Байларды ақтаймыз ба, ақтамаймыз ба

Байларды ақтаймыз ба, ақтамаймыз ба

ашық дереккөзі

Немесе саяси құғын – сүргін құрбандарынан осы уақытқа дейін ақталмай отырған байлар туралы 2020 жылғы 24 қарашадағы Ел Президентінің қаулысын жүзеге асыру бойынша «Саяси құғын - сүргін құрбан-дарын толық ақтау жөніндегі Шымкент қаласы бойынша жұмысшы тобы» құрылды. Жұмысшы тобы қолданыстағы заңнамада қамтылмаған құрбандар санаттары немесе заңнамада аталған, бірақ іс жүзінде ақталмаған құрбандар санаттары бар құғындалғандарды анықтау жұмысымен Ішкі істер Департаментінің архиві,Түркістан облысының қоғамдық - саяси тарих мем-лекеттік архиві және Түркістан облысы мемлекеттік архивінде (ары қарай-ТОМА) осы жылдың наурыз айынан бері жұмыс жасауда. Мен ТОМА дағы 1930-1933 жылдар аралығындағы «Шымкент қалалық прокуратурасының құжаттары» деп аталған №620 Қорды және «Cайрам аудандық прокура-турасының өндірістік бақылаудағы істер» деп аталатын №168 Қорды, «Сайрам ауданы халық сотының материалдары» атты №505 Қорды қарастырудамын. Қала аумағындағы ауылдарда колхоздар құрылысының қалай жүзеге асқаны туралы архив материалдарымен таныса отырып қазақ байларын тәркілеу және олардың көздерін құрту саясаты сол кездегі тоталитарлық жүйенің басты мақсаты болғанына көз жеткізіп отырмыз. «Контрреволюциялық элемент» саналған байларды, діндарларды құртпай-ынша социалистік жаңа қоғам құру қиын деген теріс көзқарастағы принциппен таптық күресті қатаң іске асырып баққан. Оған 1929 жылдың 13 тамызында БК(б)П ОК нің барлық окружкомдары мен ауданкомитеттеріне «Колхоздарды кулактар мен байлардан тазарту туралы» хаты дәлел бола алады. Күштеп ұжымдастыруға душар болған шаруа қожалықтары және шаруалар саны туралы Шымкент қаласының Янгишахар, Калинин, Қызылжар, Сталин, Киров, Орджоникидзе, Қосдиірмен, Ворошилов, Тассай, Красный Октябрь колхоздары мен Сайрам ауданының Қарабұлақ, Қарамұрт, Базар Қопа, Ярға-лиқ, Манкент атты жалпы 16 колхозды атап көрсетуге болады. Осы ауылдарда ұжымдастыруға қарсы шыққаны үшін әкімшілік және қылмыстық тәртіппен жазаланғандардың аты-жөндері белгілі болып отыр. Ақталғандардың кешірімге ілінгендердің де саны анықталып жатыр. Шымкент аудандық халықтық соттары 5 участоктан тұрған және оған Ақсу селосындағы Сайрам аудандық халық сотын қоса 6 участокті көрсетуге болады. Осы соттардағы РСФСР дің 1926 жылғы Қылмыстық Кодексінің ақталуға ұсынылған тек 58, 59, 61,62,63,69,73,79,82,95,97,105,107,108, 110, 111 баптары бойынша қазірге бірнеше жүз іс табылып отыр. 1926-1939 жылдар-дағы ісқағаздар төте жазу (арапша) мен латын қарпінде жазылған. Олар негізінен түсініктемелер, хаттама жауаптары, куәлердің түсініктеме хаттары т.б. Ал орыс ұлтының ОГПУ дің тергеушілері мен соттары тергеу хаттама-ларын орысша толтырған. Соған қарағанда «бай» табынан шыққан жауапкерлер орысша жазу, оқуды білмеген. Олардың басым бөлігіне «сауаты жоқ» деп көрсетілген. 