Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына ресми сапары Төраға Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізуден басталды.

фото: akorda.kz

Қытай елінің басшысы Қазақстан Президентін Бейжіңдегі Халық жиналысы үйінде қарсы алды,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы Президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәртебелі мейманның келуіне орай Құрмет қарауылы сап түзеп тұрды. Содан кейін мемлекеттер басшылары өз делегацияларымен бірге Үлкен шығыс залында келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпиннің «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумына қатысуға шақыруын зор ықыласпен қабыл алып, Қытайға тағы да сапармен келгенін атап өтті. 

─ Қазақстан Сіздің осы жаһандық бастамаңызға алғашқы күннен бастап қолдау білдірді және оны ілгерілетуге белсенді атсалысып келеді. Осыдан тура 10 жыл бұрын Астанада сөйлеген сөзіңізде Сіздің осы бастама туралы айтқаныңыз есімізде. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Сізді осы мегажобаны жүзеге асыру барысында керемет нәтижеге қол жеткізуіңізбен құттықтаймын және айтулы шараның табысты өтуіне тілектестік білдіремін. Сондай-ақ Сізді Қытай Халық Республикасының құрылғанына 74 жыл толуымен және Ханчжоуда өткен XIX жазғы Азия ойындарындағы Қытай командасының зор жетістігімен құттықтаймын. Біз Қытайдың қарқынды дамуын ерекше ықыласпен бақылап отырмыз. Сіздің дана басшылығыңызбен Қытай әлемдік жетекші державаға айналуды көздеген асқақ мұратына жетуге батыл қадам жасап келеді, – деді Президент.

Жүктелуде...