ІІМ мәліметінше, емтиханнан бірінші рет өте алмаған үміткер оны келесі жұмыс күні қайта тапсыра алады. Екінші әрекет те сәтсіз болса, келесі емтиханға дейін кемінде 10 күнтізбелік күн күту қажет.Жаңа ережелер 2026 жылғы 9 қазаннан бастап күшіне енді.
Теориялық немесе практикалық емтиханнан үш рет өте алмаған жағдайда, кейінгі қайта тапсырулар ақылы болады. Қызмет құнын мемлекеттік корпорация белгілейді. Қайта тапсыру әрекеттерінің арасында кемінде 10 күндік үзіліс сақталуы керек.
Теориялық емтиханда ереже бұзғандарға да шектеу енгізілді. Егер үміткер телефон, шпаргалка немесе ақпарат алуға не беруге арналған өзге құрылғыларды пайдаланса, емтихан тоқтатылып, нәтижесі «өтпеді» деп есептеледі. Мұндай жағдайда теориялық емтиханды қайта тапсыруға 12 айдан кейін ғана рұқсат беріледі.
Сонымен қатар емтихан нәтижесіне шағымдануға болады. Ол үшін өтінішпен бірге фото немесе бейнематериалдар ұсыну қажет. Шағымды уәкілетті орган, мемлекеттік корпорация және автомектеп өкілдері қатысатын комиссия қарайды.
Шетелдік жүргізуші куәлігін қазақстандық куәлікке ауыстыру тәртібі де өзгерген. Енді үміткер теориялық емтихан тапсырып, шетелдік құжаттың түпнұсқалығын тиісті мемлекеттің құзыретті органы арқылы растауы керек.