2017 жылы Шымкент қаласында жарық көрген "Сырдария округіндегі тәркілеу науқанына қатысты құжаттар жинағына" енбей қалған Cайрам ауданына және Шымкент қаласына қатысты сот материалдары жаңа деректер екендігін айта кету ләзім. Оларды ғылыми айналымға шығарудың уақыты келді деп есептейміз. Қала аумағына кірген Сайрам ауданынан бай - кулактардың кәмпескеге ілінгендерінің тізімдерін №168 қордағы істерден таптық. Оларға қолданылған жазаны облыстық сотының материалдары деп аталатын №217 Қордан іздестіріп жатырмыз. Сол бай - кулактардың көпшілігі жазадан құтылу үшін белгісіз жаққа қашқаны туралы прокуратура құжаттарында мәліметтер баршылық. Жалпы, әзірге 64 бай-кулак, ишандар, саудагерлер белгілі. Олардан сыртқа қашқанының 41 нің аты-жөндері де белгілі. Оларды отбасымен ауып көшіп кеткен деп топшылап отырмыз. Алдымен мысал ретінде ірі колхоз саналған Қарабұлақ ауылындағы күштеп колхоздастыру науқаны туралы кей істерді көрсете кетейін. Сот, тергеу құжаттарын оқи отырып колхоздардың алғашқы жылдары дұрыс жұмыс істемегенін көруге болады. Азық-түлік түріндегі салық ет, астық түрінде алынды. Олар мәжбүрлеп жүргізілген. Әсіресе, бұл ауқатты байларға қатты зардап боп тиген. Осыдан Қарабулақ колхозында азық-түлік тапшылығы орын алған. Ақыр соңында аштыққа ұрынған, ол ашаршылықтың жайылуына әкелген. Колхоз құрылысына қарсылықты тек бай, орташа бай, діндар адамдардың әрекетінен көруге болады. Қызығы сол олар өздерін кінәлімін деп санамаған. 58-7,10- баптары бойынша «колхозға қарсы үгіт насихат жұмысын жүргізді» және жеке малдарын базарға сатып пұлдады колхозға өткізбеді деген «контреволюциялық айыптаулар» тағылған. Олардың кейбіреулерінің аты - жөндерін көрсетіп және әрекеттері туралы айта кетейік. Айталық, 1930 жылы 48 жастағы Тошметов Ниязмет Қарабұлақ ауылының белгілі байы саналған. Ол 61-3 және 79 -1 тармағы, яғни екі баппен сотталған (ТОМА-505 қор, 1-тізбе, 1 бума, 13-іс.1931 қаңтар-ақпан). 61-3 бап- «мемлекеттік маңызы бар жұмыстарды орындауда бас тарту...», ал 79-1 бап «мемлекеттік кәсіпорын-дарға тиіселі мүліктерді өрескел түрде жою» болып табылады. Ол бұрын мал саудасымен айналысқан алыпсатар болыпты. Бірнеше гектар бау-бақша өсірген, егіншілікті те кәсіп еткен. Ол кедей-батрактар еңбегін пайдаланған «эксплуататор» деп танылған. 1929 жылы мал-мүлкі кәмпескеленген. Осы жылы құрылған «Қайтмас» колхозына мүше де болып кірген. Бірақ ол колхозда мақта егуге қарсылық танытқан. Мақта тұқымын егу тапсырмасын орындамаған. Астық салығын да орындамай 1929 жылы көрші Өзбекстанға қашып кеткен. 1930 жылы ол жақтан қайта оралған соң ұсталып Сайрам аудандық сотында жоғарыда аталған екі баппен сотталып түрмеге тоғытылған. 1930 жылы 27 желтоқсанда ОГПУ тергеушісі Мустакимов Қарабұлақ ауылының бұрын кәмпескеленген мына байларының қылмыстық істеріне тергеу жұмыстарын аяқтап, істерін сотқа өткізген екен:

