Астана, 2007 ж.
8. «Көне түркі жазба үлгілері: Орхон мұралары». Алматы, 2011 ж.
9. «Шатыртаудағы байырғы түрік мавзолейі». Ұланбатыр. 2013 ж. 
10.  «Моңғолиядағы ежелгі және байырғы түрік майда жазулары». Астана, 2016 ж.
11.  «Үйсін хандығы». Алматы, 2016 ж.
12.  «Таста қалған тағылым». Алматы, 2017 ж.
13.  «Тас кітаптың құпиясы». Алматы, 2017 ж.
14.  «Записки казахского тюрколога». Алматы, 2017 ж.
15.  «Орхон ескерткіштерінің толық атласы». Алматы, 2018 ж.
16.  «Көшпенділердің өнер галереясы» (моңғол тілінде). Ұланбатыр. 2012 ж. 
17.  «Керейлердің этникалық тарихы». Астана, 2021 ж.
18.  «Баба тілінің байырғы мұрасы: зерттеулер». Астана: Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ. 2022 ж. 

Бұның бәрін неге тәпештеп жазып отырмыз: оған себеп – биыл Қаржаубай Сартқожаұлын өзі қызмет атқарып жүрген Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің басшылығы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ұсынған болатын. Расын айтқанда, бұл атақ ғалым ағамызға бұйырар деген үмітте болдық. Бірақ бұйырмады. Жол ортадан біреулер сызып тастаған. Шындығында Қаржакең бұдан да жоғары атаққа лайық тұлға, бірақ мына қоғам шеттетуін қояр емес. 
Ей, билік басында отырған мырзалар! Өздерің айтып жүрген әлгі «Әділетті Қазақстандарың» осы ма? Әлде бұл кісінің географиясы сіздердің нәпсауи танымдарыңызға сай келмей ме? Айтыңдаршы. Сартқожаұлы сияқты күндіз отырмай, түн ұйықтамай, қызыл қанын ағызып, қазақ буданы үшін еңбек еткен кімің бар? Ұят жоқ екен сендерде!!!",- деп жазды журналист.

Жүктелуде...