Қоқыс өңдеу саласында инфрақұрылым толық қалыптаспаған – депутат

Қоқыс өңдеу саласында инфрақұрылым толық қалыптаспаған – депутат

ашық дереккөзі

Мәжіліс депутаты Елдос Абақанов қоқыс өңдеудегі өзекті проблемаларға тоқталып, «жасыл экономиканың» бір бөлігі болып саналатын саланы дамыту мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды newsroom.kz тілшісі. Мамандардың айтуынша, Қазақстанда 3500 қоқыс полигоны, 8000 заңсыз қоқыс алаңы бар. Сондықтан бүгінде қоқыс қалдықтарын тиімді басқару өзекті мәселенің бірі болып саналады. «Елімізде 100 млн-нан аса қоқыс, ал жыл сайын 3 млн-ға жуық қоқыс қалдығы жиналады. Экологиягеология және табиғи ресурстар министрлігі берген соңғы мәліметке сәйкес, Қазақстанда пайда болған барлық қалдықтың шамамен 18%-ы қайта өңделеді. Былтыр жаңа Экология кодексі қабылданғанда қоқыстарға қатысты бірнеше өзгерістер енгізілді. Оның ішінде қоқыстарды басқару жүйесі де бар. Бұрын қоқыстарға тек қалдық ретінде қарасақ, енді өңдеуге болатын қалдықтар (пластик, шыны, қағаз және тағы басқа) шикізат ретінде бағаланатын болды. Тіпті, оларды өңдеуге қатысты тиісті талаптар бекітілді», - деді депутат. Статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде жыл сайын 5 млн тонна қоқыс шығарылады. Алайда оны қайта өңдеуі деңгейі 18%-дан аспай отыр. Салдарынан заңсыз қоқыс алаңдары пайда болады. Мысалы, қазіргі таңда жыл сайын шығарылатын қоқыс Қосшы қаласының (Ақмола облысы) ауданына тең. Бүгінде Қазақстандағы қоқыс полигоны 32 000 гектар жерді алып жатыр. Оның ауданы төрт Ақтау қаласы (Маңғыстау облысы), екі Тараз қаласының (Жамбыл облысы) ауданы болады. Елдос Абақановтың пікірінше, бұл саладағы тиісті инфрақұрылымның қалыптаспауынан болып отыр. «Қазіргі таңда Қазақстанда қоқысты өңдеу саласында инфрақұрылым әлі толық қалыптаспаған. Мысалы, қоқыс қалдықтарын жинағанда тек қаланың ішіндегі қалдықтар жиналады. Кейін олар қоқыс полигондарына жеткізіледі. Кейбір полигондарда қоқыстарды қайта өңдеуге мүмкіндік беретін конвейерлер бар. Алайда еліміздегі көптеген полигонда мұндай конвейер жоқ. Мысалы, Қазақстандағы облыс орталықтарында бұл мәселені шешуге болады. Алайда шағын қалалар мен ауылдарда бұл проблема өзекті болып тұр. Әрине, мәселені шешу үшін алдымен тиісті инфрақұрылымды қалыптастыру керек», - деді ол. Оның пікірінше, қоқыс қалдықтарын өңдейтін компанияларға мемлекеттен субсидия беру, оларды жұмыс істеуге ынталандыру механизмін қалыптастыру да бұл мәселені шешуге тың серпін береді. Сонымен қатар депутат елімізде қоқыс қалдықтары өңделіп, олардан жаңа өнім түрлері алынып жатқанын атап өтті. «Қазақстанда қоқыс өңдейтін 100-150-ден аса компания жұмыс істейді. Олар пластик, шыны, қағаз және тағы басқа қоқыстарды өңдейді. Осылайша, жаңа өнім түрлері алынады. Мысалы, құрылыс материалдары, пластиктен арнайы гранула шығарылады. Олардан тұрмыста қолданылатын өнімдер шығарылады», - деді Елдос Абаканов. Экологиягеология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, Қазақстан қоқыс полигонының саны мен оған тасталатын қалдықтың көлемін азайтуды жоспарланып отыр. Ол үшін 6 қалада: Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Өскемен, Қарағанды, Шымкентте қоқыс жағатын зауыттар салынады. Бұл зауыттар 2025 жылдың соңына дейін іске қосылуы керек. 