Жаңалықтар

Манкент селосындағы күштеу колхоздастыру және оған қарсы ереуілдің көрінісі

Сайрам ауданындағы колхоздар құрылысының қалай жүзеге асқаны туралы архив материалдарын жариялауды жалғастырамыз. Бұл жолы Манкент селосындағы жергілікті байлардың мүлкін тәркілеу және олардың көздерін құрту саясаты сол кездегі тоталитарлық жүйенің басты мақсаты болғаны  туралы дерек келтіреміз.

Манкент селосындағы бай - кулактардың кәмпескеге ілінгендерінің тізімдерін Түркістан облысы мемлекеттік архивінде«Сайрам аудандық прокуратурасының  өндірістік бақылаудағы» №168 Қордағы және «облыстық сот материалдары» деп аталатын №217 Қор және  «Сайрам ауданы сотының материалдары» деп аталған №505 Қордағы істерденоқуға болады. 1929-1931 жылдарда Сайрам ауданының  Манкент селосы да күштеп ұжымдастыруға душар болды.Манкент селосына қарасты «Ленин» колхоз-ының тұрғындары Қажиматов Айтмат Ерсиматуғли, Рахматов, Ашурматовтар Қылмыстық кодекстің 58-бабының 9,10 тармақтары және 73 ші баппен құғынға ұшырады.Олардың кәсіптерібөз тоқушы - қолөнерші, киім тігінші еді.  Жеке тігін машиналары мен жеке дүкендері деболды. Жалдамалы жұмыскерлердің еңбектерін пайдаланды. «Қанаушылар» ретінде тұтқын-далуға дейін «Ташкент жаққа қашып кетуіне байланысты...» деп іс уақытша тоқтатылған.Осылайша,Рахматов пен Ашурматовқа іздеу жарияланады.Ал Қажиматов Айтматтың белгісіз жағдайда қайтыс болғандығы туралы мәлімет бар. Ең қызық деректер Манкент селосының аға - інілі байлары Бердикулов Назар  мен Бердикулов Султанкұлға қатысты кездесті. Олар ОГПУ тарапынан тұтқындалған 1930 жылы Султанкұл 51 жаста, Назар 49 жаста болыпты (505 қор, 1тізбе, 1 бума, 13-іс.). Сол жылы әрқайсынына 100 пұттан мақта салығы салынады. Бірнеше жылқы мен ірі қара малдары кәмпескіленеді. Олар,1929 жылға дейін адамдарға пайызға ақша беріп өсімқорлықпен айналысып келген екен. Жыл сайын бірнеше кедей шаруалардың еңбектерін өз қожалықтарында  пайдаланып келген «эксплуотаторлар» деп айып тағылған. Кеңес өкіметі көрсеткеносындай әділетсіздікке олар шыдай алмай Манкентте 1930 жылдың мамырында 500 ге жуықадам қатысқан  ереуіл-митинг ұйымдастырады. Ол ереуіл милицияның, халық жасақтарының күшімен таратылады. Ағайынды Бердіқұловтар тұтқындалады. Олар колхоздарды таратуға байланысты және кеңес билігінің жүйесіне қарсы ашық насихат жүргізгені үшін  РСФСР қылмыстық кодексінің 58-10 бап, 61-3 баптарымен істі болады. Ереуіл жасады деп айыпталады. Ол жөнінде мына куәгерлерден жауап алынған екен: Рузиметов Ризатай-батрак, Ниязқұлов Ергеш 1926 жылдан партия мүшесі, Нишанов Қидир, Ибраимов Рузакул, Мурзакамданов Мамадияр - батрак, Сариев Ишанқұл - 1919 жылдан партия мүшесі, Каримов Макхам – кедей-батрак, Кущаков Абдуғафур - кедей,  Кушаков Абдураим- партия мүшесі, Нарқараев Вали. Бұлардың барлығы колхозға қарсы ереуілді басты ұйымдастырушылар Бердіқұловтар екенін көрсеткен. Олар: «Бердіқұловтардың ата- бабалары бай болған, өсімқор болған, олар бізді кеңес билігіне қарсы ашық наразылыққа шақырды...» дептүсінік хат берген. Олардың ісін ОГПУ дің бригадир уәкілі Джумалин жүргізеді. 1930 жылы 27 желтоқсанда аяқталған тергеу ісінде 9 байдың аты- жөндері аталған. Ол байлардың аты-жөндерін де атап көрсетейік: Нишанов Хайдар-51 жаста, Шокосимов Тургунбай , Мирзаев Абдулла - 27 жаста, Сайпназаров Хабибулла - 45 жаста, Ташметов Касимбек - 29 жаста, Акназаров Мулланазар. Бұлардың барлығы тергеу хаттамасында басты ұйымдастырушылар ағайынды (ака-ука) Бердіқұловтар екенін көрсетеді. Сайрам аудандық прокуратурасы оларды қылмыстық жауапкершілікке тартып, 10  жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына ұсынады. Аудандық сот оларды осы жазамен лагерге жабады. Манкенттік ағайынды Бердіқұлов Султанқұл мен Назарды кеңестік тоталитаризмге қарсы шыққан батырлар деп көрсетуге әбден болады. Және оларды мектептің өлкетанушылық оқу құралына қосу керек деп есептеймін. Олар азаттық жолда күресіп,  айдауда мерт болған тұлғалар еді. 1930 жылы 22  қыркүйекте «Ақ су» селосында Сайрам ауданы прокуроры Ташмухамедов, милиция бастығы, саяси бөлімінің уәкілі және халық судья-сының басқосуымен кеңейтілген мәжілісі өтеді. 1930 жылғы мамырдағы Манкентте орын алған ереуілден қорытынды шығара отырып мәжілісте былай тоқтамға келеді: (сөзбе-сөз арапша өзбек тілінен аударылып отыр –Б.А.) Аудандық милиция бастықтары көбінесе орындамай   қысқа мерзімде ауыса бергендіктен істің жанды түрде жүруіне кедерге келіп, милицияның істеген ісі төмендегіше өте нашар түрде болған деп көрсетеді. А) Милицияның құрамы дұрыс түзілмеген де түзіп жөндеуге әрекет етілмеген; Б) Аудандық милцияға қарасты милиция орындарының істері қалай жүру керектігі туралы ешқандай жолбасшылық болмауымен бірге олардың істеген ісінен ешқандай мәлімет алып, танысып отырмаған. Д) Милицияның жалпы іс жүргізу түреті дұрыс жолға қойылмаған; С) Милициялардың білім жағы көтерілмеген бұрынғы мәжіліс қарарлары іске асырылмаған. «Қ» атты қышлақтың каттасы Қарабұлақ бола тұрып, мұндағы милиция орындары дұрыс жолға қойылмаған; О) Қарабулақ милициясының істеген ісі өте нашар болып, үстімізде жүрген саяси науқандар қанша қылмыстық бола тұрып, бір істі амалға асырылмаған. Ж) Милицияның абыройын төгіп «қызыл милицияның» атын былғап жүрген. Осы жоғарыдағыларды негіз етіп төмендегілерді жүктейміз:

