Тоқаев Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 26-отырысына қатысады. Сондай-ақ жоғары деңгейдегі «ШЫҰ+» форматындағы кездесуге қатысу жоспарланған.
Саммит барысында ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары халықаралық және өңірлік мәселелерді талқылайды. Қазақстан Президентінің сапары аясында көпжақты форматтағы кездесулер де өтеді.
Мемлекет басшысының Қырғызстанға сапарының тағы бір маңызды бөлігі — VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми ашылу салтанатына қатысу. Биылғы ойындардың ашылу рәсімі 31 тамызда Бішкек қаласындағы «Бишкек Аренада» өтеді.
Айта кетейік, Қырғызстан биыл ШЫҰ саммитін және Көшпенділер ойындарын қатар өткізіп отыр. Осыған байланысты Бішкекте халықаралық делегациялар мен қонақтарды қабылдауға арналған арнайы дайындық жүргізілген.