Тізілімде әр үйдің мекенжайы, қабат саны, пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың саны, техникалық жағдайы, лифттері, есептеу құралдары және инженерлік желілерге қосылуы туралы ақпарат жинақталады.
Түгендеу «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңды іске асыру және энергетикалық әрі коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында жүргізіледі.
Жобаға көппәтерлі үй санатына жататын барлық ғимараттар қамтылады. Оның ішінде екі немесе төрт пәтерлі үйлер, ауылдық жерлердегі нысандар, басқару формасы әлі анықталмаған және кондоминиум нысаны тіркелмеген үйлер де бар.
Әр ғимарат тізілімде мекенжайдың тіркеу коды (РКА) арқылы белгіленеді. Осы код арқылы үйдің техникалық сипаттамалары, басқару формасы, лифттердің жағдайы, коммуналдық желілерге қосылуы және есептеу құралдары туралы мәліметтер біріктіріледі.
Бұл ретте үй иелерінің жеке деректері жиналмайды. Атап айтқанда, тегі, ЖСН, құқық белгілейтін құжаттары және қарызы туралы ақпарат түгендеу жүйесіне енгізілмейді.
Жаңа тізілімнің көмегімен мемлекет қай үйлерге күрделі жөндеу немесе лифт ауыстыру қажет екенін нақты анықтай алады. Сондай-ақ өңірлердегі коммуналдық желілерді жаңғыртуға қажеттілікті нақты деректер негізінде есептеу мүмкін болады.
Бұдан бөлек, тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызметтер бойынша есептеулердің дұрыстығын бақылау және КСК, ОСИ мен басқарушы компаниялардың құжат жүргізу тәртібін жақсарту көзделіп отыр.
Мәліметтерді жинауды облыстардың әкімдіктері аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың тұрғын үй инспекциялары арқылы ұйымдастырады.