Жаңалықтар

Дархан МЫҢБАЙ: “Кісінің абыройы, жақсы аты - аса қымбат дүние”

  Белгілі Мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай адамдардың пендешілікке салынып, абыройдан аттап, қиянат жасайтыны, өзгенің жақсы атын жаман ететін жандардың арамызда бар екені туралы фейсбук парақшасына жариялады, деп хабарлайды newsroom.kz. “Кім болсаңыз да, қандай жағдайда да жүрсеңіз де қадір-қасиетті жоғалтпау, ардан аттамау өзіңізге ғана байланысты. Адам болмысын, жаратылысын ешкімнен жасыра алмайды. Сондықтан туа біткен қасиет пен болмыс қағазға хатталып, мөр басылған мінездемеден әлдеқайда шынайы. Қарақан басын ойлаған жан өз мінезі мен халық мінезінің байланысын, парқын ажырата алмайды. Ал ұлт дәстүрін, ата-ана тәрбиесін, ұрпақ болашағын ойлаған адам жақсы аты үшін қам жейді,-деп жазды ол. “Беті ашылып кеткендер” тұрмыс тауқыметіне шыдай алмай, ар-ұяттың пердесін ысырып қойып, үлкен-кішінің көзінше оғаш мінез, ерсі қылық танытып, бейпіл сөзді қарша борататындар шықты. Көптің басы қосылған жиындарда бетің бар, жүзің бар деместен ожарлық, оспадарлық жасауды өжеттікке, батылдыққа балайтындар пайда болды. Онысын сыбайласы таспаға түсіріп, жерден жеті қоян тапқандай әлеуметтік желіге жариялап жатты. Сонда көрер көзге түрпі, естір құлаққа ерсі қылықтан, кикілжіңнен, ұрыс-керістен кімге пайда? Өзгенің абыройын төгуі өзіне опа бола қояр ма екен? Әдетте, ұлтымыз кісіні тыңдай білуді, сабыр сақтауды, жөн сөзге тоқтауды - сыпайылық, әдептілік, мәдениеттілік үлгі-өнегесі деп санаған. Қандай да бір дау-шарды шешу барысында ел естияр, егде адамының, ақсақалдың пікіріне құлақ асып жүгінген, әділ төрелікке мойын ұсынған. Өйткені, көңілге түскен кірбіңнің кететінін, ал сүйекке жабысқан таңба ұрпақтан ұрпаққа жететінін ескерген. Оның үстіне “жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық” деген даналық бар. Бұл әрбір отағасын жақсылық жасауға үндейді деп ойлаймыз. Әкенің кез-келген іс-әрекеті, амалы бала-шағасының алдынан шығатынын ұмытпаған жөн. Жалпы, қоғамда атадан балаға мирас жақсы атты сақтап қалу - зор жауапкершілік, айрықша аманат. Кісінің абырой-атағы, жақсы аты - аса қымбат дүние. Бұл - үлкен әдептің көрінісі, ар-ұятқа байлаулы ұғым, ішкі мәдениеттің мәйегі, адамшылық жолы. Ол адамның отбасына, Отанына қатысты өмірлік ұстанымынан, жеке қадір-қасиетінен, азаматтығынан, шешімді қадамынан, қарапайым да жүйелі әрекетінен, қағидатшыл ұстанымынан тұрады. Сол арқылы жақсы ат көпке жайылады, танымалдығы артады. Ол жөнінде көпшіліктің ортақ пікірі қалыптасады. Ал бүкіл әлемде, соның ішінде біздің қоғамда талай құндылық өзгеріске ұшырап жатқанда абыройдың қадіріне жету мен оны сақтау мен бағалау - адамдық өлшемі болып қала бермек. Осы шартқа сай адамдар бар салада да бағы жанып, жолы ашылатыны сөзсіз. Абырой арқалау мақсат емес, адамшылық - мақсат,-деп жазды өз жазбасында.