Жаңалықтар

Түркістанның тумасы тұңғыш кәсіби дипломат Н.Төреқұлов кім еді?

Өткен ғасырдың басында ұлт үшін өлшеусіз қызмет жасаған алаш қайраткерлерінің ішінде Нәзір Төреқұловтың есімі ерекше құрметпен аталады. Нәзірдің ата–бабасы Оңтүстік Қазақстан облысының Қандөз ауылының төл баласы. Болашақ кеңес дипломаты, мемлекет қайраткері, ғалым 1892 жылы қазан айында Сыр бойының Түркістан өңірінде мақта саудасымен айналысатын дәулетті отбасында дүниеге келді.

Әкесі Төреқұл заң және сауда қызметкері. Анасы Гүлбаһрам – тәжік қызы – аса діндар адам болған. Төреқұлдың үш баласының тұңғышы Нәзір, екінші ұлы Әбдіқадыр және Фатима атты қызы болды. Балалық, жастық шағын Қоқан қаласында өткеріп, осындағы медреседе, орыс–түзем мектебінде оқып, 1913 жылы Қоқан коммерция училищесінің сегізінші класын ойдағыдай аяқтаған Н.Төреқұлов, Мәскеу коммерция институтына оқуға түседі. Мұнда экономикалық пәндерді оқып үйренумен қатар, Нәзірдің өзі бала жасынан зор қабілеттілігін танытқан шет тілдерді үйренудің жаңа мүмкіндігі туды. Орыс және түрік тілдерін жетік біліп, француз бен неміс тілдерінде еркін сөйлей алатын дәрежеге жетті. Мәскеу коммерция институтының З курсынан 1916 жылы өз еркімен Батыс майданының «Земсоюз» нұсқаушылығына сұранып, Орта Азия жастарының саяси күресін бастаған серкесіне айналды. Өз ғұмырын халық азаттығы жолындағы күреске арнаған Нәзір, 1917–1920 жылдары үгітшілік, сауат ашу т.б. идеологиялық жұмыстармен айналысып, «Қазақ мұңы», «Халық газетасы», «Янги шарқ», газеттеріне редакторлық жасады. Минск маңында Қазақстаннан барған жастардан «Еркін дала» атты жасырын ұйым құрады. Ұйымның мақсаты шығыс халықтарының ұлт-азаттық қозғалысына көмектесу еді. Яғни, Нәзір Төреқұлов XX ғасыр басындағы ұлы өзгерістер кезеңінде тарих толқынымен сахнаға шыққан күрескер. Дүниетанымы демократиялық бағытта қалыптасқан мемлекет және қоғам қайраткері! Жиырмасыншы жылдары Түркістан Республикасының бірінші хатшысы болып сайлануының өзі көп жайтты аңғартқандай. Өйткені, ол жылдары Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышпаев секілді «сен тұр, мен атайын» дерлік ірі тұлғалар Ташкентте шоғырланғанын, Нәзір солардың қалауымен жас Түркістан Республикасы бірінші хатшысы болып сайланғанын ескерсек көп мәселеге көз жеткіземіз. Міне, осы бір күндерден басталған қайраткерлік жол жалындаған жастық ғұмырын қиып түскен сталиндік репрессияга дейін жалғасты. Ол бірде ағартушы, бірде баспагер, енді бірде Елші болып бой тастайды. Соның қай–қайсысында да халық қамын жеген қайраткер дәрежесінен бірде–бір рет ауытқымай өтті. Нәзір Төреқұлов үлкен қаламгер. Жастай жалындап өлең жазған ол аласапыран уақытта Торғайға барып «Қазақ мұңы» газетін шығарды. 