Жаңалықтар

Қазақстанда өлім жазасы енгізіле ме?

Елімізде адам өлтіріп, бала зорлаған қылмыскерлер өлім жазасына кесілуі мүмкін бе? Бүгін мәжілісмендер жауапкершілігі тым жоғары, айтуға ауыз бармайтын қылмыстарды анықтайтын заң жобасына түзетулер енгізді. Ең ауыр жазаға тартылатындардың тізімі де белгілі болды. Бас прокурор орынбасарының мәлімдемесі депутаттар арасында дискуссия тудырып, халық қалаулыларының ойы қақ жарылды. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды деп жазады newsroom.kz порталы. НҰРАЙ ҚҰРАҚПАЙ, ТІЛШІ: «Кеш жарық, Ғалым. Иә, апта сайын сәрсенбінің сәтті күнінде өтетін Мәжілістің жалпы отырысында бүгін көп уақыттан бері қаралмаған заң жобасы талқыланды.  Төменгі палатаның мінберіне Бас покурордың орынбасары шығып, "өлім жазасына кесілетін қылмыс" түрлерінің тізімін қысқартуды ұсынды. Атап айтсақ, басқыншылық соғысты жүргізу, жаппай қырып-жою қаруын қолдану, әскери тұтқындар мен бейбіт тұрғындарды өлтіру арқылы соғыс заңдары мен дәстүрін бұзу және соғыс уақытында жасалған геноцид бабымен сотталғандар өлім жазасына кесілуі тиіс деген пікірде. ӘСЕТ ШЫНДАЛИЕВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Бұл баптар аталған қылмыс түрінің барлығын ескеріп, соғыс уақытында саны көп адамдарды өлтіргені үшін  жауапқа тартуды көздейді. Осындай адамгершілікке қарсы әрекеттер белгіленген халықаралық актілер бізге өлім жазасын қолдануға  бағыт болып саналады». Дегенмен, тиісті өзгерістерді халық қалаулары бірден қолдай кетпеді. Депутаттардың көбі террорлық әрекеттерге барғандарға қатысты өлім жазасын алып тастау мәселесін қызу талқыға салды. «Бұл ел қауіпсіздігіне қауіп келтірмей ме» деп алаңдаушылық білдіргендер де табылды. Алайда Әсет Шындалиев елде экстремизм мен терроризмге қарсы кешенді күрес жүргізіліп жатқанын айтып, бұл қылмыстарға «өмір бойы бас бостандығынан айыру» түріндегі аса ауыр жаза түрі қолданылатынын атап өтті. НҰРАЙ ҚҰРАҚПАЙ, ТІЛШІ: «Мәжілісмендердің көтерген ендігі мәселесі  елдегі ажырасу көрсеткіштерінің азаймауы. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, күніне 300-ден астам жұп отау құрса,   тағы 150 отбасының шаңырағы шайқалады екен. ДАРХАН МЫҢБАЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «ҚР Президенті жолдауында зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерін шегінен асатын бөлін тұрғын-үй сатып алу мақсатында ОТбасы банкіне аударуға рұқсат беру қажет деп көрсетті. Көпбалалы отбасылар үшін де банк тарапынан қолдау механизімін жетілдіру». НҰРАЙ ҚҰРАҚПАЙ, ТІЛШІ: «Дегенмен, аталған механизмдер қашан қолға алынатыны белгісіз. Бірақ жағымсыз статистиканы жоюдың келесідей қадамдары да қаралды. Депутаттар мектептерде отбасы құндылықтарын дәріптейтін арнайы сағаттар ашу керектігін айтып, ажырасу процесін  жарты жылға дейін ұзартуды ұсынып отыр.