Украинаның қалаларында Ресейдің күшейген соққылары аясында тұрғындар тағы бір ауыр қысқа дайындалып жатыр. Оларды енді тек зымыран мен дрон шабуылдары емес, сондай-ақ электр мен жылудың ұзақ уақытқа өшуі де алаңдатады.
Киевте тұратын екі баланың анасы Мария Шостак өткен қыстың өте қиын өткенін айтады. Ол пәтеріндегі заттарын жинап, қаладан кетуге әзірленіп жатыр. Оның сөзінше, созылған аяз бен энергетика нысандарына жасалған соққылардан кейінгі жарықтың жиі өшуі алдыңғы қысты ел үшін ең ауыр кезеңдердің біріне айналдырған.
Марияның айтуынша, тамыздың соңы мен қыркүйектің басында Киевке шабуылдар күшейгеннен кейін жағдай мүлде өзгерген. Бұрын дрондар мен зымырандар шеткері аумақтарда тойтарылса, кейін соққылар қаланың ортасына дейін жеткен. 9 қазанда Киев мэрі Виталий Кличко қаладағы туыстары бар тұрғындарды мүмкін болса уақытша кетуге шақырды.
Мария екі баласымен — төрт жастағы Артур және екі жастағы Кирамен — бірге қыс мезгілін Мысырдың Қызыл теңіз жағалауындағы Хургадaда өткізуді жоспарлап отыр. Оның айтуынша, ол жақ Еуропаға қарағанда арзанырақ әрі жылырақ. Мария Украинада өзін қауіпсіз сезінбейтінін айтады.
Киевтен кетуді ойлағандардың бірі — Ирина. Ол өткен қыста үш жасар қызы Полина үшін жағдай өте ауыр болғанын айтады: кейде үйде апталап жылу болмаған, ал пәтер ішіндегі температура 0 немесе 5 градусқа дейін түскен. Биыл олардың үйі екі рет зымыран соққысына ұшыраған: маусым айындағы бірінші жарылыс терезелерді сындырса, бір айдан кейінгі екінші соққыдан кейін отбасы уақытша баспанаға көшуге мәжбүр болған.
Иринаның айтуынша, соққылардан кейін баласының жағдайы нашарлап, мазасыздық белгілері күшейген. Қазір отбасы қоныс аудару мүмкіндігін қарастырып отыр. Ал өзге тұрғындар ел ішіндегі ауылдық жерлерді таңдауға тырысуда. Елена Конопля Киевтен екі сағаттық жерде орналасқан ауылдағы үйді таңдап, оны электр қуаты өшкен жағдайда пешпен жылытуға да мүмкіндік жасатқан.
Украина билігі де алдағы қысқа дайындық жасап жатыр: кейбір әлсіз топтағы тұрғындарды орманды аймақтардағы қайта жабдықталған санаторийлер мен оңалту орталықтарына орналастыру ұсынылып отыр. Сонымен бірге Киевтің энергетикалық жүйесін күшейту үшін соңғы 18 айда қала маңында шамамен 15 шағын электр станциясы салынған. Дегенмен жоспарлы сөндірулер туралы әңгімелер мен дүкендердегі кейбір өнімдердің үзік-үзік жеткізілуі тұрғындардың алаңын күшейтіп отыр.