1916–17 жылдары толқыған Торғай күрескерлер шоғырланған төңкерісшіл ойдың бесігі болғаны өздеріңізге мәлім. Демек Торғайда демократияшыл ойға рухани тамызық берген, қоғамдық ойдың қозғаушысына айналған тұлға — Нәзір Төреқұлов! Ташкентте «Темірқазық» журналын ұйымдастырып шығарып тұрды. Қаламы ұшталып, ойы толысқан ол қазақ, өзбек, тәжік тілдерінде халықтың көкейкесті мәселелерін қозғап көптеген мақалалар жазып жариялады. Бұл орайда Нәзір Төреқұловты отты публицист ретінде танимыз. Нәзір Төреқұлов қазақ, өзбек, тәжік тілдерін «ана тілім» деп білген, татар, башқұрт, қырғыз, әзірбайжан тілдерінде оқыған, ағылшын тілін білген, аз уақытта араб тілін игерген — полиглот азамат, игерген білімін іске жаратқан үлкен оқымысты ғалым. 1926 жылдың наурызында Бакуде өткен І Бүкілодақтық түркітанушылар съезінде түркі тілдес халықтар бірі екіншісімен тілдескенде өзара тез түсінісіп, бауырлас халықтар екендігін сезіне білулері үшін ортақ жазба қарпі қажеттігі алғаш рет көтерілген болатын. Осы съезде латын қарпін қабылдауын негіздеп сөйлегендердің бірі Нәзір Төреқұлов болды. Ол ұлттық рухқа, барлық талапқа сай, «тарихи тамырлы» әліпби, латыншаға негізделген, жаңа жазуды ең заманауи, мәдени және техникалық негізде жасауға мүмкіндік беретін жаңа латын әліпбиі екенін атап өтті. Нәзір Төреқұлов Қазақстандагы алғашқы баспагерлердің бірі. Ұлт республикасында баспа ісін ұйымдастырушы болған ол Мөскеуде 1922–28 жылдары «Күншығыс халықтары Орталық баспасында» бас редактор болып істеді. Халық даналығы дерлік түркі халықтары мақал–мәтелдері, жұмбақтарын кітап етіп бастырды. Қазақ Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, өзбек Абдолла Аблани, башқұрт Вилданов секілді түркі халықтары ардақтыларын шығармашылық іске тартты. 1918 жылы РКП (б) қатарына өтіп, Қоқан автономиясын құлатуға қатысқан. Қоқан Ревком председателінің орынбасары және хатшысы болды. Ферғана облревкомының және Түркістан Республикасы Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болды. Нәзір Төреқұлов Түркістан Республикасы Орталық атқару Комитетінің төрағасы ретінде Қырғыз Республикасының этнографикалыққұрылымына және тұрмыстық ерекшіліктеріне сәйкес болып келетін Красноводск уезінің Маңғышлақ уезі мен №4 және №5 Адай болыстықтарын Қырғыз (Қазақ) Советтік Социалистік Автономиялы Республикасына беру жөнінде 1920 жылы 16 қазанда №341 Декретіне қол қойған болатын. Міне осы Түркістан Республикасы Орталық Атқару Комитетінің қаулысы бойынша Маңғыстау түбегінің елімізге берілуі Нәзір Төреқұловтың жемісті еңбегінің нәтижесі екенін көреміз. 1920 жылы Түркістан КП Уақытша орталық комитетінің мүшесі және оның Атқару бюросының жауапты секретары қызметін атқарды. 1922 ж. Түркістан Республикасының Оқу–ағарту комиссары болып сайланды. 1922 жылдың қыркүйегінен КСРО ОАК жанындағы Орталық баспаның басқарма бастығы, сонымен бірге Москваның жоғары оқу орындарында шығыс тілдерінен сабақ береді, ғылыми еңбектер жазды. Оның «Бұхара Советтік Халық Республикасы», «Қоқан автономиясы», «Ферғана мәселесі» деген тарихи шығармалары бар. Өзбек мектебі үшін алғашқы оқулықтар жазды. 1923 жылы «Темірқазық» журналын шығара бастады. Журнал қазақ әдебиетіндегі кенжелеп қалған сын мәселесіне көңіл аудара бастады. «Нәзір жолдастың сыны қазақ әдебиетіндегі алғашқы сын деп айтуға болады». (С.