  1. Умаров Усмантай - 38 жаста. Тегі өсімқор саудагер. Екі сиыры, бір жылқысы қалған. Астық, ет салығын орындамаған.
  2. Тойметов Нияз әлі - 60 жаста. Тегі бай. Астық, ет салығын орындамаған.
  3. Темиров Тайхана - 48 жаста. Бай. Бұрын кәмпескеленген. Бір өгіз, екі сиыр, екі жылқысы қалған. Астық, ет салығын орындамаған.
  4. Исраилов Сағидулла - 34 жаста. Тегі бай. Екі жылқы, екі сиыры қалған. Астық салығын орындамаған.
  5. Артықбаев Мутали – 53 жаста. Тегі бай. Бір сиыр, бір есегі қалған. Астық салығын орындамаған.
  6. Қасымходжаев Абдураим – 55 жаста. Тегі бай. 1929 жылы кәмпескеленген. Бір сиыры мен бір жылқысы қалған. Астық, тұқым себу жоспарын орындамаған.
  7. Умаров Садық – 49 жаста. Ауқатты шаруа. Тұқым себу мен астық жоспарын орындамаған.
  8. Абдуллаев Сағидулла – 72 жаста. Имам. Ауқатты орта шаруа. Бұрында 61 баппен істі болған. Тағы да осы бапқа және «контрреволюциялық» 58 бапқа ілінген.
  9. Умаров Қошқар – 53 жаста. Тегі бай. Мүлкі кәмпескеленген. Астық салығын орындамаған.
  10. Умаров Абдусамат -38 жаста. Тегі саудагер. Астық салығын орындамағаны үшін кәмпескеленген.
  11. Ташметов Сағамбек - 47 жаста. Мал саудагері. Ет салығын орындамаған.
Кеңес өкіметі алдымен бұл байларға колхоз жүйесімен егін егіп, оған қарайлап, жиым теріп жасап, салық түрінде есеп беруін міндеттеген болатын. Бірақ олар бұлай істегісі келмей колхоз жүйесіне қарсы ауылында «бұл кеңестер билігі ұзаққа бармайды, колхоз дұрыс емес, өзіміздің сақтаған тұқымымызбен себеміз, оның өнімін өзіміз белгілейміз..» деген секілді үгіт- насихат сөздер айтып, қарсы әрекет еткен. Тергеуші Мустакимов жоғарыда аталған байларға қатысты 58-10 және 61-2 баптармен қылмыстық істер қозғайды. 1931 жылы 3 қаңтарда аудан прокурорының шешімімен «домзакқа – түрмеге» сотқа дейінгі тергеу жұмысы үшін жабылады. Сот баршаға үлгі болу үшін ашық жүргізіледі. «ДомЗак» қа жабылғандар:
  1. Шажалиев Ергеш
  2. Умаров Усмантай
  3. Тойметов Нияз али
  4. Тимиров Тайхана
  5. Исроилов Сағидулла
  6. Артыкбаев Мутали
  7. Қасымходжиев Абдураим
  8. Ташметов Ниязмет
  9. Умаров Садық
  10. Умаров Қошқар
  11. Умаров Абдусамат
  12. Ташметов Сағамбек
  13. Абдуллаев Лутфулла
  14. Абдуллаев Сағидулла
  15. Абдураимов Абдуали
Осы адамдарға қатысты тергеу істерінде колхозды мәжбүрлеп құрудағы асығыстық, аштық туралы бір ауыз мәлімдеме не факті кездеспейді. Тек айыпталушылардан алынған төте жазу (арапша) өзбекше мәтінде жазылған түсініктемелерде ғана «бала шағам, туыстарым аш отыр, қазаным қайнамай қалды, егуге бар дәнді колхозға өткізгем, соның біразын сұрауға бардым.. т.б» мазмұндағы жауаптарды оқуға болады. Оны тергеуші сұрақ хаттамасына себептерін басқаша жазып қоспауына амалы болмаған, өйткені, «ұрладым», «тонадым», «кеңес өкіметінің қолхоз құрылысына қарсымын» т.б деп соңынан жаздырып, қол қойдырып алған. Құжаттарды оқып отырсаңыз олардың басты кінәсі тегі бай, колхоз құрылысына қарсы болғандығын байқауға болады. Олар «қанаушы-экспулотаторлар» деп танылды. Бірнеше жылды арқалап лагерге жөнелтіліп жабылып, қара жұмысқа жегіліп кете берді. Бұларды ақтаймыз ба, ақтамаймыз ба... Мемлекет басшысы бағыт берген Ұлтық жад институтын құру аса маңызды. Оған тоталитарлық режимнен жәбір көргендерді толық енгізу және оларды саяси ақтау уақыт талабы.      

Бахадыр Айтай,

ОҚМПУ дің аға оқытушысы, т.ғ.к.Саяси құғын- сүргін құрбандарын

толық ақтау жөніндегі Шымкент қаласы бойынша жұмыс тобының мүшесі.

Фото: e-history.kz

Жүктелуде...