Тоқаевтың кіші қажылығы жайлы жеті түйін!

Тоқаевтың кіші қажылығы жайлы жеті түйін!

ашық дереккөзі

Біріншіден: Мемлекет басшысы қасиетті Меккеге барып кіші қажылығын өтеу арқылы өзінің шын мұсылман екендігін көрсетті. Жария қылмай-ақ өтей берсе болушы еді, бірақ жария жасағанды жөн көрді. Құдай Хақ, Пайғамбар оның елшісі екендігіне куәлік беретін момын екендігін бүкіл әлемге паш етті. Ол үшін ешкімнен ұялмайтындығын әрі ешкімнен қорықпайтындығын көрсетті. Екіншіден: Умра сапарын жария атқару арқылы еліміздің әр азаматына өз дінін мемлекеттік қызметтің кез-келген сатысында ашық әрі еркін ұстана беруге болатындығын айқындады. Үшіншіден: Біз зайырлы мемлекетпіз деу арқылы, зайырлылық дегенді дін ұстанбау керек деп түсінетін немесе өзің үшін ұстайсың, оны қоғамға көрсетпе дейтін қасаң түсініктегі типа демократтарға қатаң жауап берді. Демек зайырлы елде әркім өз діні мен сенімін  ашық көрсете берсе болатындығын айтты. Төртіншіден: Дінді ұстану надандық деп ойлайтын, қажылыққа барғанша  білім алмайсыңдар ма?- дейтін, онысымен қоймай кісінің сенімін құрметтемейтін, қылған құлшылығына прикол ұстап мансұқтағысы келетін, өте агрессиялы Құдайсыз (атеист) қазақтар пайда болды. Сол шоғырға дінді ұстану надандық емес - адамдық екенін, мұсылман болу қорлық емес - мәртебе екенін түсіндірді. Бесіншіден: Біз қанша батысқа жалтақтап солардай болғымыз келгенімен, қанша зайырлымыз дегенімізбен, олар бізді мұсылман халқы деп есептейтіндігін, ешқашан өздеріндей қабылдамайтындығын меңзеді. Сол үшін өз дәстүріміз бен дінімізден безінбей, қайта барынша бекем ұстана беру керектігін ескертті. Алтыншыдан: Ислам мен ғылымды бір-біріне қарсы қойғысы келетін, мұсылмандарды білімсіз санайтын, өздерін дүнияның бар білімін игеріп қойғандай сезінетін шалажансар пенделерге қажылық жасау арқылы Ислам діні білімділікке шектеу қоймайтынын, керісінше шынайы білімге үндейтін асыл дін екенін әдемі ғана жеткізді. Өйткені сол білімпаздардың көпшілігі Кемелұлының қасында жіп есе алмайтындығын көзі қарақты жұрт жақсы білсе керек. Жетіншіден: Жетіншіден сол, тағы да қасиетті Мекенге деген махаббатымды түртіп оятып кетті. Нәсіп болса жылдың соңына дейін тағы бір умра қажылығын жасап қайтсам ба деп ниет етіп отырмын. Алла баршаларыңызға қажылыққа баруды нәсіп етсін!  

Біржан БАЙТУОВ,

Айтыс ақыны

Жүктелуде...