Жаңалықтар

Түркістанда Әбдісалан Нұрмахановты еске алуға арналған бокстан турнир өтті

  Әбдісалан Нұрмахановтың құрметіне Түркістанда дәстүрлі бокс бәсекесінің ұйымдастырылуы да заңды. Себебі ол кісінің ұлтына сіңірген еңбегі көп. Ол боксшы ретінде ғана туған халқының намысын көтеріп қойған жоқ, ғалым ретінде де осы саланың дамуына үлес қосты. Ал бапкерлік қызметте Нұрмахановтың спорттағы екінші дәурені басталды десек, артық айтқандық емес. КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Қазақстанның 1957 – 1967 жылдар аралығында 10 дүркін чемпионы, КСРО чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, КСРО халықтары спартакиадасының екі мәрте қола жүлдегері, Азия-Африка ойындарының жеңімпазы атағына ие болған. Жүздеген жас Нұрмахановтан тәлім алды. Кезінде даңқты боксшыдан, майталман маманнан бокстың қыр-сырын үйренген жігіттер қазір елдің әр қиырында еңбек етіп жүр. Солардың қай-қайсысы да Әбекеңді ілтипатпен еске алатыны даусыз. Себебі Нұрмаханов – қазақ спортының тарихында із қалдырған айтулы тұлға. Ол барлық кездесуін нокаутпен аяқтаған. Боксшы  239 кездесу өткізіп, соның ішінде 222-інде жеңіске жеткен. 1996 жылғы Атланта олимпиадасында Әбдісалан Нұрмахановтың шәкірттері бір алтын, бір күміс, екі қола медальді жеңіп алып, жалпы командалық есепте Куба, Болгария құрамаларынан кейін үшінші орынды жеңіп алды. Қазақ боксы бұрын-соңды мұндай биікке жетіп көрмеген еді. Бес құрлықтың мықты деген мамандары қазақ жігіттерінің бұл табысына қайран қалды. Әлем жұртшылығы Қазақстанды боксшыларымыздың тамаша табысы арқылы тани бастады. Сол Олимпиадада Қазақстан спортшылары барлығы он бір медальға ие болса, соның төртеуі Нұрмахановтың командасының үлесінде. Василий Жиров Қазақстан боксшыларынан бірінші болып, ең үздік боксшыға тағайындалған Вэл Баркер кубогын жеңіп алды. Осыған орай, Түркістан қаласындағы «Olympic center» спорт кешенінде КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, бокстан ұлттық құраманың бас бапкері болған Әбдісалан Нұрмахановты еске алуға арналған ХХІХ халықаралық турнир басталды, деп хабарлайды newsroom.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Ересектер арасында бокс додасының ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев “Әбдісалан Нұрмаханов даңқты боксшы әрі бапкер тұлғаның есімі тарихта мәңгі қалады. Бұндай халықаралық бокстан турнир өткізу өте маңызды. Ол Кеңестік дәуірде боксшы болғанымен қоймай, Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық құрама бапкері қызметін атқарды. Ол бүгінгі таңдағы чемпиондарды тәрбиелеп үлгерді. Оның есім әрқашан тарихта алтын жазумен жазылады”,-деді ол. Сонымен қатар бокстан Қазақстан ұлттық құрама командасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов та өз кезегінде нар тұлға туралы ой қозғап, қатысушыларға сәттілік тіледі. Әбдісалан Нұрмахановтың жары Күлпәш Ғалымжанқызы еске алды. “Ұлттық боксымыздағы орны өзінен бұрын КСРО чемпионатында республикаға тұңғыш қола, күміс және алтын медальдарды алып берген алдындағы ағаларынан да, жоғарыда айтылған айтулы аламандарда бірнеше мәрте топ жарған кейінгі інілерінен де ешқашан төмен болған емес. Себебі, көзінің тірісінде-ақ аты аңызға айналған ол тұтас бір дәуірдің кескін-келбетін танытатын толымды тұлғасы, спорттың осы түрінің нағыз қозғаушы күші ретінде халқының жадында мәңгіге қалып қойды”,-деп ой қозғады. Дүбірлі сайысқа Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Камбоджа, Моңғолия, Куба елдерінен