«Жылдың 10 оқырманы» жобасы биыл алғаш рет еліміздің барлық өңірін қамтып отыр. Кітап оқу марафоны 1 қыркүйекте басталып, 2027 жылдың наурызына дейін жалғасады.
Жобаға мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының білім алушылары, педагогтер, мемлекеттік қызметшілер, отбасы мүшелері және басқа да азаматтар қатыса алады. Саясаткерлер мен зиялы қауым өкілдері үшін «Parasat» арнайы бағыты қарастырылған.
Марафон аясында қатысушыларға отандық және әлем әдебиетінің 345 шығармасынан тұратын тізім ұсынылған. Әр адам өз санаты бойынша кемінде 15 кітап оқуы қажет.
Жоба 195 аудан мен 87 қаланы қамтиды. Өңірлік кезеңнен кейін 20 облыстан 200 қатысушы республикалық финалға өтеді. Финал барысында олардың кітап мазмұнын меңгеруі, шығармаларды талдауы және көпшілік алдында ойын жеткізу қабілеті бағаланады.
Нәтижесінде комиссия 10 үздік оқырманды анықтайды. Жеңімпаздарға «Жыл оқырманы» атағы беріліп, 10 млн теңгеден ақшалай сыйлық табысталады.
Марапаттау рәсімі 23 сәуір – Ұлттық кітап күні аясында өтетін Республикалық оқырмандар форумында ұйымдастырылады.