Душанбеде орналасқан Freedom IT Hub алаңында Pizza Pitch стартап-презентациясы ұйымдастырылды. Іс-шара Central Asia AI & Startup Networking Tour халықаралық жобасы аясында өтіп, Орталық Азия елдерінің технологиялық кәсіпкерлері арасындағы байланысты нығайтуға және өңірлік стартап экожүйесін дамытуға бағытталды.

Презентация барысында Тәжікстанның 20 стартап командасы өз жобаларын таныстырды. Олардың жұмысын Қазақстан атынан келген халықаралық қазылар алқасы бағалады. Оның құрамында Әлия Оразымбетова, Наталья Абрамова және Олжас Беркинбаев болды.
Әр қатысушыға өз жобасын таныстыру үшін төрт минут берілді. Осы уақыт ішінде стартап негізін қалаушылар шешімінің ерекшелігін, қандай мәселені шешетінін және нарықтағы даму мүмкіндіктерін түсіндірді.
Жасанды интеллект пен 3D технологияларға басымдық берілді
Ұсынылған жобалар бірнеше технологиялық бағытты қамтыды. Соның ішінде жасанды интеллект саласындағы әзірлемелер ерекше көзге түсті. Zuhal AI, Zamona AI, Mahorat.ai, Gradium және Phonon командалары бизнес, медицина, білім беру және мультимедиа индустриясына арналған шешімдерін ұсынды.
Білім беру саласында Molariya жобасы назар аудартты. Бұл — молекулалардың 3D-модельдерін қолдануға және интерактивті тәжірибелер жүргізуге мүмкіндік беретін виртуалды химия зертханасы. Платформа мектеп оқушылары мен мұғалімдерге арналған.

Қаржы технологиялары мен бизнесті автоматтандыру бағытында Blast Pay, BinocozCRM және Yalla Lunch жобалары таныстырылды. Ал электрондық коммерция саласын WebMarket, CLOTH.TJ, ReBuket және Tour.tj стартаптары ұсынды.
Сонымен қатар QVYX 3D Studio жобасы да ерекшеленді. Команда 3D-басып шығару, 3D-сканерлеу және түрлі жабдықтарға, банкоматтар мен дрондарға арналған бөлшектерді өндірумен айналысады.
Бұдан бөлек, қатысушылар AVVAL BIYOR, Rezaru, Snpel, Payom, Juyo және Sabt.tj жобаларын да таныстырды.
Pizza Pitch жеңімпаздары анықталды
Барлық презентацияны бағалау және жобаларды талқылау қорытындысы бойынша қазылар алқасы үш үздік стартапты анықтады.
Бірінші орын Алишер Рахими негізін қалаған RENKr жобасына бұйырды. Екінші орынды Латифа Мухаммадиева ұсынған Zuhal AI иеленді. Ал үшінші орын Махмадхонзода Фахриддиннің Molariya жобасына берілді.
Көрермен көзайымы жүлдесін Джахонгир Норов жетекшілік ететін QVYX 3D Studio командасы жеңіп алды.
Команда үшін бұл марапат жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Атап айтқанда, жоба Pizza Pitch аясында акселератордан келісімшарт алып, нақты іскерлік серіктестікке қол жеткізді.
Орталық Азия стартаптары үшін жаңа мүмкіндіктер
Қазылар алқасының өкілдері қатысушылардың жобаларын жоғары бағалап, үздіктерді анықтау оңай болмағанын атап өтті. Pizza Pitch жас кәсіпкерлерге халықаралық сарапшылардан кері байланыс алуға, өз өнімдерінің даму бағытын талқылауға және Қазақстанның технологиялық қауымдастығымен байланыс орнатуға мүмкіндік берді.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай кездесулер Орталық Азияда ортақ стартап экожүйесін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Қазақстан мен Тәжікстан кәсіпкерлері арасындағы ынтымақтастық тәжірибе алмасуға, жаңа серіктестер табуға және технологиялық өнімдерді халықаралық нарыққа шығаруға жол ашады.
Душанбедегі Pizza Pitch Central Asia AI & Startup Networking Tour жобасының кезекті маңызды кезеңіне айналды. Аталған бастама өңірдегі кәсіпкерлерді, сарапшыларды, инвесторлар мен технологиялық қауымдастықтарды бір алаңға біріктіруді жалғастырып келеді.
Іс-шара Тәжікстандағы технологиялық кәсіпкерліктің түрлі бағытта дамып келе жатқанын көрсетті. Ендігі міндет — жас стартаптардың тың идеяларын халықаралық нарықта сұранысқа ие бәсекеге қабілетті өнімдерге айналдыру.