және еліміздің барлық аймағынан жұдырықты жігіттер қатысып жатыр. Рингте боксшылар 13 салмақ дәрежесінде 163 спортшы бақ сынауда. Халықаралық турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері 19 сәуір күні анықталды. Шаршы алаңға шыққан барлық жұдырықты жігіттер нағыз бастарында екендіктерін көрсетті. Халықаралық бокс додасында Қазақстанның намысын қорғаған Түркістан облысының талантты өрендері сенімді ақтады. Атап айтсақ, Әбдіғалым Абдикарим 67 келі салмақта топ жарса, 75 келі салмақта жасындай Рамазан Дауетай чемпион болды. 80 келіде түркістандық Бекболат Әбдікерімнің бағы жанып, жеңімпаз атанса, +92 келі салмақта Даниаль Сапарбайдың бағы жанды. Марапаттау жиынына қатысқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев, Әбдісалан Нұрмахановтың жары Күлпәш Ғалымжанқызы турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады. Қорыта келгенде, Түркістан облысының спортшылары 4 алтын, 3 күміс және 6 қола медаль еншілеп, көш бастады. Ал командалық екінші орынды Шымкент қаласының боксшылары иеленсе, Алматы қаласының құрамасы үшінші орынды місе тұтты. Әбдісалан Нұрмаханов 1993 жылдан бастап бокстан Қазақстан ұлттық құрама командасының бас бапкері атанды. Қазақстан құрамасы бұрынғыдан күшейе түсті. 1995 жылы Ташкент қаласында өткен Азия чемпионатында қазақтар 6 алтын жүлдені жеңіп алды. 1996 жылы өткен Жазғы Олимпиада ойындарында Әбдісалан ағаның шәкірттері 1 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте 3 орынды иеленді. Осы Олимпиада ойындарында Василий Жиров ең үздік боксшыға тағайындалған Вэл Баркер кубогын еншіледі. Кеңестік боксшы және еліміздің ұлттық құраманың бапкері Әбдісалан Нұрмахановтың өз естелігінен үзінді жариялаған дұрыс болар. Сол кездегі рингтегі талай мәрте жеңіске жетіп тұрса да, жеңіліп қалған кездері туралы өз ойын бүкпесіз айтқан. “1957 жылы техникумды тәмамдаған бетте аса ауыр салмақ дәрежесі бойынша түрлі жарыстарға қатыса бастадым. Арада бір-екі жыл өткенде бүкілодақтық аренаға шықтым. Сол кездері аса ауыр салмақта Алексей Абрамов, Лев Мухин, Альгидес Шоцикас, Александр Изосимов, Янус Ландерс, Валерий Решетняк сынды кілең сайдың тасындай жігіттер үстемдік құрып жүрген. Уақыт оза солардың барлығынан айламды асырсам да, Абрамовқа келгенде бағым байланды. Онымен бес рет жекпе-жекке шықтым. Алғашқы екі бәсекеде жеңілгенімді мойындаймын. Одан кейін тең түсіп жүрдік. Әйтсе де төрешілер бұра тартып, жеңісті әйгілі қарсыласыма беріп қойды. Өйткені Андрейдің мерейі үнемі үстем болатынына көпшіліктің көзі үйреніп қалған. Салмағы 110 келден асатын Абрамов сол кездің өзінде үш рет Еуропаның және алты рет КСРО чемпионы атанып үлгерген. 1962 жылы Киевте өткен КСРО чемпионатының ақтық айқасында екеуміздің жолымыз қайта қиысты. Мен оны екі рет ұрып жықтым. Төреші екі ретінде де 10 секундтың орнына 15-ке дейін санап, қарсыласымның ес жиюына мүмкіндік берді. Сол бәсекеде оны оңдырмай сабадым. Алайда жеңіс 3:2 есебімен аяғынан әзер тұрған Абрамовқа бұйырды. Ол кезде саясат солай болды”,-деген еді. 2002 жылдың 14 маусымында Алматыда даңқты боксшы, білікті бапкер мәңгілік сапарға аттанды. Қандықол қарақшы Әбдісалан Нұрмахановқа ту сыртынан оқ атқан. Өзі өлгенімен, артында өшпестей есімі қалды. Атланта Олимпиадасында өзінің нағыз майталман бапкер екенін көрсетіп, қазақ спортының тарихында өшпес із қалдырған қайраткер атында Түркістанда спорт мектебі бар. Жыл сайын Әбдісалан Нұрмаханов атындағы дәстүрлі турнирі тұрақты өтіп келеді.