Мұқанов. «Қызыл Қазақстан». № 16, 1923 ж). Н.Төреқұловтың оқу–ағарту саласындағы атқарған жұмыстары, айтқан сөздері, жазған мақалалары бүгінгі күнге дейін күн тәртібінен түспей келеді. Кезінде ол елді сауаттандыруға баса назар аударып, бірінші кезекте жергілікті ұлттық мамандарды даярлауға ерекше мән берген еді. Осы ұлттық мамандар арқылы ұлттық мектептер ашуға, әр ұлттың өз тілінде білім алуына баса назар аударды. Ташкентте тұңғыш қазақ жоғары оқу орнының ашылуына да Нәзір Төреқұлов мұрындық болды.1925 жылы өткен І бүкілодақтық мұғалімдер съезінде Н.Төреқұлов «Ұлт мәселесі және мектеп» атты баяндама жасады. Түркістаннан тысқары кеткен соң Нәзір Мәскеудегі КСРО халықтарының Орталық баспасын басқарды, ғылыми–педагогикалық жұмысқа араласты. КСРО Ғылыми академиясы түркология секторын басқарып, ғылымға біржолата ден қояды. Н.Төреқұлов 1922– 1926 жылдары Мәскеуге шақырылып, КСРО халықтарының Орталық баспасын басқарды, ғылыми–педагогикалық жұмысқа араласқан. Шығыс еңбекшілерінің Коммунистік университетінде (КУТВ) дәріс оқып, біраз уақыт осы оқу орнында проректорлық қызмет атқарған. Осы жылдары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев сияқты ақыл–ой алыптары, «алашордашылдарды» қамқорлығына алып, қолдау көрсетеді. 1927 жылы Нәзір Төреқұлов БКП(б) ОК–нің және КСРО Сыртқы істер халық комиссариатының резервіне алынады. Яғни, Сыртқы істертнаркомы тәжірибесі мол, біліміді адам ретінде оны осы іске лайықты деп тапты. Сол жылдары Нәзір Төреқұловтың кандидатурасын жақтаған КСРО Сыртқы істер халық комиссариаты Сталиннің атына ресми хат жолдайды. Сталин Оны осы орынға лайықты деп тауып, келісімін береді. 1927 жылдың 24 қарашасындағы Саяси бюроның мәжілісінде (№137 хаттама) жолдас Н.Төреқұловты Хиджаз, Неджд және біріктірілген аймақтарға елші етіп жіберу жөнінде шешім қабылданады. 1928 жылы небәрі 36 жасында ол Хиджаздағы (Сауд Аравиясы) КСРО–ның өкілетті уәкілі болып тағайындалады. Ол кезде мұндай жауапты қызметке жас адамның тағайындалуы дипломотиялық тәжірибеде өте сирек кездесетін жайт. Араға екі жыл салып, Нәзір Төреқұлов КСРО–дағы тұңғыш қазақ елшісі атанды. Жаңадан іргесі қаланып, әлемді тек мұнайымен ғана емес, рухани байлығымен аузына қаратқан Сауд Аравиясына КСРО– ның елшісі болу әншейінгі кезекті қызмет емес еді. Бұл елге елші таңдаудың өзі үлкен саясаттың жемісі болатын. Тағайындау алдында мұсылмандығы, қабілеті, білім дәрежесі, қазақ халқының өкілі екендігі бәрі–бәрі ескерілген. Оның үстіне Түркістан Автономиясында оқып, білім алғаны, қызмет істегені еске алынды. Осылай ол алып империяның өкілі ретінде шетелде 8 жыл бойы қайраткерлік көрсетті. Н.Төреқұловтың есімі тұңғыш қазақ елшілерінің бірі ретінде Қазақстан дипломатиясында мәңгілікке жазылған. Халқымыздың «Елдестірмек – елшіден, жауластырмақ – жаушыдан» деген қанатты сөзіне сай, Н.