6 зауытқа шамамен 180 млрд теңге инвестиция тартылуы қажет. Осылайша, министрлік 2025 жылға дейін қоқысты сұрыптап өңдеуді 30%-ға, өртеуге жіберетін қоқысты 20%-ға жеткізуді жоспарлап отыр, ал қалдықтардың қалған 50%-ы қоқыс полигонын сақталады. Осыған байланысты депутат қоқыс полигондарына қойылатын талапты күшейтіп, оларды санаттарға бөлу керек деген пікірде. «Олардың басым бөлігі санитарлық талаптарға сай емес. Алдағы жылдары кейбір әкімдік тарапынан жаңа полигондарды салу жоспары бар. Жалпы саладағы жағдайға оң баға беруге болмайды. Әрине, бұл мәселені шешу үшін қоқыс полигондарын заңдастыру керек. Өйткені полигондардың 80%-ы санитарлық нормаларға сай келмейді. Сондықтан оларды қалпына келтіруге басымдық берілуі қажет. Жергілікті атқарушы органдар және экологиягеология және табиғи ресурстар министрлігі бірлесіп, жұмыс істеуі шарт. Себебі, қазіргі таңда біз тек заңсыз полигондар және олардың пайда болу жолымен күресіп отырмыз», - деді ол.  Елдос Абақановтың айтуынша, қоқыс полигондарын заңдастырғанда алдымен инвентаризация жүргізілуі шарт. «Соның негізінде полигондарды санаттарға бөлген жөн. Кейбір полигондардың морфологиясына қатысты күрделі технологиялар орнатып, оның ішіне газды шығару, фильтраттармен күресу технологиясы енгізу керек. Шағын полигондарда яғни қарапайым тілмен айтсақ, ауыл шетіндегі қоқыс үйінділері сақталған орындарда арнайы қоршау қою керек. Кейін жиналған қалдықтарды алдын ала сұрыптау мәселесін шешу шарт. Өйткені, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында, ірі қалаларда қоқыс қалдықтарын қайта сұрыптау мәселесі ескерілген», - деді депутат.  Ол 2030 жылы Қазақстанда қоқыс қалдықтарын өңдеу деңгейін 30%-ға дейін жеткізу жоспары барын атап өтті. «Бірақ қазіргі жағдайға баға берсек, ол деңгейге жету қиын. Жүйелі жұмыстар жүргізілуі керек. Себебі, тек айыппұлмен және салдармен күресу арқылы қоқыс қалдықтарының көлемін азайтып, оларды тиімді пайдалану қиын болады. Менің ойымша, сондықтан саладағы проблемаларды жүйелі және бекітілген индикаторларға жету үшін мемлекеттік органдар тарапынан жүйелі жұмыс жүргізілуі шарт. Бұл жұмысты бақылауға алып, қалдықты шығаратын және жинайтын компанияларға талапты күшейтіп, қалдықты қайта өңдейтін компаниялардың жұмысына ынталандыру механизмін енгізуді ескеру керек», - деді Елдос Абаканов. Экологиягеология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегінше, 2025 жылға дейін салынатын қоқыс жағатын зауыттарда автоматты басқару жүйесі болады. Бұл жергілікті әкімдіктер мен қазақстандықтарға қоршаған ортаға қандай қалдықтар шығып жатқанын бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ барлық зауытта қоқыс екі әдіспен сұрыпталады: 1. Пластик, шыны, қағаз, металл, картон; 2. Қауіпті, өртеуге келмейтін қалдықтар: радиоактивті заттектер, пестицидтер, химикаттар яғни қоршаған ортаға қауіп төндіретін заттар. Айта кетейік, 2021 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 10 ұлттық жоба бекітілді. Оның ішінде «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы да бар. Ол 2025 жылға дейін жүзеге асырылуы керек. Мақсат – елімізде қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру, экологияны жақсарту, қоқыс қалдықтарын өңдеу көлемін арттыру, инфрақұрылымды қалыптастыру, су сапасын жақсарту, суды үнемдеу.

Жүктелуде...