Алматы онкология орталығының онкохирургия бөлімшесінің меңгерушісі, PhD докторы Нұрлан Балтаевтың айтуынша, роботтандырылған жүйе операциялық алаңды үлкейтілген үш өлшемді кескін арқылы көруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ жүйе хирург қолының табиғи микродірілін азайтып, күрделі манипуляцияларды жоғары дәлдікпен орындауға жағдай жасайды.
Айта кетейік, асқазанға жасалған бұл ота — Алматы онкология орталығы мамандары орындаған 15-ші роботтандырылған операция. Бұған дейін мұндай технология тоқ ішек пен тік ішекке, қуықасты безіне, бүйрекке және жатыр денесінің ауруларын емдеуде қолданылған.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, орталықта жыл сайын 3 мыңнан астам операция жасалады. Оның 60 пайыздан астамы аз инвазивті әдіспен орындалады.