Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас ассамблеясының мерейтойлық сессиясы аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының 75 жылдығына арналған жоғары деңгейдегі іс-шарада бейне үндеу жасады, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап. БҰҰ-ның тарихи мерейтойлық сессиясы аясында мемлекет басшылары сөз сөйлейтін жоғары деңгейдегі кездесулер апталығы басталды. COVID-19 пандемиясы кезіндегі сөздер виртуалды форматта бұрын-соңды болмаған қауіпсіздік шараларымен ұйымдастырылды. Қазақстан президенті ағылшын тілінде екі бейне хабарлама жасады. Біріншісі БҰҰ-ның 75 жылдығына арналған.
"Адамзат жылнамасындағы ең жойқын Дүниежүзілік соғыстан кейін 1945 жылдың маусым айында мүлдем жаңа Ұйымның құрылуы – баршамыз үшін айтулы әрі тарихи оқиға. Даг Хаммаршельдтің Біріккен Ұлттар Ұйымы "бізді жұмаққа жеткізу үшін емес, тозақтан құтқару үшін құрылған" деген қанатты сөзі баршаға аян", - деп бастады сөзін Тоқаев.Ол бастапқыда БҰҰ ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесі ретінде құрылғанымен, іс жүзінде әлем елдерін ортақ мақсат пен мүддеге біріктіргенін атап өтті. Соның арқасында белсенді әрі ауқымды халықаралық ынтымақтастық дәуірі орнықты. "Әрине, бұл жол жеңіл болған жоқ. Өкінішке қарай, өткен 75 жыл ішінде әлемді қайғы-қасіреттен арылтуға бағытталған ортақ мақсаттарымыз бен құндылықтарымызды ілгерілету жолында көптеген мүмкіндікті қолдан жіберіп алдық", - деді президент. Дегенмен, БҰҰ-ның терең тарихы белсенді ұжымдық күш-жігердің арқасында кең ауқымды мәселелерді талқыға салу кезеңінен өтті. Атап айтқанда, отарсызданудан өсіп-өркендеуге, балаларды қорғаудан климаттың өзгеруіне, денсаулық сақтау ісінен адам құқығына, бейбітшілікті қолдаудан бітімгершілікке дейінгі тақырыптар қамтылды.
Қазақстанның БҰҰ жұмысына қатысуы
Соңғы отыз жылда Қазақстан БҰҰ-ның барлық басты органдарында, соның ішінде, Қауіпсіздік Кеңесінде жанжалдарды реттеу, ядролық қаруды таратпау және қарусыздану, терроризмге қарсы күрес, конфессияаралық және ұлтаралық диалог, теңізге шыға алмайтын дамушы елдердің мүддесін қорғау сияқты басымдықтарды дәріптеуге атсалысты."Ал енді бүгінгі заманның сипатына зер салсақ, көптеген жаңа сын-қатерлер, сондай-ақ қайта етек алған кейбір тәуекелдер бізді өткен кезеңге оралтуы мүмкін екенін байқаймыз. Қазіргі таңда мультилатерализм зор қатерге тап болды. Мұндай ахуал қырғи-қабақ соғыс аяқталғаннан бері туындамаған еді", - деді президент.