Төреқұлов Кеңестер Одағының Таяу Шығыстағы саясатын ілгерілету үшін маңызды ел болған Сауд Аравиясымен дипломатиялық қарым–қатынастарының бастау–бұлағында тұрып, өзінің миссиясын жоғары деңгейде атқарғаны белгілі. Өзінің жоғары білімділігі мен біліктілігіне қоса, шығыстың діні мен тілін түсініп, терең құрметтеген Н.Төреқұлов шығыс адамына тән мәмілегерлік талантын толық ашып көрсете алды. Сауд Аравиясы Королінің отбасына ықпал етудегі Ұлыбритания өкілі мен Кеңестер Одағының өкілі арасындағы бәсеке біздің қандасымыздың үлесіне шешулі оның табиғи мәмілегерлік қасиеттерін, қажырлы еңбегін көрсетеді. Сауда-саттық, шаруашылық саласында жасаған ұланғайыр қызметімен қатар, Король отбасымен жақын араласып игілікті көп істер атқарады, Король Әбдел Әзиз әл–Саудтың мұрагері Ханзада Фейсалдың КСРО–ға 10 күн бойы сапар шегуін ұйымдастыруы да елшілік қызметіндегі үлкен табысы, айрықша қайраткерлігі еді. Оның терең білімі мен кәсіби дағдысына, адами болмысына тәнті болған король мен оның отбасы оған ерекше құрмет көрсетті. Ауғанстан, Түркия, Иран, Ирак, Сирия, Иордания елшілерімен де араласып, достық қарым–қатынас орнатуға мүмкіндік туғызуы, сол кезде елшілікке қазіргідей жағдай туғызылмағанын ескерсек, адам сенбейтін ерлік еді. Н.Төреқұловтың Сауд Аравиясындағы сегіз жылға созылған дипломатиялық қызметі бірнеше ғасырлық тәжірибесі бар Ресейдің дипломатиясында да жоғары бағаланып отырғаны қуанышты. Сонымен қатар оның елшілік таланты мен күш–жігері Сауд Аравиясы тарапынан да өте жоғары бағаға ие болғаны аян. Еуропалық білім алған, шығыс мәдениеті мен мәнерін бойына дарытып өскен, жергілікті салт–дәстүрлерді сыйлап, өзі мұсылмандықты ұстануы елші Н.Төреқұловтың дипломатиялық корпус арасында шоқтығы биік болуына өз ықпалын тигізді. Сонымен, Н.Төреқұловтың КСРО дипломатиясы мен саяси тарихындағы алар орны ерекше екендігіне ешкім шүбә келтірмес. Бірақ, осыншама еңбек атқаруына қарамастан, Алаштың абзал арыстары С.Қожанов, Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин сияқты Н.Төреқұлов та кеңес үкіметінің солақай саясатының құрбаны болды. Бір айырмашылығы, Н. Төреқұлов дербес мемлекет құруды армандаған алаш ордалықтардың құрамында болғаны үшін емес, мұсылман елдер өкілдерімен тығыз байланыста болғаны және мұсылмандьқ дінді сақтап қалуды үгіттегені үшін кеңестік жендеттердің қолдарынан өкінішке орай, 1937 жылы нақақтан жала жабылып мерт болды. Бірақ, кеш болса да 1958 жылы толығымен ақталды. Халқына қалтқысыз қызмет етіп, соңына өшпейтін мол мұра қалдырған алаштың адал перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері Н.Төреқұлов жұлдызы жыл өткен сайын нұрланып, жарқырай бермек. Оның өнегелі мұрасы тек қазақ дипломатиясына ғана емес, келешек сабырлы да салиқалы саясатымызға үлкен жол ашары анық. Ұлт рухын ұлықтаған халқымыздың осындай тұғыры биік асыл, ұлы дала тұлғасын кейінгі ұрпақ жадында мәңгі сақтағаны абзал.

Омар ЖЕКСЕНБАЕВ,

Түркістан облысы «Ұлы Дала Елі Орталығына» қарасты

Нәзір Төреқұлов музей  филиалының меңгерушісі