Каталония алаңы мен оған іргелес көшелерге шамамен 500 адам жиналған. Көп ұзамай беттерін жасырған бір топ адам дүкендердің әйнектерін сындырып, ішіндегі тауарларды алып шыққан. Сондай-ақ көшедегі контейнерлерді өртеп, полиция қызметкерлеріне тас лақтырған.
Жергілікті биліктің алдын ала дерегінше, 14 дүкен бүлінген немесе тоналған. Қалада 30-дан астам өрт ошағы тіркелген.
Митингке қатысушылар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жиналған. Шақыру хабарламаларында Франциядағы оқушы жастардың наразылық қозғалысымен байланысты Institut Indignats атауы қолданылған. Алайда жергілікті БАҚ мәліметінше, жиналғандардың нақты талаптары болмаған. Оқиғаны ұйымдастырушыларды полиция анықтап жатыр.
Қала орталығындағы бірқатар дүкен шұғыл жабылған. Атап айтқанда, El Corte Inglés әмбебап дүкені ішінде сатып алушылар бар кезде қорғаныш перделерін түсірген. Кейін адамдарды қосалқы есік арқылы сыртқа шығарған.