Жексенбіге қараған түні украин дрондары Санкт-Петербургке шабуыл жасап, соның салдарынан Петербург мұнай терминалы мен «Ручьи» мұнай базасында өрт шықты. Сондай-ақ «ВКонтакте» деректер орталығы мен Ozon компаниясының логистикалық орталығы да зардап шекті.
Қала губернаторы Александр Бегловтың айтуынша, шабуыл кезінде бір адам қаза тауып, бес адам жарақат алған. Олар ауруханаларға жеткізілді. Билік мәліметінше, 12 көпқабатты үй мен екі жеке үйге де зақым келген.
Санкт-Петербург қалалық көлік комитеті Батыс жоғары жылдамдықты диаметрінің орталық бөлімі БПЛА шабуылына байланысты уақытша жабылғанын хабарлады. Қозғалыс Екатерингофка өзенінің жағалауынан Шкиперский проток көшесіне дейін екі бағытта да тоқтатылды.
Жергілікті билік қала тұрғындарын жол жағдайын мұқият бақылап, мүмкіндігінше жеке көлікпен жүруді азайтуға шақырды. Телеграм-арналар куәгерлерге сілтеме жасап, түнгі шабуыл кезінде көпірге де соққы түсуі мүмкін екенін жазды, бірақ бұл ақпарат расталған жоқ.
Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденконың айтуынша, өңірде дрондардан бір тұрғын үй зардап шеккен. Бір әйел мен үш бала көміртек тотығымен улану белгілерімен ауруханаға түсті. Оның дерегінше, облыс аумағында 144 БПЛА атып түсірілген.
Дрозденко сондай-ақ Гатчинадағы көпқабатты үйге дрон сынықтары түскенін, ал Новоселье елді мекенінде 55 тұрақтағы көлік бүлінгенін айтты. Бұған қоса, Янино ауданында екі трансформаторлық қосалқы станция істен шығып, шамамен 20 мың адам жарықсыз қалған.
Ресей билігі Санкт-Петербургтегі шабуыл кезінде «ВКонтакте» деректер орталығы мен Ozon логистикалық орталығы нысанаға алынғанын растады. Ozon барлық қызметкердің эвакуацияланғанын, зардап шеккендер жоқ екенін және өрт шыққанын мәлімдеді.