  1. Аудандық милицияның составын дұрыс жолға қоюға аудандық прокурор келісуімен орындауды милиция бастығына жүктеуге;
  2. Милиция қасынан ұйыстырусыз жатқан еріксіз жұмыскерлер бюросын бүгінен бастап, ұйыстыруға
  3. Милицияның штатын көбейтуге мүмкіндік болмаған күнде ведомостшілер көбейту жағын көздеп орындауды милиция бастығына жүктеуге;
  4. Милициялардың білім көтеру үшін курс ашу;
  5. Милицияларды милиция бастығының рұқсатынан тысқары басқа кеңселерге пайдалануға жол берілмесін;
  6. Өз міндетін атқармай милиция бастығының рұқсатынан тысқары абыройын кетіріп жүрген милициялар мен катта түрде (қатаң) күресу;
  7. Милициялардың киім, құрал жағы қамсыз болуға тиістілігін аудандық аткомнан сөйлесуге прокурор арқылы орындалын т.б.ескере отырып аудан прокуроры Ташмухамедовты тыңдап мынадай тоқтамға келеміз» дейді.

Ары қарай, заң қызметкерлері өзіміздің заң жолымен берілген құқықтарымызбен тап жолын (тапкүресі-Б.А.) толық қолданып жүктелген міндетімізді толық түрде атқаруға уәде береміз.

  1. Заң қызметкерлеріне заң жолынан тысқары өз міндеттерін атқаруға кедергілік жасаған заң орнынан басқа кеңселер болғанда күнде бұдан былай болмау жағын қарап, аудандық прокурор келісіп алған күнде ғана ондайларға жол берілсін.
  2. Қара бұқара, әсіресе әйелдер ортасында төңкеріс заңын түсіндіру туралы айырықша заң адамдары жіберіліп, түсінік берілсін. Мұны орындау жағы жолбасшылық ретінде аудандық прокурорға жүктелсін.Мәжіліс бастығы Ташмұқмедов, хатшы Ақсанов депқол қойған. (ТОМА, 168 қор. 1 -тізбе, 3 бума, 76 іс. 46 парақ.).

Қорыта айтсақ, Манкентте колхоз құрылысының алғашқы жылдары дұрыс жұмыс жүргізілмеген. Милицияға және бұқара халыққа «төңкеріс заңы» мәжбүрлеп үгіт-насихат жасалған. Азық-түлік түріндегі ет, астық та  мәжбүр-леп салынған. Ауылдыңасыраушыларыболған байларға бұл қатаң салықтар қатты зардап боп тиген. Осыдан азық-түлік тапшылығы орын алған. Ақыр соңында халық аштыққа ұшырайды.Қылмыстық кодекстің 58-10, 7 тармақтарына сәйкесоларға «колхозға қарсы үгіт насихат жұмысын жүргізді, малдарын базарға сатып пұлдады, қолдан сойып тастады, ет салығын төлемеді т.б» деген секілді тағылған айыптар негізсіз болатын. Ең бастысы, байлар өздеріне тағылған осы айыптарды  мойындамады. Архивқұжаттарындағы мәліметтерді оқи отырып, күштеп колхоздастыру науқаны кезеңіндегі байлардың «қылмыстарын»халыққа жасаған қылмыс деуге келмейтіндігіне көз жеткізесіз. Сол себепті байларды ақтауға-реабилитация жасауға болады деп санаймын.  

Бахадыр Айтай, ОҚМПУ дің аға оқытушысы, т.ғ.к.

Саяси құғын- сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі

мемлекеттік комиссияның мүшесі.