Баян Алагөзова жарнамалаған: Astex.kz директоры Алмас Құрманғалиев ұсталды

Баян Алагөзова жарнамалаған: Astex.kz директоры Алмас Құрманғалиев ұсталды

ашық дереккөзі

 width= Көп асқанға-бір тосқан. Алматыда жұрттың миллиардтан астам теңгесін қалтасына басып ұшты күйлі жоғалған қаржы пирамидасын ұйымдастырушы ұсталды. Полиция департаменті Astex.kz ЖШС-нің директоры Алмас Құрманғалиевтің ұсталғанын хабарлады.

 Алматы полиция департаменті 1982 жылғы азаматқа ҚК 217-бабы, 3-бөлігі, 2-тармағы – қаржы пирамидасын құру және жетекшілік еткені үшін айып тағылып отыр.Сотқа дейінгі тергеуде 2019 жылдың ақпанынан бастап 2021 жылдың қаңтарына дейінгі аралықта аталған ЖШС лауазымды тұлғалары жеке және заңды тұлғалармен мемлекеттік сатып алуға қатысуға талап етілген қаражатты тарту мақсатында бірлескен қызмет туралы келісімшарттар жасағаны анықталды. Екі жақты құжатқа сәйкес, фирмалар әр салымшыға ай сайын енгізілген соманың 20 пайызын төлеуі керек болатын.
160 салымшы 2 млрд теңгеге жуық ақшасын Astex.kz-ке аударып тақырға отырған. Ортада делдал «Мудараба капитал» мекемесі болды. Олар да өзін жәбірленуші ретінде жариялап, алданғандармен бірге полицияға арыз жазды. Ағайынды Алмас пен Шыңғыс Құрманғалиевтер басқаратын компанияны танымал продюсер Баян Алагөзова жарнамалаған еді. Ағасының басына қара бұлт үйірілгенде туған інісі Шыңғыс о баста: «қатысым жоқ, аразбын, араласпаймын» деп ат-тонын ала қашқан. Одан кейін «ағамның қарызын өтеп беруге дайынмын» деп айтқанынан айныды. Әзірге бұл істе нақты қанша адамның тергеліп жатқаны жөнінде құзырлы орган қосымша ақпарат бермеді. Осылайша салымшылар «ақшамыз қайда» деп шу шығарғанда ұшты-күйлі жоғалған қаржы пирамидасын ұйымдастырған Astex.kz компаниясының директоры Алмас Құрманғалиев көп өтпей ұсталды. Ендігі мәселе салымшылардың қаржысы қалай қайтарылатынында. Ол жағы да әзірге белгісіз.

Жүктелуде...