БҰҰ-ның Ядролық энергия жөніндегі халықаралық агенттігі Ирандағы уран байыту нысанына қатысты «алаңдаушылығы артып келе жатқанын» хабарлады. Агенттік бұл нысанға инспекторларын кіргізе алмаған.
Иран Исфахан қаласында уран байыту зауытын салу жоспары туралы өткен жылдың маусымында, Израильдің ядролық нысандарға шабуыл бастағанына бір күн қалғанда мәлімдеген. Кейін сол айда АҚШ та бұл соққыларға қосылған.
Агенттіктің құжатын көрген ақпарат агенттіктерінің мәліметіне қарағанда, IAEA нысанның нақты қай жерде орналасқанын да, онда ядролық материал бар-жоғын да білмейді.
Соғыс басталғалы бері Иран IAEA инспекторларының ядролық нысандарға қол жеткізуін шектеп отыр. Соның салдарынан агенттік елдің байытылған уран қорының мөлшерін тексере алмаған.
2015 жылғы ядролық келісім бойынша, Иран байытылған уран қорын 300 келіден асырмауға және байыту деңгейін 3,67 пайыздан жоғары көтермеуге келіскен еді. Алайда кейін бұл шектеулердің екеуінен де асты.
2025 жылғы маусымдағы соққыларға дейін Иранда шамамен 441 келі уран 60 пайызға дейін байытылған күйде жинақталғаны айтылған. Бұл деңгей ядролық қаруға қажет байыту деңгейіне жақын саналады.
Исфахандағы ядролық кешен АҚШ пен Израильдің шабуылдарынан қатты зардап шеккен. Әсіресе жер үсті бөліктері бүлінген, ал жерасты нысандарының ахуалы белгісіз күйінде қалып отыр.
Агенттік Иранның ядролық материалы туралы және оны тексеру үшін нысандарға қол жеткізу мүмкіндігі туралы ақпараттың жоқтығы ядролық таратпау тұрғысынан елеулі алаңдаушылық туғызатынын және бұл мәселе шұғыл түрде түзетілуге тиіс екенін айтты.
Иран Исфахан уран байыту зауытын салу жоспарын 2025 жылғы 12 маусымда, агенттік Иран ядролық қауіпсіздік жөніндегі міндеттемелерін орындамағанын айтқан қарардан кейін жариялаған. Алғашында Тегеран инспекторларға нысанды тексеруге рұқсат беруге келіскен, бірақ келесі күні Израиль шабуыл бастаған соң тексеру тоқтатылған.
IAEA-ның соңғы үндеуі агенттіктің Иранға осыған ұқсас шақыруды алғаш рет айтып отырған жоқ екенін көрсетеді. Бұған дейін ол тек шабуыл әсер етпеген 13 ядролық нысанның бір бөлігін ғана тексергенін, ал зардап шеккен жеті нысанның бірде-біріне кіре алмағанын хабарлаған.