Батасы – бақ қондырар қариялар

Батасы – бақ қондырар қариялар

ашық дереккөзі

 width= Бүгін «Халықаралық қарттар күні» мерекесіне орай, сайрамдық ардагер ақсақалдарды, ақ жаулықты әжелерді құттықтау үшін Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Серікжан Сейітжанов ауданға арнайы ат басын бұрды. Алқалы басқосуда құттықтау сөзін алған аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков 1987 жылы «Ардагерлер үйі» балансына өткелі жөндеу көрмеген ғимараттың жайына тоқталды. – Әрбір игі істі қазыналы қарияларымыздың батасымен бастайтын үрдісіміз емес пе, осы ауданға қызметке келгенімде Сайрам ауданының ақсақалдары, «Құрметті азаматтары» ардақты әжелер осы «Ардагерлер үйін» жөндеуден өткізіп беруді өтінген болатын. Оны бюджетке қойсақ, кешігетін түрі бар. Содан Сайрам ауданынан Түркістан облыстық мәслихатына сайланған депутат Серікжан Сейітжанұлына хабарласуға тура келді. Ардагерлер атынан жасаған ұсынысымызды құп көріп, 9 миллион теңге көлемінде қаржы бөліп, демеушілік танытқан Серікжан Сейітжанұлына зор алғыс білдіреміз. Бүгінгі мерейлі мереке баршаңызға құтты болсын! – деді аудан басшысы. Өз кезегінде құттықтау сөзін алған Серікжан Сейтжанов та ақжарма тілегін аямай, қашанғы жомарттығына салып, Түркістан қаласында жаңа жобаларды қолға алғанын және сол жақсыны көруге шақыратынын айтып, ардагерлерді тағы қуантты. Ақылдың кені - қариялар салмақты ойын ортаға салып, бүгінгі басқосуға жиналғандарға ақ батасын берді. Ардагер ақсақалдар да қарап қалмай, қазақы салтпен алыстан ат терлетіп келген Серікжан Сейтжанұлына зор құрмет танытып, мерекелік көңіл-күймен шапан жауып шығарып салды. Жиын соңында қадірлі қариялар жан сергітер әсем ән тыңдап,   дастарханнан дәм татты. Айта кетейік, «Ардагерлер үйі» ғимаратының жалпы аумағы 217 шаршы метр. 5 бөлмесі бар және су, жылу жүйесімен толық жабдықталған. Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Жүктелуде...