"Мойнындағы алтын бұйымдарын жұлып алған"

Алматыда түнде әйелдерді тонаумен айналысқан күдікті ұсталды

фото: polisia.kz

Алматы полиция басқармасы кешкілік уақытта әйелдерді тонаумен айналысқан күдіктіні құрықтады,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, ҚР ҚК-нің 191-бабы 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деген күдікке ілінген 46 жастағы азаматқа қатысты екі тонау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

"Күдікті заңсыз баю мақсатында түнде кеш қайтып келе жатқан әйелдерді аңдып, олардың мойындағы алтын бұйымдарын жұлып алған. Тергеу барысында, кешкі уақытта қаладағы аудандардың бірінде болған күдікті өтіп бара жатқан адамның мойнындағы алқаны жұлып алып, жәбірленушіге 150 мың теңге көлемінде шығын келтіргені белгілі болды. Айғақты заттар тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына қосылды. Айтпақшы, ер адам бұған дейін де осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотталған", - делінген хабарламада.

Қазір тергеушілер күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғын анықтап, айғақтарды әзірлеп жатыр. ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жарияланбайды.

Жүктелуде...