Бас прокуратураның мәліметінше, күдіктілердің бірі 2019–2020 жылдары Астанада халықаралық орталық салуға арналған жер учаскесін алуға көмектесемін деп, жәбірленушінің 368 мың долларын иемденген.
Екіншісі 2021 жылы Алматыда адамдар тобымен бірге азаматқа шабуыл жасап, оның денсаулығына ауыр зиян келтіріп, 100 мың теңгеден астам мүлкін ашық түрде иемденді деген күдікке ілінген. Сонымен қатар оған бұзақылық бойынша да іздеу жарияланған.
Үшінші күдікті биыл жазда Астанада Қытай азаматының 24 200 долларын ұрлады деген күдікке ілінген.
Қылмыстан кейін үшеуі де шетелге жасырынған. Кейін олардың БАӘ аумағында жүргені анықталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға қайтарылды.
Қазір күдіктілердің барлығы тергеу изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру қайта басталды.